Алдымен, күй кім үшін керек? Кімдер үшін тартылады? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік...
Күйіміздің күйі қалай?
4,644
оқылды

Күй өнері десек, алдымен еске оралатыны Құрманғазы мен Дәулеткерей, Тәттімбет пен Дина күйшілер екені анық. Есімі елге танымал, өз заманының асылы есептелген тұлғалар қазақ ұлттық музыка тарихының орнынан өшпестей орын алды. Бүгінде күйлері түрлі сахнада тартылып, үлкенді-кішілі отырыстардың көркі болып жатқан жағдайы бар. Әр мереке сайын сахнада күй тартылады, әр отырыс сайын күйдің құдіреті айтылады, әр жиын күйменен басталып, күйменен аяқталады. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Бірақ мына заман ағысында, бір ақпарат он минуттан кейін өзінің өзектілігін жоғалтып жатқан уақытта күйдің де насихатталуы өзіне сай қажетті деңгейде деп есептемейміз.

Алдымен, күй кім үшін керек? Кімдер үшін тартылады? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Әрине, жауабымыз айқын. Күй тыңдаушы үшін қажет. «Құлақтан кіріп бойды алған» күй тыңдаушы үшін керек. Осы тыңдарман болмаса күйдің де, күйшінің де еш қажеті болмай қалатын еді. Бүгінде күйді тыңдайтын адам қандай деңгейде? Өкінішке қарай, көбіне тыңдарманның деңгейін қанағаттанарлық деп айта алмаймыз. 90 пайыз тыңдарман далалық күй мен жасанды күйдің арасын айыра алмай жатады.

Далалық күй – атам заманнан бері ұлттық нақышы бұзылмай, барлық иірімі сақталған музыкалық шығарма. Бір-екі тұсы замана ағысымен өзгеріп кетсе де, бұл сол күйдің кемшілігі мен кеңшілігі ретінде қарастырылады. Тіпті, кейде алпауыт күйшілер өз жанынан жаңа буындар қосып, ескі күйді құлпыртып жіберетіні жайында аңыз-әңгімелерден білеміз.

Жасанды күй – домбырадан өзге музыкалық аспаптар не музыкалық қосымшаларды пайдаланып, жаңа заманға лайықталып жасалған шығарма. Әрине, мұны да шығарма деп айтуымыз керек. Бірақ ұлттық (дәстүрлі) деп айта аламыз ба? Біздің ойымызша, жоқ, айта алмаймыз. Ұлттық музыкалық аспаппен (домбыра, қобыз, сыбызғы) орындалып отырса да, шығарма бойында ұлтқа тән бірде-бір нақыш көрінбейді, байқалмайды. Нақтырақ айтсақ, «күй» атану үшін оның ұлттық музыкалық аспапта орындалғаны басты шарт емес, қазақи иірімдер мен дыбыс интонациясы болмаса, бұл тек қана домбырада орындалған музыкалық шығарма ретінде қала бермек.

Енді әуелгі ойымызға оралайық. Тыңдарман күйді құлақпен естіп, жүрек көзімен көрсе екен дейміз. Кейде аласұрған дауылды екпіннің ішінде қайғы мен қасірет жатуы мүмкін. Қарапайым ғана әуен ішкі толғанысты білдіруі мүмкін. Жүрек көзі дәл осы кезде керек. Осы ретте ғана тыңдарман қарсы бетте отырған күйшінің деңгейіне жетіп, тіпті кейде майталман домбырашы мен күйшісымақты ажырата алатындай дәрежеде бола алады.

Барлық кінәні тыңдаушыға жауып тастаудан аулақпыз. Көп жағдайда кінә күйшілердің өзінде де бар. Ойлы күй тартатын ортаға жеңіл күйді ұсынып жататын жағдайлар кездесіп қалатыны – шындық. Біздің ойымызша, мұның себебі – домбырашы білімінің аздығы. Тарихи деректерді оқып қарайтын болсақ, күйші өз күйін тыңдаушының шамасына қарап тартатынын білуге болады. Кезінде оңтүстік өлкесіне арнайы музыкалық-этнографиялық экспедициямен барғанымда, «Сүгір (Әлиұлы) күйші өз күйін тартпас бұрын, жан-жағын бағамдап алатын, жасы үлкендер болса «Қосбасар» мен «Шалқыманы», жастар болса «Бес жорға» секілді күйлерді тартатын» деп мәлімет берген ауыл ақсақалдарын кездестірген едік. Расымен де, бүгінгі күйшілік өнердегі басты мәселелердің бірі – шығарманы тыңдарманға ұсыну. Өкінішке қарай, «тыңдарман ұқпайды» деп жеңіл-желпі, зуылдай жөнелетін шығармаларды ғана орындап жүрген жайымыз бар.

