«Ерікті мерген» операсының концерттік орындалуы Қазақстанда алғаш рет өткізілмек.
«Астана Опера» сахнасында «Ерікті мерген» операсының концерті өтеді
593
оқылды

13 шілдеде елорда тұрғындары мен қонақтарын айтулы оқиға күтеді. «Опералия»  халықаралық фестивалі мен «Астана Операның»  XI театр маусымының жабылуына орай театрдың Үлкен залы сахнасында Қазақстанда алғаш рет Карл Мария фон Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындалуы өтеді. Осынау жобаның идея авторы әрі дирижері театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, маэстро Алан Бөрібаев.

Германия ұлттық операсының символына айналған «Ерікті мерген» операсы ерте кездегі неміс романтизмінің маңызды туындыларының бірі. Оның премьерасы Берлинде 1821 жылы өтіп, композиторға бірден зор табыс әкелді.

 Бұл опера «Астана Опера» театрында алғаш рет орындалады. Осынау операны орындау  шығармашылық тұрғыда өсуді және жаңа бағыттарды байқап көруді қалайтын театр труппасы үшін маңызды қадам. Театр репертуарында ұлттық туындылар, италиялық опералар, орыс және француз опералары бар, алайда неміс операсы осы күнге дейін ұсынылмапты. Сондықтан бұл кеш елордалық көрермендерге неміс опера репертуарын таныстырудағы алғашқы қадам болмақ, - деді театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев.

 - «Астана Операдағы» «Ерікті мерген» музыкасының орындалуы сахнада оркестр, хор және солистермен бірге концерт форматында өтеді. Бұл кештің тағы бір ерекшелігі бір рөлге бірнеше әртістің қатыстырылуы. Әртістерді өздері үшін және театр үшін жаңа туындыға барынша көбірек қатыстыру мақсатында солистерге осы тәсілді ұсындым. Сонымен, Макстың басты партиясында Саян Исин, Рамзат Балакишиев, Мерей Қадырханды тыңдауға болады. Оның қалыңдығы Агатаның рөлінде Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Назым Сағынтай, оның бөлесі Энхеннің бейнесінде Салтанат Ахметова, Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, аңшы Каспардың партиясында Шыңғыс Расылхан, Валерий Селиванов, Ержан Саипов сахнаға шығады. Сондай-ақ Расул Жармағамбетов аңшы Килианның партиясында, Болат Есімханов Әулие Тақуаның рөлінде, Азат Мәлік князь Оттокардың рөлінде өнер көрсетеді. Валерий Селиванов Каспардан бөлек, князь аңшыларының басшысы Куноның партиясын орындайды, ал театр режиссері Николай Куликов Қара аңшы Самиельдің қорқынышты бейнесін жүзеге асырады. Бұл жаңа тәсіл алда болатын концертті гала-опера форматына жақындатады. Шын мәнінде, бұл театрдың XI маусымының мерекелік жабылуына орай ерекше гала-опера болғалы тұр. Тек бұл жолы барлық концерттік нөмірлер «Ерікті мерген» музыкасы мен сюжетінің ортақ тақырыбымен біріктірілген, - деп атап өтті маэстро.

 Операның сюжетіне  атыста жеңіп, өзінің сүйіктісі Агатаға қол жеткізу үшін әзәзілмен мәміле жасауға келісетін мерген Макс туралы аңыз арқау болған.  Макс мергендер сайысына қатысады, алайда ол үнемі сәтсіздікке ұшырайды. Оның қарсыласы   Каспар оған нысанаға әрдайым дөп тиетін сиқырлы оқ жасап алуды ұсынады. Тыйым салынған рәсімді өткізу үшін қарама-қайшы қос кейіпкер қарғыс атқан орын «Қасқыр алқабына» аттанады. «Қасқыр алқабындағы» әйгілі сахна ең озық опералық хоррор болып саналады. 

 Осылайша, «Астана Операдағы» «Ерікті мерген» қазақстандық опера өнері тарихында жаңа парақты ашатын маңызды мәдени оқиға болады деп күтілуде. Сондай-ақ ол барлық көрермендер мен операны ұнататын жандарға ұмытылмас әсер қалдырып, «Опералия-2024» фестивалі мен «Астана Опера» театр маусымының жарқын қорытындысы болмақ.