«Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 253,1 млн теңгеге 27 жоба несиелендірілген болатын.
Ауыл аманаты: кәсіпкерлердің арманына қанат бітірген жоба
1,515
оқылды

«AMANAT» партиясының Қызылорда қалалық филиалының жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған кәсіпкерлік жұмысын саралады.

Солардың бірі – «Ерниязова» жеке кәсіпкерлігі. Жоба аясында 8,6 млн теңге қаражат алған кәсіпкер жартылай фабрикат өнім шығарып жатыр. Бүгінде қаладағы «Балқаймақ, Дәстүр» сынды ірі дүкендерге өз өнімдерін ұсынып отыр.

«Алғашқыда Сабалақ саяжайында өз цехымыздың жұмысын бастадық. Бірақ тұтынушыларға қатынау қолайсыз болғандықтан қала орталығынан ғимарат нысанын жалдадық. Соның арқасында, өз өнімдеріміз де тез өтіп жатыр. Бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. «Ауыл аманаты» секілді жобалардың көбейіп, халыққа жақсы жағдай жасалғанын қалаймыз. Жоба аясында 6 ай несие каникулы да бар. Ендігі кезекті несиемді де төлеуді бастаймын. Бүгінде 28-ден аса өнім шығарып отырмыз», – деді  Гүлзира Ерниязова.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 253,1 млн теңгеге 27 жоба несиелендірілген болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсіп саласында 14 жобаға 112, 859 млн теңге, мал шаруашылығында 7 жобаға 74,4 млн теңге, егін шаруашылығында 5 жобаға 55,2 млн теңге және қызмет көрсету саласында 1 жобаға 8,6 теңге бағытталды.

Жалпы қаржыландырылған 27 жобаның 25-і толық іске асырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.