Нарық күйзелді, теңге теңселді
Нарық күйзелді, теңге теңселді
300
оқылды
Бұл күйзеліс Қазақстан эко­номикасын күйретпейді. Одан қорғайтын жап-жақсы қоры бар. Алайда жаһандық нарықтағы дүрбелең теңгенің құнсыздануына әкеліп соқ­ты. Мемлекет әлеуметтік мін­дет­те­мелерін толыққанды орын­дайды. Дегенмен мұнай ба­ға­сының төмендеу үрдісі ұзаққа созылса, бюджетті қай­та қарауға тура келмек. Сарап­шылар осылай дейді. Өткен дүйсенбіде әлем дүр­лікті: осы ай басында ғана әр баррель-бөшкесі 52 доллардан саудаланған «қара алтын» құны 9 наурызда 33,94 долларға дейін құлдырады. Барлық дүние­жүзілік биржалар терең құр­дымнан бір-ақ шықты. Салдарынан мұнайға тәуелді теңге бағамы да құнсызданып, кейбір айырбастау бекеттері долларды 400 теңгеге сатып жатты.  

Сонымен не болды?

Қаржыгерлердің байла­мынша, бұл күйзеліс бірнеше қабаттан, толқыннан тұрады. 2020 жылғы 8 қаңтарда Brent маркалы мұнайдың бағасы 71 долларға жеткен. Бірақ коро­навирустың белең алуы сал­дарынан Қытайда өндірістер то­қырауға ұшырап, көптеген кәсіп­орын жабыла бастады. Қуатты ең көп тұтынушы шың елінің мұнайға деген сұра­­нысы тек ақпан айында ғана төрттен бірге кеміген. Нәти­же­сінде, «қара алтын» бағасы 52 долларға дейін түсіп, елеулі түрде құнын жоғалтты. Енді оған мұнайлы мемлекет­тердің өзара мәмілеге келе алмауы соққы болып отыр. Венада жиыл­ған ОПЕК+ елдері Қытай індеті кесірінен сұраныстың төмендеуіне байланысты мұнай өндірісін тәу­лігіне 1,5 миллион баррельге қо­сымша қысқарту жайында уағ­да­ласуы тиіс бола­тын. Сонда баға да өспек. Әйтсе де, аталған ұсынысқа Ресей қар­сы шықты. Сол­түстік көрші жа­һандық «қара ба­зарға» сатар «қара алтын» көле­мін ке­мітуден бас тартатынын мәлімдеді. Ресейлік сарапшы, эконо­мика ғылымдарының докторы Н.Кричевский өз елінің ОПЕК+ мәмілесін тәрк етуін ақылға қо­ным­ды санайды. «Бұл әу бастан орынсыз мә­міле еді. Мұнайлы елдер өн­дірісті ұдайы қысқартуда. Бірақ біз босатқан нарыққа өзге өндіру­шілер, бірінші кезекте тақ­татас мұнайын өндіретін АҚШ ком­па­ниялары кіріп жатыр. Біз сатып алушыларымызды жо­ғал­тып жатқанда Америка «қара алтын» өндірісін тәулігіне 4 млн баррельге арттырды. Осылайша, бүгінде Құрама Штаттар нетто-экспорттаушыға айналды. АҚШ тарихи рекордына – тәулігіне 13 млн баррельге қол жеткізді. Бұл Ресей өндірісінен 15% жоғары. ОПЕК+ енгелі Американың мұнай экспорты 5 есеге ұлғайды. Ендеше бұл мәміледен бас тарту – ұлт­тық мүдде мен намыстың нышаны», – дейді Никита Кричевский. Ол мұның оң және теріс сал­дары болатынын айтады. Ұлт­тық валюта құнсызданады, мем­­­лекеттің мұнайдан түсімі құл­­ды­­райды. Батыс Ресейге қар­сы санк­­ция­ларын да қатайтуы мүм­кін. Эко­номист мұнай ба­ғасы алда өсіп, 40 доллардан тө­мен болмайды деп болжайды. Расында, кеше биржаларда Брент марка­сының құны 1 баррелі үшін 36,5 долларға дейін көтерілді. Ресей «Жоғарғы экономика мек­тебінің» профессоры, эконо­мист Е.Коган осы дүйсенбіде әлемде жаңа дағдарыс басталға­нына сенімді.    width= «Бұл дағдарыс қолдан жа­салды. Ресей билігі ел үшін тиімді ба­ғаны ұстап тұратын ұсынысты қол­дауына болатын еді. Оның ор­нына өзге нарықтарды басты қарсыласыма бермеймін деп, шай­­қасуды таңдады. Сөйтіп, дүние­жүзілік нарықты тағы да соғысқа арандатты. Болары бо­лып, бояуы сіңгесін мұны айттың не, айт­падың не?! Одан да өмір шын­­дығына оралсақ. Мұнай ба­­ғасы тек ұсынысқа ғана емес, сұра­нысқа да тәуелді. Ал сұраныс шы­нымен, сорлатып тұр. Әлемдегі не­гізгі мұнай импорттаушы Қытай өз эко­но­микасын қайта жандандырмай, «қара алтын» оған 30 долларға да, 50 долларға да керек емес. Шикізат аста-төк артылып қалуда», – дейді Евгений Коган. Ол шың елі биыл өз экономи­касының көшін қайта жолға салады деген үміт білдірді. Сонда сауыққан алпауыт экономика мұнайды да көптен «жұтуға» кіріс­пек. Онда баға да өрлей жөнеледі.  

