Қазақстанда «электромобилизм дәуірі» басталды. Ел тарихында тұңғыш рет, өзгесінен бөле-жара, автокөліктің тек осы түріне арналған жеке заң қабылданып отыр. Өзге автомобильдер ақы төлесе ғана аялдай алатын автотұрақтарға электромобильдер тегін тұрақтайды. Оларға кең өріс ашу үшін республикалық трассаларда және басқасында қуаттау стансаларын орнату міндетті болады. Сарапшылар арасында қызу пікірталас, тіпті қарсылық туғызған жаңа заң қандай жаңалық әкелмек?
Түтінсіз көлікке – тегін тұрақ
670
оқылды

Квота толық пайдаланылмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 18 шілде де «Кейбір заңнамалық ак­тілерге көлік және электрмобильдерге ар­налған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңына қол қойды. Бірақ бұл қос заң күшіне енген жоқ. Олар­дағы қаптаған жаңашылдыққа Үкімет, әкім­діктер, жауапты құрылымдар лайықты да­йын­­далуы, қажетті нормативтік құқықтық акті­лер әзірлеп, қабылдауы үшін өтпелі кезең бекітілді. Соған сәйкес, бұл заңдар ал­ғашқы ресми жа­рияланған күнінен күн­тізбелік 60 күн өткенде, яғни 18 қыр­күйектен соң қолданысқа енгізіледі.

Жалпы, Қазақстанда электрмобильдерге бұған дейін де қомақты жеңілдіктер берілген. Енді оған жаңа заңдардағы жаңа артық­шылықтар үстемеленіп, көліктің бұл түрін ба­рынша тартымды етуге тиіс. 

Мысалы, қазір электрмен жүретін кө­ліктерді елімізге әкелгенде оның иесі ке­дендік баж төлемейді. Электрмобильдерді бажсыз әкелу мерзімі 2025 жылғы 31 жел­тоқсанға дейін ұзартылды. Қырғыз рес­публикасының бас­тамасымен 2023 жылғы 24 қа­рашада Еу­разиялық одақтың жоғарғы органы – Еу­разиялық экономикалық ко­миссия кеңесі №134 нөмірмен осындай шешім қабылдады. 

«Бұл ретте азаматтар электрлі қозғалтқышы бар көлік құралдарын Қазақстан терри­ториясына әкелгенде, жылына 1 рет қана ке­дендік әкелу бажын төлеуден босатыла ала­ды. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңе­сінің шешімі бойынша ЕАЭО аумағында к­едендік баждан босату жеңілдігін Қазақ­станда, Арменияда, Беларусьте, Қырғызстанда тұрақты тұратын азаматтар ғана пайдалана алады», – деп түсіндірді Астана қаласы бо­йынша мемлекеттік кірістер департаменті. Ресей электрмобильдерге жеңілдік жасаудан бір­жақты түрде бас тартты. 

Ведомствоның түсіндіруінше, Еуразиялық одақ кедендік бажын төлемей, Қазақстанға әкелуге болатын электрокарлардың санын қатаң шектейді. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешіміне сәйкес, 2023 жы­лы электрмобильдерді жеңілдікпен әкелуге берілген рұқсат 15 мың электрмобиль бірлігін құрады. 2024 жылға да республикамызға 15 мыңдық квота берілді. 

Ал Бас көлік прокуратурасы автомо­биль­дерді елімізге кедендік бажсыз және салық төлеусіз әкелудің басты шарттарын қазақ­стандықтардың есіне салды. Ол жеке мақсатта ғана қолданылуы тиіс және кәсіп­керлік қызметті жүзеге асыруға пайда­ла­ныл­мауы керек. 

Бұған қоса, сол электрмобильді кедендік тазалаудан бастап, 3 жыл өткенше Ресей аза­матына немесе РФ-та тұрақты тұратын адам­ға сатуға да, тұрақты пайдалануына беруге де болмайды. 

«Алайда талдау барысында жеке пайдалану мақсатында деп рәсімделген электрмобильдерді әрі қарай қайта сату фактілері әшкереленді. Соның ішінде 2023 жылы 8 автосалон саудаға қойған электрмобильдерді жеке мақсатта пайдалану үшін деп көрсеткен. Бір ғана Алматыда көлік прокурорлары қайта сатудың 34 нышанын анықтады. Салдарынан мем­лекетке келуі мүмкін залал 100 миллион тең­геден асты. Мұндай жағдайлар бюджетке түспей қалған баж алымы, салықтар түріндегі шығын сыртында, адал емес бәсекелестікке жағдай жасайды. Бұл адал бизнесті банкрот­тыққа соқтырады», – деді Бас көлік прокура­турасының баспасөз қызметі.

Қалай болғанда, қазақстандықтар шектеулі 15 мыңдық квотаны да толыққанды пайда­ланбайды. Былтыр отандастар 7,5 мыңдай электрмобиль әкеліп, тіркеткен. 