Сонымен бірге қазақтың XXI ғасырдағы күйшілік өнерінде басты мәселелердің бірі – күйдің екпінін жылдамдату. Жай орындалатын күйді тездетіп тарту, желдірте ғана шертілетін шығарманы шапшаң орындау, сәл ғана екпіндете тартылатын күйді зуылдатып, халықтың назарына «ұсыну» бүгінгі күнде қалыпты жағдайға айналды. Тіпті, кейде бір күйді бірнеше есе жылдамдатып орындап жүрген домбырашылар бар.

Ел ішіндегі бір аңыз бойынша, Құрманғазы күйші ауыл аралап жүріп, бір үйге түседі. Төрде ілініп тұрған домбыраны қолына алып, түрлі күйдің басын шалып өтеді екен. Сол мезетте үйге иесі кіріп, күйшіні көреді. Бұл өз аймағында ешкім қарсы сөз айта алмаған домбырашы қыз болса керек. Ешкімді менсінбей жүрген қыз домбыраны сұрап алып, күй тарта жөнеліпті. Күй аяқталғанда, Құрманғазы: «Шырағым, күйдің оғын емес, боғын тарттың», – деп ескертпе айтқан көрінеді. Бізге ең керегі – Құрмағазының сол сөзі. Аңыздағы домбырашы қыз күйдің байыбына бармай, «білгенін» көрсетсе керек. Жас күйшілер, осы аңызды есте сақтап, «қаншалықты тез тартсам, соншалықты керемет шығады» деген қате ұстанымнан бас тартса екен деген тілегіміз бар.

Ендігі арнайы тоқталып өтпекші мәселеміз – жаңа заманның күй шығарушылары хақында. Бұл күнде жаңа күйлердің бір-біріне ұқсап жататыны жасырын емес. Кейде тіпті баз біреулер плагиат жасап, екі-үш дыбысы мен қағысын өзгертіп, «жаңа» туынды ретінде ұсынып жатады. Өкінішке қарай, мұны қазақ ұлттық музыкасына қосқан үлес деп айта қоюымыз екіталай. Күйші арнайы «күй шығарамын» деп дайындалмаса керек. Бастан өткен оқиғалар, жүрекке әсер берген сезімдер, қоғамда болып жатқан оқиғалар бәрі де тың дүниенің тууына себеп. Және осы ретте ғана жаңа күй шынымен де «жаңа» шығарма ретінде дәстүрлі музыка тарихында өз орнын алуы мүмкін.

Бүгінде ұлттық музыкаға тың әуенмен келген, өзінше иірімі бар, авторлық күйі жаңашылдыққа айналған күйшілер де жоқ емес. Қаршыға Ахмедияров, Әбдімомын Желдібаев, Таласбек Әсемқұлов, Секен Тұрысбек сияқты өнерпаздардың туындысы халық музыкасының баға жетпес мұрасы болып, ұлттық қорға енді.

Енді ең соңғы арнайы тоқталғымыз келген мәселе  – күй жарнамасы жайында. Жасыратыны жоқ, бүгінде қарапайым халықты дәстүрлі музыка концерттерінен көре бермейміз. Олардың жоқтығы адамның күйге деген қызығушылығы аздығынан емес, насихаттың қажетті деңгейде емесінен деп білеміз. Күйге қатысты қандай да бір іс-шара болса, ұйымдастырушылар музыкалық оқу орындарындағы кішкене афиша мен әлеуметтік желідегі бірді-екілі арнаулы жазбалармен ғана шектеледі. Бұл – әрине, өте аз. Өйткені көбіне жұртшылық: «дәстүрлі ән мен күйдің концерттерін дұрыстап жарнамаламайсыздар ма, естімей қалдық» дегендей пікір айтып жатады. Дұрыс пікір. Мысалдар жеткілікті. Арагідік үлкен концерт залдарда өтетін күй мен ән кешінің жарнамасын автобус аялдамаларындағы орыннан бастап, радио-телеканалдардан көріп қаламыз. Осындай жарнамасы болған кешке халық көптеп келеді. Өзіміз де көргенбіз. Ал қалған  90 пайыз жағдайда, 3 000-4 000 орындық залға тек 30-40 көрерменнің айналасындағы халық жиналады.

Қош,  сонымен бұл мақала барысында бүгінгі күннің дәстүрлі өнеріндегі бірнеше өзекті мәселеге тоқталып өттік. Біздікі – тек оқырманға ой салу. Болашақта қажетті шешімдер қабылдап, ұлттық ән мен күйіміздің жағдайын жақсартуымыз қажет-ақ. Бұл дегеніміз – орындаушылардың санымен қоса сапасын да арттыру, тың әуені мен иірімі бар жаңа заманның жаңа музыкалық шығармаларына назар аударту, күйшімен қоса тыңдарманның да тыңдау деңгейін өсіру.