Кітаппен жұмыс істеу барысында Бақытжан Бұхарбай бірнеше қызықты тұжырымдарға тап болған.
Алматыда жарық көрген «Қазақтарды қалай басқару керек?» деген кітап несімен құнды?
1,042
оқылды

Алматыдағы жайлы дәмханалардың бірінде AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұхарбай БАҚ өкілдерімен кездесіп, «Қазақтарды қалай басқару керек?» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл жинақ 1734 жылғы мұрағат құжаттарына негізделген, Ресей империясының бас хатшысы Иван Кирилловтың жобасы. Басылымда Кирилловтың жобасының мәтіні ғана емес, Ресей азаматтығын қабылдағаннан кейінгі алғашқы жылдардағы Қазақстанның отарлануының басталуы туралы басқа да құнды тарихи құжаттар қамтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«1731 жылы жоңғарлармен болған сұрапыл соғыста Қазақ хандығының әлсіреуіне байланысты Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресей империясына ант беруге мәжбүр болды. Үш жылдан кейін бас хатшы Иван Кириллов Сенатқа "Қырғыздарды Ресей азаматтығында ұстау және оларды басқару әдістері туралы жобаны“ ұсынды. 1734 жылы 1 мамырда Кирилловтың жобасын император Анна Иоанновна барлық жағынан бекітіп, оны орындауды тапсырды. Жоба авторы көшпелі халықтар арасындағы араздықты қоздыру Дала халқын бақылаудың ең дұрыс жолы деп есептеді. Құжаттарды 1900 жылы орыс тарихшысы, этнографы, Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің және ғылыми мұрағат комиссиясының мүшесі А.Добросмыслов жинап, басып шығарған», – дейді Бақытжан Бұхарбай.

Иван Кириллов жобасының бастапқы атауына сілтеме жасай отырып, Бақытжан Бұхарбай баспагер ретінде барлық материалдарды, соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабулдиновтың қазақ даласын отарлаудың бастапқы кезеңі туралы «Қазақтарды қалай басқару керек?» атты жинағын шығарды. Сондай-ақ мәтінді оқуға жеңіл болу үшін реформаға дейінгі орыс емлесін қазіргі заманға ауыстыру жұмысын жүргізді. Кітап «Таза тарих» сериясы аясында жарық көрді.

«Иван Кириллов өз жобасында қазақтарды қалай ұстап, қалай басқару керектігін айтады. Бұл кітап мұрағат материалдары негізінде құрастырылған. "Таза тарих“ атты кітап сериямыз 2021 жылдан бері жарық көріп келеді, бұл кезекті он бірінші кітабымыз. Кеңестік кезеңде қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылуы туралы дерек басым болғанын білеміз. Ресей империясы тұсында жарияланған ғылыми мақалаларда даланы, Түркістан өлкесін жаулап алу туралы жазылған. Егер аннексия ерікті болса, онда отарлауға қарсы көтерілістер қайдан шықты?» – деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай.

Оның айтуынша, жарық көрген кітап – сол кездегі оқиғаларға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін бірегей дереккөз.

«Біз көптеген процестерге басқаша қарай бастаймыз және белгілі бір мағынада кітап оқырманның санасында төңкеріс жасайды. Оның үстіне, осы тарихи материалдармен танысқаннан кейін сіз өзіңізге сұрақ қоясыз: азаматтық алу туралы өтініш болды ма, әлде шынымен де қорғану қажет болды ма? Иван Кириллов былай деп жазды: «[Қазақтар] жоңғар қалмақтарынан жеңілді және олар Ұлы мәртебелі императордың қорғауында болса, уақыт өте келе олардан өз иелігін қайтара алады», – деп жалғастырады кітап авторы.

Баспагердің айтуынша, бұл туынды Ресей империясының даланы қалай бағындыруға болатыны туралы көзқарасын оқырманға ұсынуымен ерекшеленеді. Біз аталған жинақтан 1731–1734 жылдарға арналған бюджеттер, сұлтандарға берілетін сыйлықтар мен әртүрлі гарнизондардың сарбаздарын ұстауға қанша қаражат жұмсалғанын жан-жақты бағамдай аламыз.

«Бұл жұмыстың өзегі – қазақтарды Ресей азаматтығында ұстау жобасы. Бізде бұл сәтті саясиландыру міндеті жоқ, біз ешқандай түсініктеме бермейміз, мұның бәрі 300 жыл бұрын жарияланған нақты тарихи материалдарға негізделген», – деп атап өтті баспаның негізін қалаушы.

Кітаппен жұмыс істеу барысында Бақытжан Бұхарбай бірнеше қызықты тұжырымдарға тап болған. Біріншіден: Ресей империясына 18-ғасырдың бірінші жартысында Хиуа, Бұхара және одан әрі Үндістанға баратын сауда жолдары қажет болды. Иван Кириллов I Петр мұны «қатты іздеген» деп жазады. Өйткені оның экономикасы үшін сауда өте маңызды болды.

«Ресей мен Хиуа арасында Дала жатыр. Ал даланы олар әлі зерттемегені анық, өйткені Кириллов: керуендер жіберетін болсақ, саудагер атын жамылған барлаушыларды енгізу керек. Олар металдар мен минералдарға дейін бәрін зерттеуі керек. Екінші мәселе: қазақтар тарихындағы бұл қиын кезең Жоңғар шапқыншылығымен байланысты болды. Демек, Әбілқайыр хан, Кирилловтың тұжырымдарынан көрінетіндей, қорғануды қажет етеді. Әртүрлі деректерден Әбілқайырдың билікке өте құмар адам болғанын білеміз, ханның өз билігін өз еркімен қысқартуға дайын болуы екіталай, дегенмен қалыптасқан жағдайды ескере отырып, қорғаныш іздеуге тура келді. Бұл арада Ресей империясына сауда жолдары мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болды. Ал олардың жолы дала, Әбілқайыр хан иелігі арқылы өткен. Біздің сол кездегі билеуші элитаның империялармен патронат ойнаудың қажеті жоқ екенін түсінуі екіталай. Кириллов біздің халыққа жеңілтектік тән, сондықтан азаматтық сенімсіз болады, қазақты сақтап қалу үшін осы жобаны әзірледі. Кириллов – орыс тарихында өте белгілі кейіпкер, ол Орск қаласының негізін қалаушы болып саналады», – деп түйіндеді Бақытжан Бұхарбай.

AmalBooks басып шығарған кітапты Meloman кітап сауда желілерінен және басқа да сауда нысандарынан сатып алуға болады.

Аударған: Мұратхан Шынтаев

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.