Күдіктілердің екеуі кісі өлтіру, тонау және бұзақылық үшін сотты болған.
Еліміздің 3 өңірінде терроризмді насихаттаған күдіктілер ұсталды
Фото: ҰҚК
860
оқылды

Терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде биыл шілде-тамыз айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарының көмегімен және прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында бірқатар іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Нәтижесінде, 5 қазақстандық ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

– Тергеу нұсқасы бойынша, олар террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында терроризмді насихаттауға, діни алауыздықты қоздыруға және адамдарды тартуға қатысқан.

Тұрғылықты жерлерін тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер және өзге де заттай дәлелдемелер алынды.

Айта кету керек, күдіктілердің екеуі кісі өлтіру, тонау және бұзақылық үшін сотты болған. Тағы біреуі бұрын лаңкестердің шетелдік лагерьлерінде дайындықтан өтіп, шет мемлекет аумағында қарулы қақтығыстарға қатысқан, – делінген ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында. 

Қылмыстық кодекстің 174, 256, 259-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге  жатпайды.