Жоспарлар жаңартылады

Халықаралық сарапшылар оған дейін дағдарыс күшейе бере­тінін айтады. Bloomberg әлемдік эко­номика тек 2023 жыл­ға қарай сауығуы ықтимал деген жо­рамалын жария етті. Goldman Sachs мұнай­дың 20 доллар ме­жесіне дейін түсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қазақстандық мұнайға ға­на емес, өзге өнімдерге де сұра­ныстың төмендеу қаупі барын жасырмайды. «Қуат көздері нарығындағы баға соғысы кесірінен әлем­дік экономика келешегі бұлың­ғыр­­ланды. Оған онсыз да корона­вирустың таралуы нұқсан кел­тір­ген еді. ЭЫДҰ күйзеліс ұзаса, әлемдік ЖІӨ 2020 жылы 1,5%-ға дейін тө­­мендейді деп болжайды. Осы жағ­­дайда қа­зақ­стандық экспорт­қа деген сұраныс азаюы мүмкін. Бұған шикізат тауарлары бағасы­ның құлдырауы қосылса, биыл Қазақстанның төлем балансы одан ары нашарлауы ықтимал. Себебі төлем балансында 2019 жылдың өзінде 5,5 млрд дол­лар тапшылық қалыптасқан-тын», – деді Е.Досаев Үкімет оты­рысында. Ол теңге бағамы тас бекітілетін бұрынғы саясатқа оралмайтынын, ұлттық валютаның еркін бағамы сақталатынын мәлімдеді. Бұл ретте қаржылық жүйенің тұрақ­тылығын қамтамасыз ету үшін ҰБ валюталық интервенциялар жүргізуге дайын. Белгілі қаржыгер, бизнесмен А.Кәрібжанов ұлттық валютаны ұстап тұру үшін Ұлттық қор қара­жатын рәсуа етуге болмайды деген пікірде. «Шұғыл түрде девальвация жа­сау керек. Барлығы осы тура­лы ойлайды, бірақ тіпті айтуға жүрексінеді. Тек мұнай бағасы мен рубль бағамына көз тігіп отыр. Құнсыздана бастаған ұлт­тық валю­таны сол бетімен жі­бере салмасақ, қордағы ондаған миллиард босқа шашылады», – дейді Айдан Кәрібжанов. Ал экономист Алмас Чукин теңгенің нығаятынына сенеді. «Бұл құлдырау Қазақстан эко­номикасын жайратып кетпей­ді. Еліміздің бірнеше жылға же­тер қоры бар. Мәселе – ары қарай не болатынында. Негізі, дол­лар­дың өсуі – қиындықтың үлкені емес. Валютаның қазіргі ба­ғамы мазасыз көңіл күйден туын­даған. Бір-екі аптада барлығы тыныш­талады. 1 доллар үшін 380 теңге сұ­ралған кезге қайта оралмас, бірақ ба­ғам­ның 400 теңгеден асуы да не­ғайбіл. АҚШ валютасын сонша қым­батқа сатып алатындай халықта көп ақша да жоқ. Доллар алғысы келгендер бұған дейін алып қойды. Квазимемлекеттік ком­панияларға теңгедегі қорын шетел валютасына жаппай ауыс­тыруға рұқсат етіл­мейді», – дейді А.Чукин. Қазақстан қамсыз отырған жоқ. Мемлекет басшысы шұғыл әрекет ету жөніндегі республи­калық штаб құрды. Ұқсас штабтар барлық өңір­лерде іске кірісті. Үкімет оқиғаның одан ары өрбу барысына қатысты бірнеше сценарий түзді. Оның әр­қайсысы қажетті ресурстармен және қара­жатпен қамтамасыз етіледі. «Азаматтардың ешқайсысы қиын жағдайда жалғыз қал­майды!» деп уәде етті Үкімет бас­шы­сы Асқар Мамин.   Айхан ШӘРІП