Әлішер Ерғалидің есімі 2019 жылдан бастап жанкүйерге жақсы таныс.
Әлішер Ерғалидің Париж Олимпиадасындағы ТОП-5 қарсыласы
Фото: olympic.kz
969
оқылды

Парижге аттанатын Қазақстан құрамасының қатарында Олимпиада ойындарына екінші рет қатысатын санаулы атлеттер бар. Соның бірі – еркін күрес шебері Әлішер Ерғали. Жамбыл облысының түлегі Токио ойындарында ширек финалға жетіп, төрешінің қателігінен ұтылған еді. Арада тағы бір олимпиадалық цикл өткен соң Әлішер кезекті жазғы ойындарында бақ сынайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлішер Ерғалидің есімі 2019 жылдан бастап жанкүйерге жақсы таныс. Сол жылы Астанада өткен әлем чемпионатында ол жартылай финалға жетіп, әйгілі Абдулрашид Садуллаевтан ғана ұтылған еді. Еліміздегі әлемдік додада жүлдесіз қалса да, Әлішер Токио Олимпиадасының лицензиясын қоржынға салды. 

2020 жылғы  жазғы ойындар да Ерғали үшін оңайға  соққан жоқ. Әсіресе, оның ширек финалда түркиялық балуаннан жеңілуі көпшілікке күдік туғызды. Десе де, төрешілер шешімі өзгермейді. 

Одан кейінгі олимпиадалық циклді  Әлішер біркелкі өткізді. Екі рет Азия чемпионатының финалында сүрінді. Әлем біріншілігінде алысқа шаба алған жоқ. Ал оның Олимпиада қарсаңындағы атағын асқақтатқан белдесу – елімізден шыққан тарихи чемпион Ризабек Айтмұханмен арадағы жекпе-жек еді. 

2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында Ризабек 92 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына енбейтіндіктен, ол жаңа маусымды 97 келіде бастаған болатын. Ал аталған салмақта Олимпиада жолдамасы болмағандықтан, бапкерлер Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен балуанды Бішкектегі (Қырғызстан) Азия аймақтық іріктеу турниріне жіберетінін мәлімдеді. 

Ақпанда өткен ел біріншілігінің финалында Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан аса тартысты белдесу өткізіп, Ерғали 14:10 есебімен жеңіске  жетті. Осылайша, Бішкектегі іріктеу сынына әділетті түрде қатысып, Қырғызстан астанасында Парижге апаратын билетті қоржынға салды. 

Жақында Әлішер Ерғали рейтингілік турнирде топ жарып, әлемдік тізімдегі жағдайын біраз жақсартты. Енді біз оның Париж бозкілеміндегі басты  қарсыластарына тоқталайық. 

97 келі салмақтың басты фавориттерінің бірі  - ресейлік Абдулрашид Садуллаев Парижге бармайды. Халықаралық Олимпиада комитеті әйгілі балуанның жарысқа қатысуына рұқсат берген жоқ. Осылайша, 97 келі салмақта Садуллаевтың орнына Алихан  Жабраилов қатысуы мүмкін. 

Садуллаевтың жоқтығын білдірмейтін бұл салмақтың тағы бір қаһарманы бар. Бахрейн атынан сынға  түсетін дағыстандық Ахмед Тажудинов соңғы әлем чемпионатында топ жарды. 20 жастағы балуан Белград төрінде ұзақ жылдар бойы 97 келідегі барлық атақты  иеленген әйгілі Садуллаевты да, америкалық Кайл Снайдерді де жеңіп кетті. Тажудиновтің еншісінде Азия чемпионатының екі алтыны да бар. 

Әрине, америкалық Кайл Снайдерді ешқашан есептен шығаруға болмайды. Ол үш дүркін әлем чемпионы (2015, 2017, 2022), Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Парижде Снайдер өзінің жазғы ойындардағы үшінші медаліне таласады. 

Әзербайжандық Магомедхан Магомедов те 97 келіде Олимпиада жүлдесіне басты үміткерлердің бірі. Аталған балуан әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері (2023, 2022). 2022  жылғы Еуропа чемпионы, қарт құрлық біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері. Жақында өткен рейтингілік турнирде Магомедов біздің Ризабек Айтмұханнан басым түсті. Финалда Әлішермен белдесуі керек болған. Бірақ белгісіз себептерге байланысты бас тартты. 

Грузиялық балуандар қашанда әлемдік жарыстардан жүлдесіз кетпейді. Бұл салмақта да гүржі алыбы бар. Ол – Гиви Матчерашвили. Гиви әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (2022, 2023), екі дүркін Еуропа чемпионы (2023, 2024), Еуропа ойындарының күміс жүлдегері саналады. 

Еуропа чемпионатында екі рет қола жүлдеге іліккен түркиялық Ибрагим Чифчи де Ерғалиге басты қарсылас атануы мүмкін. Әлішердің құрдасы да Олимпиадада өз елінің абыройын арттыруға ниетті. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.