Taldau Talks диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Онда ОДМ-ның бес негізгі мақсатына арналған жинақ көпшілікке таныстырылды.
Taldau Talks: материалдар жинағы жарық көрді
298
оқылды

Аталған еңбекті Парла­мент Сенаты жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының үшінші кезеңінің түлектері бірлесіп әзірледі.

«Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ұлттық стратегиялар мен бағдарлама­ларды әзірлеу кезінде орнықты даму қағидаттары­ның маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет бюд­жетінің 80 пайызы орнықты даму мақсат­тарына сай келеді.

ОДМ-ға қол жеткізу мәселелеріне арналған материалдар жинағы – талдаушылар мен мен­торлардың «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының оқыту курсы аясындағы топтық жұмысының қорытындысы. Оның нәтижелері орталық және өңірлік деңгейлерде назарға алы­нады. Жинақта талқыланған мақсаттар кедейлікті жою, денсаулық сақтау мен білім деңгейін арттыру, су сапасын жақсарту және экономикалық өсу мәселелеріне қатысты екенін атап өткен жөн.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Үкіметпен, азаматтық қоғамдастықпен және сарапшылармен бірге Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарымен белсенді байланыс орнаттық. Осы тұрғыдан келгенде Талдау мектебі­нің тақырыбы аталған бағытпен үндес екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта жарық көріп отырған жинақ мүдделі мемлекеттік органдарға, талдау орталықтарына және университеттерге жіберіле­ді», – деген палата Спикері қатысушыларға жоба­ның идеясын қолдағандары үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар сарапшылар Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндет­тердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия аясында ор­нықты дамудың қалған мақсаттары бойынша да жобалар әзірлеу және бірлесіп жұмыс істеу бағытындағы бастама­ларды талқылады.

Жинақты таныстыру барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, экономист Алмас Чукин, медиа-ме­неджер Эльмар Муртазаев және тағы басқа сарап­шылар сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын білдірді.

Айта кетейік, Taldau Talks диалог алаңының алғашқы отырысы биыл наурыз айында өтті. Ол кезде іс-шараға арнайы шақырылған спикер Ор­талық Азия тақырыбы бойынша белгілі америка-лық маман Фредерик Старр сөз сөйлеген еді.