Жасанды интеллект көп энергияны қажет етеді. Жылдам құрылып жатқан үлкен деректер орталығын іске қосуда электр тапшылығы дамыған елдерде қатты сезіліп жатыр.
Генеративті ЖИ-ге қажет электр қуатын ұсыну үшін Қазақстанға техно-экономикалық серпіліс қажет
Далласта орналасқан (Техас) ірі Equinix DA1 дата орталығы. 2018 жылы 800 млн долларға сатып алған. Фото datacenters.com сайтынан алынды
1,598
оқылды

CNBC телеарнасы жаңа серверлерді іске қосу және салқындату үшін электр энергиясына деген сұраныстың өскенін хабарлады. "ЖИ жүйелерін жасаушы басты компаниялар орналасқан АҚШ және басқа да елдер жаңа дата орталықтарына қажетті қуатты өндіре ала ма?" деген мәселені Aikyn.kz америкалық телеарнаның хабарламасына сүйеніп, талдайды.

АҚШ-тағы 4-орындағы ірі Equinix MI1 дата орталығы Майамиде (Флорида) орналасқан. Фото datacenters.com сайтынан алынды

"Жаңа ЖИ экономикасына керек электр қуатын дамыған елдер өндіре ала ма және ондағы ескірген желі жүктемені көтере ала ма?" деген алаңдаушылықтар АҚШ пен батыс елдерінде күшейіп келеді. Сарапшылар қосымша қуат мәселесі туралы қазір ойланбасақ, ЖИ-ді дамыту арманын жақын онжылдықта көру мүмкін болмайды дейді.

Қазірдің өзінде кейбір компаниялар электр қуатын аз тұтынатын процессорлар жасауды қолға алуда. Олар деректер орталықтарында энергия тұтынуды 15%-ға дейін азайта алады.

Энергияның әрбір тамшысын үнемдеу өнімділікті арттыруда түбегейлі басқа дизайн болатынын мамандар дәлелдеп берді. Мысалы, өте танымал Nvidia-ның Grace Blackwell ЖИ чипінде энергия тұтыну алдыңғы үлгілермен салыстырғанда 25 есе аз. Бұл  үлкен жетістік, бірақ жеткіліксіз.

Goldman Sachs есебіне сәйкес, ChatGPT-ге жіберілген бір сұрау әдеттегі Google іздеуіне қарағанда шамамен 10 есе көп энергия тұтынады. Ал ЖИ арқылы кескін жасау смартфонды толық зарядтау сияқты көп энергияны қажет етеді.

АҚШ-та 2 500-ге жуық деректер орталығы бар. Оның басым бөлігінің орналасу аймақтары мына картада көрсетілген. Фото dgtlinfra.com сайтынан алынды

Энергия тапшылығы жаңа мәселе емес. 2019 жылғы бағалау бойынша бір ғана үлкен тілдік үлгіні оқыту бензинмен жүретін бес автокөліктің өмір бойы шығарындыларына тең CO2 шығарындыларына әкелетінін көрсеткен.

Google-дің соңғы экологиялық есебінде парникті газ шығарындылары 2019 жылдан 2023 жылға дейін деректер орталығының энергия тұтынуына байланысты 50%-ға жуық өскені айтылды.

Тек Microsoft шығарындылары 2020 жылдан 2024 жылға дейін 30%-ға жуық өскен, бұл өсім де деректер орталықтарының көбеюімен байланысты. Ал Meta-ның ЖИ-ге негізделген деректер орталығын салып жатқан Канзас-Ситиде электр қуатына деген сұраныс  жоғары болғандықтан, штат билігі көмір зауытын жабу жоспарын кейінге қалдырған.

Boston Consulting Group болжамы бойынша, деректер орталықтарына сұраныс 2030 жылға дейін жыл сайын 15%-дан 20%-ға дейін өседі. Фото journal.uptimeinstitute.com сайтынан алынды

ЖИ арқылы үстемдікке ұмтылу бәсекесі

Дүниежүзінде 8 000-нан астам деректер орталығы бар, олардың ең көп шоғырлануы Америка Құрама Штаттарында. Ал ЖИ жүйелері осындай жылдамдықпен дамитын болса, онда 2030 жылға қарай олардың саны бұдан да көп болады. Boston Consulting Group болжамы бойынша, деректер орталықтарына сұраныс 2030 жылға дейін жыл сайын 15%-дан 20%-ға дейін өседі деп күтілуде. Бұл кезде ол АҚШ-тың жалпы электр тұтынуының 16%-ын құрайтын болады. Егер салыстыратын болсақ, мұндай электр қуатын тұтыну АҚШ-тағы барлық үйлердің шамамен үштен екісі тұтынатын электр қуатына тең.

«Біз ЖИ-ге негізделген қосымшаларға сұраныс көлемі бұлтты есептеулерден де көп болады деп күтеміз», – дейді Солтүстік Америка және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Vantage Data Center-дің атқарушы вице-президенті Джефф Тенч.

