Ол әкімнің кеңесшісі болғаны үшін ешқандай жалақы алмайтынын атап өтті.
«Мен сайқымазақ емеспін!»: Нұрлан Қоянбаев өзін сынағандарға жауап берді
Фото: instagram.com/ koyanbayevnurlan
5,715
оқылды

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған танымал әзілкеш, продюсер, актер Нұрлан Қоянбаев өзін сынағандарға жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ол осы уақытқа дейін қандай жұмыс атқарғанын айта келіп, осы қызметке лайық екенін түсіндірді.

«Мен Қазақстан Республикасының азаматы Нұрлан Қоянбаевпын. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасымын. №45 гимназия мектебін алтынға бітірдім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алдым. Экономика және құқық академиясында қаржы және кредит мамандығын бітірдім. 300 милиондық аудиториясы бар, ең ірі жастардың ойынында, Мәскеу қаласында қазақтың әзілін төрге шығарған команданың капитаны болдым (Тек мықты мемлекеттердің ғана әзілі дамыған: АҚШ, Англия, Франция, т.б). Телеарна саласында бағдарламамыз 9,3 рейтингімен рекордтық нәтиже көрсетті. Оны телеарна саласында қызмет атқаратындар, телевизия тарихындағы ең жоғарғы рейтингтерінің бірі екенін айтып бере алады. Кино саласына келіп, ол саланың маманы болмасам да, Голливудтың дәуірін тоқтаттым. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай, жұмыс істеуге болатынын көрсеттік. Бұл үрдіс жас режиссерлерге серпін беріп, жол ашып, соңғы кездері жылына 120-ға жуық отандық фильмдер түсіріліп жүр. Яғни, жыл сайын Голливудқа кететін 100 миллион долларға жуық ақша енді елімізде қалып жатыр. Ол дегеніміз 4-5 жылда 500 миллион доллар! Мұның барлығы креативтің арқасында. Осы креативті ойларымды пайдаланып еліме қызмет еткім келеді», – деді өнер иесі. 

Ол әкімнің кеңесшісі болғаны үшін ешқандай жалақы алмайтынын атап өтті. 

«Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларыммен бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс. Байқағаным, кейбір біршама журналистердің мақалаларында “Сайқымазақ”, “Клоун” деген сияқты сөздер шығуда. Мен сайқымазақ емеспін, мен қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермейтін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлерінің бірімін! Мысалы, Қазақстан Республикасының Ақпарат министрінің вице-министрі боп Евгений Кочетов деген азамат тағайындалғанда ешкім шулап, резонанс тудырмады. Мен де Евгений Кочетов  сияқты еліме қызмет жасағым келеді. Неге мен өз елімде тіпті, айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?! Негізі, негатив жазатындар көп емес. Айтқым келгені, елімізді дамытамыз десек, позитивті, текті қазақтардың белсенділігі қажет», – деді Нұрлан Қоянбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.