Марқұм Айдос Шаймерденнің артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды.
"Пәтер беріп, кредитін төледі": Майқайыңда қаза тапқан құтқарушының отбасына көмек көрсетілді
1,434
оқылды

Облыс әкімі Асайын Байханов @gulmir_ktk Instagram парақшасында қаза болған Айдос Шаймерденнің отбасына қаражат жинау туралы жазбаны көріп қалған. Әкім «отбасы неге назардан тыс қалды» деген алыпқашпа сөздер туындамас үшін көрсетілген қолдаулар туралы есеп беруді жөн санаған, - деп хабарлайды Аikyn.kz  сайты El.kz-ке сілтеме жасап.

2024 жылдың сәуірінде «Майқайың-алтын» АҚ Айдос Шаймерденнің жұбайы Нұрсұлу Шаймерденге 28 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен. Сонымен қатар осы жылдың басында құтқарушының отбасы мен ата-анасының 8 миллион теңгеден астам барлық несиесі төленді.

"Өз атымнан облыс әкімдігі 2024 жылдың 1 маусымында Нұрсұлу Шаймерденге Павлодардан 4 бөлмелі пәтер сыйға тартты. Өйткені Айдостың артында кәмелетке толмаған 5 баласы қалды",– дейді облыс әкімі.

Оған қоса, Айдос Шаймерден қайтыс болды деп танылғанға дейін отбасы оның орташа айлық жалақысын алып отырды. Енді мәйіт табылғаннан кейін жұмыс беруші 10 жылдық орташа айлығының сақтандыру төлемі төленбек.

Сондай-ақ әкім Шаймерден отбасы алдағы уақытта да назардан тыс қалмайтынына сендірді. 

"Блогерлер мен белсенділер жариялаған жекелеген көмектерге еш қарсылығы жоқ, тек теріс жаққа пайдаланбаса екен", - дейді ол.