Бұл үй жануарларының орнында «шіркін, мен болсам» дейтін адамдар болуы мүмкін. Бірақ өмір қаншалықты қиын болса да адам болып туғанына қуану керек шығар. Мақаланың соңын оқыңыз.
Екі немересіне бермей, итіне 12 миллион доллар мұра қалдырған
Ғажайыпқа толы әлемде бай адамдардың шешімдерін түсіну де, қабылдау да қиын. Фото 6sotok-dom.com сайтынан алынды
4,593
оқылды

Миллиондаған долларға мұрагер болған үй жануарлары туралы жазған Quartz сайтындағы материалға сүйеніп, Aikyn.kz түсініктеме береді.

500 млн доллар байлығы бар ит Гюнтер VI. Фото ru.top-dog.pro сайтынан алынды

Ғажайыпқа толы әлемде кейбір бай адамдардың шешімдерін түсіну де, қабылдау да қиын. Өздерінің сүйікті үй жануарлардың атына миллиондаған доллар тұратын байлықты жазып, мұраға қалдырып жатқан жағдайлар жиілей бастаған. Бұл нені білдіреді? 

Еңбегімен тапқан байлықты қайда, кімге қалдырамын десе адамның еркі, әрине. Бірақ сол мұрасын аштықпын күреске, ауызсу проблемасын шешуге немесе балалардың өлімін азайтуға неге қалдыруға болмайды? Мысалы, Африка құрлығындағы жағдай өте ауыр екені белгілі. Бір жағынан, Африкаға бөлінген мол қаражаттың коррупцияның салдарынан ашкөз билік ұрлайтынын да миллионерлер мен миллиардерлер жақсы біледі. Сондықтан да мұраға қалдырған байлығы өз елінде қалып, ең болмаса сүйікті жануарына қызмет етсін деп ойлайтын болар.

Заң бойынша жануарлар ақшаға мұрагер бола алмайды, бірақ бай адамдар сенімгерлік қорлар арқылы миллиондарын үй жануарына жазып бере алады. Фото shedevrum.ai сайтынан алынды. Суретті ЖИ жасаған

Заңнамалық тұрғыда жануарлар ақшаға заңды түрде мұрагер бола алмайды, бірақ олардың иелері оны сенімгерлік қорлар арқылы үй жануарына жазып бере алады.

Үлкен отельдің иесі Леона Хелмсли 2007 жылы екі немересін еш нәрсесіз қалдырып, итіне 12 миллион доллар қалдырған кезде, бір сәтте миллионер атанған Трабл атты мальталық терьер (иттің тұқымы) халықаралық басылымдарда талқыланып, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Траблға 30-ға жуық өлім тілеген, ұрлау туралы қоқан-лоқыға толы хаттар жолданды. Мұндай қысымнан кейін судья ақыры иттің мұрасын 2 миллион долларға дейін қысқартты. Содан бері  20 жылға жақын уақыт өтті, Хелмсли үй жануарына мұра қалдырған байлардың алғашқысы болып қалуда.

«Құқықтық жүйе жануарлардың заңды мүдделері бар екенін жақында ғана түсіне бастады. Бірақ заңнамалық мүмкіндіктерді пайдалану үшін адамдар үй жануарларына күтім жасаудың жоспарын алдын ала жасауы керек», – дейді Жануарларды құқықтық қорғау қорының басқарушы адвокаты Кристофер Берри.

Кейбір адамдар өздері қайтыс болғаннан кейін жануарларына күтім жасайтын трастарға (қорлар) ақша қалдырады. Фото gismeteo.ru сайтынан алынды

Жануарлар заңды түрде ақшаны мұра ете алмаса да, адамдар өздерінің өсиеттерінде өздерінің жүндес (немесе қауырсынды немесе қабыршақты) отбасы мүшелеріне дұрыс қарау үшін мұра қалдыруда. Кейбір адамдар, мысалы, Хелмсли сияқты, иелері қайтыс болғаннан кейін жануарларға күтім жасайтын үй жануарларына арналған трастарға (қорлар) ақша қалдырады. Басында бұл идея тым оғаш болып көрінуі мүмкін, бірақ кейбір сарапшылар мұндай шешім сенімгерлікте қалдырған ақшаның кез келген түрінен еш айырмашылығы жоқ екенін айтуда.

«Барлық 50 штат үй жануарларына сенім білдірудің қандай да бір түрін заң түрінде қолдайды. Бұл Трастық басқарудың бірыңғай Кодексіне енгізілген үй жануарларын басқару ережесінде қарастырылған, – дейді Кристофер Берри.

Адамдарға қалдырған мұра сияқты, траст бенефициары (үй жануары) қайтыс болған кезде, сенімді басқарушы келесі шешімдер қабылдайды – трасты таратады немесе өсиет бойынша қаражатты басқа мұрагерлер арасында қайта бөледі. Егер бұл туралы бастапқы өсиетте айтылса. Бұған қоса, мұра қалдырушы адам отбасылық жанжалдарды болдырмау және жануарларды баспанасыз қалдырмау үшін үй жануарлары қайда өмір сүруі тиіс екенін өсиетінде толық жазып кетеді.

«Адамдардың көпшілігі өздері қайтыс болғаннан кейін қалған отбасы мүшелері үй жануарына қамқорлық жасайды деп ойлайды, бірақ біздің тәжірибеміз көрсеткендей көп жағдайда ондай жануарлар эвтанизия жасайтын жануарлар баспанасына беріліп жібереді», – дейді Лос-Анджелестегі Hope for Paws үй жануарларын құтқару қайырымдылық ұйымының негізін қалаушы Эльдад Хагар Wall Street Journal-ға берген сұхбатында.