 

Жаңа заң қандай жаңалық әкелмек?

Өмірге жолдама алғалы тұрған «көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша» жаңа заң Пар­ламентте үлкен пікірталас туғызды. Мы­салы, бір топ депутат елдегі электромо­би­лизация қарқынын арттыру үшін осы кө­ліктерді ақылы автотұрақтарға тегін қою бойынша пре­фе­ренция беретін бапты енгізді. Бұл ұсынысқа Президенттің іс басқармасы жанындағы Пар­ламентаризм институты теріс қорытынды берді.

«Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына депутаттар ұсынып отырған түзетулерге назар салайық. Заң жобасымен «Жол жүрісі туралы» заңының 42-1-бабының 4-тармағының үшінші бөлігін толықтырып, электрмобильдердің меншік иелеріне орынтұраққа ақысыз қою құқығын беру көзделген. Біз мұндай басым жағдайды «автокөлік иелері арасындағы теңдік қағидатын бұзу» деп санаймыз! Қазақстан конституциясының 14-бабының 1-тармағына сәйкес «Барлығы заң мен сот алдында тең». Осыған байланысты жобаның бұл нормасы, біздің ойымызша, ел конституциясының нормасына қайшы келеді», – деді Парла­­­ментаризм институтының мамандары. 

Бірақ соңғы сөз Мәжілісте болатын: Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Парла­менттің төменгі палатасының құзыры кү­шейтілді. 

«Бұл түзету электрмобильдерді және электр қозғалтқыштары бар гибридті көлік құ­­рал­дарын ақылы тұраққа ақы төлеуден босату жолымен электрмобильдерді пай­далануға жағдай жасау мақсатында енгізілді. Сондай-ақ коммуналдық, ақылы автотұрақтарда пар­кингтерде тегін тұрақ орындарын беруге қа­тысты нормалар көзделген», – деп табандады Мәжіліс.

Нәтижесінде, депутаттардың бастамасы өтіп, заң болып қабылданды. Жаңа заңмен қолданыстағы «Жол жүрісі туралы» заңы­ның 42-1-бабының  4-тармағы келесі маз­мұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылды: «Тиісті растаушы құжаттың негізінде электрмобильдер иелерінің көлік құралдары тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрыл­ғылармен жабдықталған орынтұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан бо­са­тылады».

Қыркүйекте күшіне енетін қос жаңа заң­ның игіліктері жетерлік. Оған сәйкес бірін­шіден, мемлекет бұдан былай жолдарды жоба­лағанда міндетті түрде электрмен қуаттау стансаларын орналастыруға жеке орын бөлуі қажет. Тиісінше, қуаттау стансалары заң жү­зінде «жол бойындағы сервис объектілері» қатарына жатқызылды. 

Екіншіден, әкімдіктер әзірлейтін ау­мақ­тарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоба­ларында елді мекенде, қалаларда электрмен қуаттау стансаларын орналастыру үшін жер учаскелері резервтелуге тиіс. 

Үшіншіден, әкімдіктерге тұрғын үй ке­шендерінде және қоғамдық орындарда электрокарларды қуаттау стансаларын жаб­­дықтауды қамтамасыз ету жүктелмек.

Төртіншіден, электрмобильдер қожайын­дары көшедегі ақы жиналатын автотұрақтарда орынтұрақ үшін ақы төлеуден босатылады. 

Бесіншіден, электрмен қуаттау стан­са­ларында, тиісті жабдық орнатылған жерде көлігін тастап кетіп, электрмобильдерге ке­дергі келтірген жүргізушілерге айыппұл салы­нады. Яғни, осы арқылы электрмен қоз­ға­латын көлік иелерінің мүдделерін мемлекет қорғайды.

Алтыншыдан, қуаттау стансаларын ор­натқысы келетін кәсіпкерлерге әкімдіктер тегін жер беруі керек: жер учаскелерін және ортақ пайдаланымдағы жерлерді уақытша пайдалануға ұсынады. 

Жетіншіден, электрмен қуаттау станса­ларының қауіпсіз жұмыс істеуіне, электр энер­гиясына қосылуға және тұтынуға қатысты талаптар белгіленеді. Ондай талаптар бол­мағандықтан, төтенше жағдайлар органдары тұрғын үй кешендерінің ішіндегі паркингтерде, жабық автотұрақтарда қуаттау орындарын жабдықтауға рұқсат етпей қойған. Сегізіншіден, жаңа заңда электр желілеріне өз бетінше қо­сылуға тыйым салынды. Өйткені депу­тат­тар­дың айтуынша, кейбір азамат бағанадан қо­сылып, көлікті қуаттау орындарын заңсыз жабдықтайтын көрінеді. 

 

Оң-терісін бағамдасақ...

