Өнер иесі бұл атақ шабытыңа шабыт қосып, үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
«Вайн түсіріп, шошаңдап жүргені үшін бе?»: Жұлдызай Дүйсенбиева атақ алғанын сынағандарға жауап берді
Фото: instagram/zhuldizay_duisenbieva
9,512
оқылды

Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева жақында «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын алды. Өнер иесі осыған орай өзіне айтылған сынды қалай қабылдағанын айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Актриса «Хабарlike» бағдарламасында 25 жылдық еңбегін елемеген оқырмандарына ренішін білдірді.

«Осы атақты алғанда көп адам құттықтап жазды. Жазылған пікірлерді ерінбей оқып шықтым. Арасында «Не үшін, құры вайн түсіріп, шошаңдап жүргені үшін бе?» дегендер де бар. Сонда олар менің 25 жылдық еңбегімді көрмеген кісілер болып тұр ғой. Шын мәнісінде, өнер адамдары атақ алса, «Бұларға не үшін береді?» деп сөйлейтіндер көп. Мысалы, мұғалімдер «біз бала оқытып жатырмыз» дейді, дәрігерлер де «біз адам емдеп жатырмыз» деп шығады. Біз де бұл мамандық бойынша білім алдық, өнерімізбен адамдарды рухани емдеп жүрміз. Сондықтан бұны да бір сала, мамандық ретінде қарап, лайықтыларын марапаттап тұру керек», - дейді актриса. 

Өнер иесі бұл атақ шабытыңа шабыт қосып, үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Десе де, халықтың ықыласының орны қашанда бөлек екенін жеткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.