Көптеген ірі технологиялық компаниялар өз серверлерін орналастыру үшін Vantage сияқты фирмалармен келісімшарт жасайды. Тенчтің айтуынша, Vantage деректер орталықтары әдетте 64 мегаваттан астам қуатты пайдаланады. Мұндай қуат көлемі ондаған мың үйлер тұтынатын қуатқа тең. Ал ЖИ қолданбаларына қажет қуат бұл көрсеткішті жүздеген мегаваттқа дейін өсіруі мүмкін.

Деректер орталықтары үшін электр қуаты мен салқындату жүйесі ғана керек. Фото datacenters.com сайтынан алынды

Vantage компаниясы Калифорния штатындағы электр тапшылығын болжап, өздерінің жаңа кампустарын Огайо, Техас және Джорджия штаттарында салуда.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман бұл қажеттіліктерді алдын ала болжап, жақында күн панельдері мен энергияны сақтайтын контейнерлік модульдер жасайтын стартапқа, шағын ядролық реакторлар салуды жоспарлаған Oklo және Helion ядролық стартаптарына инвестиция салды.

Өткен жылы Microsoft корпорациясы да Helion компаниясымен 2028 жылы синтездік қуатты сатып алуды бастау туралы келісімге қол қойды. Google геотермалдық стартаппен серіктестік орнатуда, оның келесі қондырғысы үлкен деректер орталығын басқару үшін жер астынан жеткілікті қуат алады. Vantage жақында Вирджиниядағы деректер орталықтарының бірін қуаттандыратын 100 мегаватт табиғи газ зауытын салды.

Деректер орталықтарына 2027 жылға қарай салқындату жүйелері үшін 4,2 және 6,6 миллиард текше метр су қажет болады. Бұл бүкіл Ұлыбританияның жылдық су тұтынуының жартысынан көп. Фото databank.com сайтынан алынды

Серверлерді салқындату

Генеративті ЖИ деректер орталықтарына 2027 жылға қарай салқындату жүйелері үшін 4,2 және 6,6 миллиард текше метр су қажет болатынын ғылыми дәлелденген зерттеулер көрсеткен. Бұл Ұлыбританияның жылдық су тұтынуының жартысынан көп.

«Барлығы ЖИ көп энергияны қажет ететініне алаңдайды. Біз бұл мәселені өзімізден шығып, атом энергетикасы туралы ақымақ болуды тоқтатқанда шеше аламыз. Мұны шешуге болады. Ал су ЖИ-дың дамуын шектейтін негізгі фактор», – дейді Burnt Island Ventures компаниясының басқарушы серіктесі Том Фергюсон.

ChatGPT-ге жасалған 10–50 сұрау 16 унциялық (450 грамм) бөтелке суымен бірдей мөлшердегі суды қажет етеді. Бұл судың көп бөлігі деректер орталықтарындағы серверлерді салқындату үшін пайдаланылады.

Кедергілерді жойып, жаңа техно-экономикалық серпіліс жасау Қазақ Үкіметінің қолынан келе ме? Фото databank.com сайтынан алынды

Қазақстан әлемдік ЖИ-ді дамыту жарысынан қалай пайда таба алады?  

Біздің ойымызша, енді 2-3 жылда ЖИ жүйелерін жасаушы компаниялар арзан электр қуатын өз елдерінен тыс аймақтардан іздей бастайды. Қазақстан оларға жақсы әрі тартымды ұсыныс жасап, миллиардтаған доллар табыс таба алады, егер электр қуатын өндіретін жаңа стансалар салып үлгерсе. Және бұл стансалардың басым бөлігі дәстүрлі көмір мен газға негізделгені экономикалық жағынан тиімді болар еді.

Ол үшін Қарағанды мен Екібастұз аймағы, батыс облыстарды электр қуатын өндіруші кластерге айналдыру стратегиясы да ел  экономикасының әлеуетін жаңа мазмұнмен толтыратын басымдық болады деп санаймыз.

Ал АЭС салу бойынша қазақ қоғамының пікірін еңсеру қазірше мүмкін емес деп ойлаймыз. Біріншіден, оны іске асыру он шақты жылға созылады, екіншіден, АЭС-тің зиянды салдары болашақ ұрпақтың мойнына артылатын болады. Бұл туралы Aikyn.kz сайтында бірнеше материал жарияланды:

АҚШ пен Ұлыбританияда жаңа атом стансаларында қиындықтар пайда болды

Атом электр стансасын салатын компания қиын жағдайға тап болды.

Ғаламдық деректер орталықтарына қосылатын жүйелер жасау үшін бізге су мәселесін шешу қалды. Ғылыми- зерттеулерге сәйкес, Қазақстан аумағында жерасты суларының мол қоры бар. Қосымша геологиялық барлау жұмысын жүргізу арқылы су тапшылығы проблемасын шешуге болады деп ойлаймыз.

Бұл мәселеде біздің жедел қимылдайтын Үкімет басшысы мен Цифрлық даму, Энергетика және Су ресурстары министрлігі Қазақ елінің ғаламдық процестерден пайда табу мүмкіндіктерін жібермейді деп сенеміз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.