Қос полицей өз басын қатерге тіге отырып, мұздың жарылу салдарынан суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалғаны үшін жақында марапатталды.
Суға батып бара жатқандарды құтқарған полицейлер: «Ерлік жасау – жүректегі қайраттан»
1,023
оқылды

Жуырда Қызылорда облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі Жұмабеков Әділхан Молдағалиұлы мен Ұзақбай Алтынбек Мирамбекұлы өз басын қатерге тіге отырып, мұздың жарылу салдарынан суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалғаны үшін марапатталды.

Жұмабеков Әділхан Молдағалиұлы – 1992 жылы Өзбекстан Республикасы, Навоий облысы, Кенимех ауданында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Өз еңбекқорлығының арқасында жұмыс істей жүріп, Қызылорда облысы «Болашақ» университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Отбасылы, екі қыздың әкесі. Бос уақытында атпен серуендегенді жақсы көреді.

Ұзақбай Алтынбек Мирамбекұлы – 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2023 жылы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция батальонының полицейі лауазымына қызметкер болып орналасқан. Білімі жоғары, үйленбеген. Бос уақытында әртүрлі спортпен айналысқанды ұнатады.

Aikyn.kz редакциясы аталған екі қызметкерден де оқиғаның қалай болғаны, қақаған қыста екі адамды қалай судан аман алып шыққаны жөнінде сұрады.

 – Осы жылдың 21 қаңтары болатын. Біз сол күні Сабыр Арыстанбаев атындағы «Су торабы» объектісіне, әріптесім, полиция кіші сержанты Ұзақбай Алтынбек Мирамбекұлы екеуіміз күндізгі кезекшілікке түстік. Объектіні күзету және патрульдеу барысында, сағат 13:45 шамасында шыңғырып, айғайлаған дауысты естідік. Сол дауыстың қайда шығып жатқанына мән беріп жүгіре бастадым да, әріптесім А. Ұзақбайға «құтқару арқанын әкел» деп айқайладым. Сол сәтте объектіден 500 метрдей қашықтықта, Сырдария өзеніне мұздың үстіне ойнауға келіп, мұздың жарылуы салдарынан суға батып бара жатқан екі жасөспірімге жақындаған сәтте «құтқарыңдар» деген дауыс естілді, – дейді полицей Әділхан Жұмабеков.

Алтынбек Ұзақбай болған оқиғаны былайша баяндады:

– Мен әріптесім Жұмабеков Әділхан маған, мына дауыс қайдан шығып жатыр дегесін, көпірдің үстінде жаяу жүргіншілер жолының жиегінде орналасқан бетон болатын, соның үстіне әріптесім екеуміз шығып қарадық. Мұздың жарылу салдарынан суға батып бара жатқан адамды байқап, жедел әрекет еттік. Әріптесім оқиғаның басына қарай жүріп кете берді де, мен бекетте тұрған «құтқару арқанын» алып, артынан жүгірдім. Жеделдетіп жетіп, суға батып бара жатқан екі жасөспірім екенін көріп, қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра, арқанның бір жағын өзімнің беліме, екінші жағын әріптесім Әділхан өз беліне байлады, – дейді ол.

Содан кейін Әділхан мұз өте жұқа әрі қатқақ болмағандықтан, тізерлеп отырып еңбектеген. Сөйтіп бірінші ұл баланы, екінші қыз баланы судан шығарып құтқарып алыпты.

– Ең бірінші балаларды көрген сәтімізде ойымызға келгені аман-есен алып шығу болды. Себебі балалар мұзды ұстап тұрғаннан тоңып қалған. Ондай сәтте өзін құтқаруға келгенін байқаған адам өзін-өзі әп-сәтте емін-еркін қоя беруі де мүмкін ғой, – дейді Ішкі істер саласының үздігі А. Ұзақбай.

Ал Әділхан Жұмабеков:

– Ол кездегі сезімді айтып жеткізе алмайсың. Сол себепті, біз жүгіріп келе жатып балаларға «шыда-шыда, біз келдік» деп, қолын жібермей барынша мұздан ұстап тұруын және шыдауын сұрадық, – дейді.

Полицейлердің сөзінше, «құтқару процесінде мұз жарылып кете ме?» деген ой мазалағанын айтады. Себебі олар көз алдында жылап тұрған балалардың бейнесін көріп, шошып қалған.

– Арқанның келесі жақ бетін мен ұстап тұрғандықтан, әріптесім мен балалардың амандығы менің мойнымда еді. Суға батып кете ме деген қорқыныш пен қауіп болды, –дейді А. Ұзақбай.

Одан кейін жағдай тұрақталған.

– Бірақ жарақат алмадық. Балалар суда тұрғандықтан, тоңып қалғаны болмаса, ешқайсысы жарақаттанбаған. Сол себепті қандай жағдай болса да, алдын алу мақсатында, жедел жәрдем мен балалардың ата-анасына хабарласып, табыстадық. Қазіргі кезде балалардың жағдайы жақсы, дін аман, – дейді полицейлер.

Олардың сол сәтте, тіпті ойлануға да уақыты болмай, бірнеше секунд ішінде шешім қабылдауына тура келген.

Олардың қызметі әртүрлі деңгейде болады. Тек объектінің қауіпсіздігін күзетіп қана қоймай, әртүрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға алдыңғы шепте тұрады.  

Қазіргі таңда, олар аптасына 2 рет арнаулы кәсіби даярлық сабағын өтеді. Дәріс кезінде арнаулы мамандардың қатысуымен теориялық және практикалық сабақтар жиі өткізіліп тұрады.

Қазір екі полицей де:

– Су – адам үшін қауіпті апат. Сол себепті ата-ана да, бала да белгі қойылған жерден асып суға түспеуге, буилардан тысқары жүзбеуге, әсіресе қыс мезгілінде мұз үстінде ойнамауға кеңес берер едік. Ата-ана балаларын назардан тыс қалдырмаған жөн деп санаймыз. Осы жағдай өмірлік тәжірибемізде тосын оқиға болды, – дейді.

Жасөспірімдерді аман-есен құтқарып қалғанына қуанышты, олар ел үшін әлі де абыройлы қызмет еткісі келетіндерін жасырмады.

«Ерлік жасау – жүректегі қайраттан!» дейді ғой. Біздің мақсатымыз балаларды құтқару болды, біздің орнымызда басқа адамдар болса да солай жасар еді. «Ел қорғаны деген атқа» абыройлы қызмет етуіміз керек. Біздің бұл ерлігіміз емес, міндетіміз деп білеміз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 мамырдағы Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» төсбелгісімен, биылғы мамыр айының 6-сы – Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада, Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Саденов Ержан Сапарбекұлының қолынан марапатталдық. Десе де марапаттан бұрын бізге азаматтардың амандығы ең маңызды дүние! – дейді қос полицей де.