Әміржан Топалов – Қостанай облысының Қарабалық ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі.
Ана мен баланы газға уланудан құтқарған полицей: бұл – ерлік емес, күнделікті жұмысым
416
оқылды

Қостанай облысының Қарабалық ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі Әміржан Топалов 2016 жылдан бері осы салада жемісті еңбек етіп келеді.

Біразға дейін уақытша ұстау изоляторының күзет бөлімінде істеген ол 2022 жылы криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі қызметіне ауысқан. Осы уақытқа дейін сол жерде еңбек етіп жүр. Үйінде абыройлы отағасы, үлгілі әке болып, бір ұл тәрбиелеп отырған ол биыл «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Аталған медаль еңбек демалысында жүріп, ана мен баланы газға уланудан құтқарып, олардың өмірін сақтап қалғаны үшін берілді. Ерекше тап болған полицей оқиғаны былай баяндап берді:

«Қаңтар айында еңбек демалысы кезінде, Қарабалық ауылында Қуандық дейтін көршіммен бірге әйел адамды және оның қызын газға уланудан құтқарып алдым. Біз барғанда, пәтерде газдың иісі қатты шығып жатты. Мұны біліп, барлық арнаулы қызметке дереу хабарластым. Есік құлыптаулы болғандықтан, пәтерге де кіре алмадық, қоңырау да шала алмадық. Содан кейін 1-қабаттағы терезені сындырып, үйге кірдік. Оқиға кезінде іште өткір иіс болып, жарық та сөніп тұрды. Қонақ бөлмеге өтіп бара жатып, қозғалыссыз әрі аузынан көбік шығып жатқан әйелді көрдік. Жатын бөлмеде конвульсиямен жатқан қызы болды. Екі адамды көшеге шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Газды жауып, барлық терезені аштық. Кейінірек белгілі болғандай, үйде газ плитасының үстіндегі ауа сорғыш қатып қалып, газ бөлмеге жайылған. Бұл менің қызмет жолымдағы алғашқы тәжірибем еді. Әрине, бұл – ерлік емес, күнделікті жұмысым. Осы жағдайдан кейін, тұрғындарды әрқашан мұқият болуға шақырып жүрмін. «Қауіп қайдан болса, қатер содан» демекші, азаматтардың қоғам алдындағы өз жауапкершілігі де бар. Сондықтан әрқашан үйдегі газды, мұржаны, ауа сорғышты тексеріп отырғанымыз жөн дер едім»,-дейді ол.

Ал газға уланудан аман қалып, қиын сәтте жаны мұрын ұшына тірелген ана көршісі Қуандық пен батыл полицей Әміржанға алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.

Сағат 7-де бізді, яғни қызым екеумізді жедел жәрдем өкілдері алып кетті. Оған дейін қандай жағдай болғанын естіп, шошып қалдық. Менің аузымнан көбік ағып, құлаппын, ал қызым талып қалған. Мұның ең басты себебі де сол табиғи газдан болып отыр. Көршіміз Қуандық Әміржанға хабарласып, біздің пәтерден газ иісі қатты шығып жатқанын айтқан екен. Сөйтіп, Әміржан 1-қабаттағы терезені сындырып, іштен есікті ашқан. Сосын Қуандық екеуі бізді жедел жәрдем өкілдеріне тапсырған. Егер олар болмағанда, не боларын елестетудің өзі қиын. Қазір бармыз ба, жоқпыз ба дегендей ғой. Сондықтан оларға және олардың отбасына көп-көп рақмет айтамын! Өмірінде тек жақсылық болсын!-дейді қауіпті оқиға кезінде аман қалған ана Кәмшат Шаяхметова.