Сондай-ақ Бектенов ЖОО-ларға қойылатын талаптарды әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарауды тапсырды.
Білім беру нысандары оқу жылының басталуына 100% дайын болуы тиіс – Олжас Бектенов
1,506
оқылды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарауды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Премьер-Министр жоғары білім беруде ұлттық жоғары оқу орындары мен жетекші шетелдік университеттердің филиалдары бағыт беріп отыруы тиіс екенін атап өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігіне жұмыс нәтижелері бойынша филиалдарға қойылатын талаптарды әзірлеу тапсырылды.

«Сараптамалық кеңес құрып, барлық университеттерге қойылатын талаптарды олардың әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау қажет. Жоғары оқу орындары кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Студенттік, магистрлік жұмыстардың ел экономикасы үшін нақты нәтижесі  болуы керек. Ғылым және Оқу-ағарту министрліктеріне Ғылым мен технологияларды кеңінен танымал ету жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығы – өзекті мәселе. Үкімет басшысы сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауы керек екенін баса айтты.

Өңір әкімдері, Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрлеріне барлық айтылған мәселелерді жеке бақылауға алу тапсырылды. Барлық білім беру нысандары оқу жылының басталуына 100% дайын болуы тиіс.