 

Ең бай мұраға ие үй жануарлары туралы

Чупета өзінің марқұм иесінен де керемет және одан да сәнді өмірге үйренген. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Julien M. Hekimian

Карл Лагерфельдтің мысығы

Карл Лагерфельдтің мысығы Чупета өзінің марқұм иесінен де керемет және одан да сәнді өмірге бейім. Көгілдір-ақсары Бирма мысығы поп-мәдениетте із қалдырғаны сонша, атақты музыканттар Доджа Кэт пен Джаред Лето 2023 жылы Met Gala таныстырылымында Чопетта шабыттандырған костюмдер киген. Лагерфельд өз байлығының бір бөлігін Чупетаға қалдыратынын айтып, оны «кішкентай мұрагер» деп атаған. Оның қанша мұраға ие болғаны белгісіз. Бірақ Чупета өзінің атақты адамның жанындағы өмірінің арқасында тәуелсіз миллионер болды.

Манхэттендік кәсіпкер 32 тотықұсына 100 000 доллар қалдырды. Фото Shutterstock сайтынан алынды

Лесли Энн Мандельдің тотықұстары

2015 жылы ол қайтыс болғаннан кейін манхэттендік кәсіпкер Лесли Энн Мандель өзінің 32 тотықұсына 100 000 доллар қалдырды, сонымен қатар құстардың Хэмптондағы үйінде тұруын өсиетіне жазды. Мандель өзінің өгей ұлы Мэтью Герцогтан құстардың өмірін қадағалап, тотықұстардың әдеттегі өмір салтын жалғастыруын қамтамасыз етуді сұрады.

Томмазо мысығы Күлбикенің (Золушка) тағдырын қайталады: ол кішкентай қаңғыбас мысықтан миллионерге айналды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Viki Melkiu

Мария Ассунтаның мысығы

Томмазо мысығының Күлбикенің (Золушка) тағдырын қайталағаны белгілі: ол қаңғыбас кішкентай мысық итальялық жылжымайтын мүлік магнаты Мария Ассунтаның меншігіне байқаусыз кіріп кетеді. Ассунтаға мысық ұнап, асырап алады. Кейіннен мысыққа немесе оған қараған адамға 13 миллион доллар өсиет етеді. Ол 2011 жылы 94 жасында қайтыс болғанда, оның күтушісі мысық пен оның байлығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алады.

Қара мысық рекордтар кітабынан орын алды, енді оның 12,5 миллион доллары бар. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Grace Cary

Бен Ридің мысығы

1988 жылы Блэки есімді қара мысық иесінен айырылғанда, ол рекордтар кітабынан орын алды. Британдық антиквариат сатушысы Бен Ри өзінің мысық досына 12,5 миллион доллар қалдырды және қалған байлығын мысықтарға арналған қайырымдылық ұйымдарына, қызметкерлері мен жақын досы арасында бөлді. Ри қайтыс болғаннан кейін көптеген жылдар бойы Блэки Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең бай мысық ретінде танылды.

Гэйл Познер үш итіне 3 миллион доллар мұра қалдырды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Anita Kot

Гейл Познердің иттері

Майамиде тұратын бай мұрагер Гэйл Познер үш итіне 3 миллион долларлық сенім мен өз үйінде тұруды жалғастыру құқығын қалдырды. Бірақ бұл өсиет сотта үлкен құқықтық дау тудырды. Wall Street Journal мәліметі бойынша, Познердің өсиетінде оның жануарлары мен қызметкерлеріне күтім жасауға жалпы сомасы 26 миллион доллар қаралған. Познердің ұлы анасы өліп жатқанда қызметкерлері оны пайдаланды деп, сот процесінде оның өсиетіне қарсы шықты. Ол сондай-ақ қызметкерлер мол байлығын үй жануарларына қалдыруын ақтау үшін, Кончита атты чихуауа иті «Познердің еркесі» болған деген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға анасын көндірген деп мәлімдеді.

Ит жеті қазынаның бірі – қазақы тазы. Фото azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

Міне, миллиондарын үй жануарына мұраға қалдырған бірнеше оқиға осы. Бай адамдардың мұндай шешімдеріне өзіміздің ұлттық құндылықтар тұрғысынан баға беру де қиын. Итті жеті қазынаның біріне санаған бабаларымыз адам мен жануардың орнын өте дәл белгілеп берген: қандай жағдайда да «адам – адам, жануар – жануар» болып жаратылған күйінде қалуы тиіс.

Сондықтан батыстық әлемде қазір болып жатқан тым оғаш, ерсі құбылыстарды шығыстық мәдениеттің қалыбымен қабылдау да, бағалау да мүмкін емес.

Атақты ағылшын Редьярд Киплинг (Rudyard Kipling) өзінің The Ballad of East and West балладасында:

«О, Батыс – Батыс, Шығыс – Шығыс, олар өз орындарында мызғымай тұра береді,

Аспан мен Жер Жаратқан Иенің ақырғы сотында кездескенге дейін.

Бірақ Шығыс пен Батыс та жоқ, тайпа, Отан, ру да жоқ,

Егер екі мықты жердің шетінде бетпе-бет кездесе қалса!», – деп айтқан еді. 

Біз бұл жерде жалпы мағынасын бердік. Ал балладаның ағылшын тіліндегі нұсқасы мынандай:

Oh, East is East, and West is West, and never the twain shall meet, 

Till Earth and Sky stand presently at God's great Judgment Seat; 

But there is neither East nor West, Border, nor Breed, nor Birth, 

When two strong men stand face to face though they come from the ends of the earth!

Бүгінгі әлемдегі мәдени дағдарысты айқын көрсететін, түсіндіретін сөздер емес пе?!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.