Олимпиаданың екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.
Париж Олимпиадасы: Қазақстан құрамасының екінші жарыс күніндегі нәтижесі қандай?
Фото: Тұрар Қазанғапов
2,950
оқылды

Туризм және спорт министрлігі Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының екінші жарыс күніндегі нәтижесін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) Париж Олимпиадасында серб Страхиня Бунчичті жығып, қола медаль жеңіп алды. Бұл қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! Олимпия ойындарының алғашқы екі күнінде біздің команда 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. 

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуде Ұлттық құрама спортшысы Александра Ле Париж Олимпиадасының финалына шықты. Ол іріктеуде 631.4 ұпай жинап, 6-сатыға тұрақтады. Ал Арина Алтухова бұл сында 17-сатыға жайғасты (627.7 ұпай). 

Бокстан әйелдер арасында жарыс жолын бастаған 2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай алғашқы айналымда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Джиордана Соррентиноны (Италия) 4:1 есебімен жеңді. 

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден ерлер арасындағы жекелей сынның іріктеуде Ислам Сатпаев 628 ұпай жинап, 21-сатыға табан тіреді. Ал Константин Малиновский 626.6 ұпаймен 32-орыннан көрінді. 

Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Руслан Құрбанов ширек финалында жапон Коки Канодан ұтылып қалды. Эльмир Әлімжанов Федерико Висмарадан (Италия) айласын асыра алмады. Вадим Шарлаимов екінші кезеңде сүрінді. 

Бокстан Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) алғашқы айқасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейяд Ишаишқа есе жіберді. Жекпе-жек 2-3 есебімен аяқталды. 

Бадминтоншы Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасының іріктеуінде Кента Нисимотодан (Жапония) ұтылып қалды. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев жұбаныш кезеңіндегі 3-ші алтылықта жарысып, мәреге төртінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші - 7:21.12. 

Теннис: Қазақстандық спортшы А.Шевченко 18 жасар чех теннисшісі Я.Меншиктен 0:2 есебімен жеңілді. 

Олимпиаданың екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.