Тәжірибелі жүргізуші, кәсіпкер Нұржан Қаптағаев Zeekr X қытайлық электрмобиль-кроссоверін таңдапты. Бірақ еліміздің климаты қатал, қысы аязды болғандықтан оны екінші көлік ретінде қолданады.

– Электрмобиль сатып алуды мемлекет барынша тиімді ете түсті. Оларды елге әкел­генде кедендік баж төлемін төлемейсіз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, оған утилизациялық алым да алынбайды: нөлдік коэффициент қол­данылады. Үшіншіден, көлікті мемлекеттік тіркеу ақысы да өте аз. Мысалы, жаңа авто­көлігімді мем­лекеттік тіркеу үшін 900 теңгедей ғана төледім. Төртіншіден, элек­трмобильдерге жыл сайын көлік салығы есептелмейді, оны төлемейсіз. Дегенмен көліктің бұл түрінің бірқатар кемшілігі Қазақстан халқының оған жаппай көшуіне кедергі болып тұр, – деді Нұржан.

Оның айтуынша, бензинмен, дизельмен жүретін көліктерге қарағанда, электро­кар­лардың біраз артықшылығы бар. Нақтылағанда, Қазақстанда бензинге қарағанда, электр қуаты бәрібір арзандау. 

Мұның сыртында, электрмобильдердің қозғалтқышында көмірсутек отыны жанбай­тындықтан, ол зиянды шығарынды шығар­майды деп есептеледі. Қоршаған ортаның қамын ойлаған, экологияға жанашыр адам үшін бұл – басымдық әрі маңызды фактор болса керек. 

Бұдан бөлек, электр қозғалтқышының си­паттамасы, тиімділігі де оңтайлы көрінеді. Оған беріліс қорабы қажет емес. Заманауи электрмоторлардың пайдалы әрекет коэф­фициенті жоғары – 90%-дан асады. Отынмен қозғалатын бірде-бір көлік мұндай ПӘК-ке жете алмайтыны айтылды. 

Жүргізушілер арнайы мотор майына, жағар­майға шығындалмайды. Электрокарларға қызмет ету әлдеқайда оңай, арзанырақ көрінеді. Салон ішінде шудың, діріл-вибрацияның сезілмейтіні де – жанға ләззат! Электрмо­бильдердің «қойнауында» бір-біріне сүйкеніп, үйкелетін бөлшектері мейлінше аз.

Сарапшы электрлі көліктердің кең та­ралуына кедергі болған кемшіліктерін атады. Ең бастысы – жүріс қашықтығының шек­теулілігі. Электрмоторлардың бір қуаттауы қала ішінде орта есеппен 200 шақырымдай ғана жүруге жетеді екен. Және бұл климаттық жағ­дай қолайлы болса. Күн суыса, үскірік аяз, ақырған боран үстемдік құрса, батареясы тез отырып, жүріс қашықтығы күрт кемиді, алысқа ұзай алмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ салон ішін жылыту үшін де энергия шығындалатынын ұмытпаған жөн.

Қазақстанда орта есеппен 4-5 адамға 1 жеңіл көліктен ғана келеді. Демек, көптеген отбасыда жалғыз автомобиль бар, екінші көлік ретінде электрмобиль алуға елдің қалтасы көтермейді. 

Электрокар иелері Қазақстанда электрлі көліктерді қуаттау тым ұзаққа созылатынына шағымданады. Қуаттау стансаларының екі түрі бар: баяу және жылдам. Біріншісінде көлікті қуаттауға 10 сағатқа дейін кетеді. Жылдам за­рядтаушы құрылғы 20-30 минут, әрі кетсе бір сағат ішінде қуаттап береді. Қазақстанда баяу стансалар саны басым: себебі бағасы арзандау, 3-5 мың доллар тұрады. Жылдамының құны 100 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Олар негізінен, Астана мен Алматыда орнатылған. Алайда саны аз болғандықтан, жүргізушілер жиі кезек күтуге мәжбүр. Мамандар тез қуаттау батареяның жауы екенін ескертеді. Олардың мәліметінше, аккумуляторлық батареялары уақыт өте тозып, зарядты ұзақ ұстап тұра алмайтын халге жетеді. 

Сондай-ақ әзірге елімізде, көрші елдерде үлкен трассаларда, халықаралық дәліздерде қуаттау стансаларының аздығын, тіпті жоқ­тығын естен шығармаған жөн. Салдарынан, электрокармен қазақтың ұлы даласын, ұлттық парктерін еркін аралай алмайсыз, көрші елдерге алаңсыз сапарлауға мүмкіндік бермейді.

Олай болса, мемлекет ұсынып отырған игі­ліктерді пайдаланбас бұрын азаматтар бұл кө­лік түрінің оң және теріс тұстарын тең тара­зылап, оңтайлы шешім қабылдаса, құба-құп.

Айхан ШӘРІП