Ғалымдар ғарышта керемет жылдамдықпен ұшып келе жатқан жұмбақ нысанды байқады. Ол қайда, қашаннан бері ұшып келе жатқаны әлі белгісіз болып отыр.
Сағатына 1,6 миллион  шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан нысан көрінді
Үлкен жылдамдықпен ұшып келе жатқан нысанның қайда, қашаннан бері ұшып келе жатқаны белгісіз. Фото NASA сайтынан алынды. Авторы: JPL-Caltech
14,119
оқылды

Жұмбақ ғарыштық нысан туралы gizmodo.com сайтында жарияланған жаңалыққа сүйенген Aikyn.kz оның ерекше қасиеттерімен таныстырады.

Сол жақта – ақ ергежейлі, оң жақта – CWISE J1249. Ақ ергежейлі жарылғанда CWISE J1249 одан бөлініп шыққан деген концепция. Фото gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: Adam Makarenko / WM Keck Observatory

Жұмбақ нысанға ғалымдар CWISE J1249 деген ату берген. Ол өте жылдам қозғалады және оның ерекше қасиеттері анықталды. Қазіргі кезде маңызды астрономиялық жаңалықтар жасау үшін өте данышпан болудың қажеті жоқ. Ғалымның интернетке қосылған компьютері мен бос уақыты болса болғаны.

Том Биклеге, Мартин Кабатник пен Остин Ротермихке сағатына 1,6 миллион шақырым жылдамдықпен біздің Құс жолы галактикасы арқылы ұшып келе жатқан жұмбақ ғарыш объектісін табу үшін тек осылар (интернет пен компьютер) қажет болған.

Бұл үштік «Backyard Worlds: Planet 9» бағдарламасының қатысушылары. Бағдарламада еріктілер NASA-ның пайдаланудан шығарылған кең өрісті инфрақызыл шолу телескопы (Wide-field Infrared Survey Telescope, WISE) түсірген суреттерін талдайды.

Мақсат – қоңыр ергежейлілер (планета болу үшін тым үлкен, бірақ жұлдыз болу үшін тым кішкентай газ шарлары), массасы аз жұлдыздар және Күнді айналып өтетін гипотетикалық тоғызыншы планета сияқты Күн жүйесінің шетіндегі объектілерді тіркеу.

Ғалымдар тобы бес жыл аралығында түсірілген суреттерден үлкен жылдамдықпен ұшып келе жатқан объектіні байқайды. Фото space.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA 

Үш ғалымнан құралған топқа жіберілген фотосуреттер WISE инфрақызыл камераларымен өңделген суреттер болды. Бұл камералар адам көзіне көрінбейтін жарық толқындарының ұзындығын сканерлейді. Ғалымдар тобы шамамен бес жыл аралығында түсірілген суреттерді талдай отырып, фотосуреттерде қозғалатын объектіні байқайды. Олар бұл нәтижелерді Backyard Worlds порталы арқылы басқа әріптестеріне хабарлайды.

Үш ғалым Гавайи университетінің Near-Infrared Echelletta Spectrometer телескопы арқылы нысанды қосымша зерттеп, оны CWISE J1249 деп атайды.

Бұдан кейін NASA-ның, Сан-Диегодағы Калифорния университеті мен бірнеше басқа университеттердің ғалымдар тобы деректерді зерттеуге кіріседі. Astrophysical Journal Letters журналында жариялауға қабылданған мақалада олар CWISE J1249 шын мәнінде не екені белгісіз болғанымен, оның сипаттамалары оның кішкентай жұлдыз немесе қоңыр ергежейліге жақын екенін жазады. 

Белгісіз дене өте үлкен жылдамдықпен ұшып келеді, объект Құс жолының гравитациялық күшін жеңіп, галактикааралық кеңістікке шығып кетуі мүмкін. Фото miramuseai.net сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Зерттеушілер ғарыштағы белгісіз дене бірегей траектория мен өте үлкен жылдамдықпен қозғалатынын есептеп шығарады. Оның жылдамдығының үлкендігі соншалықты, объект Құс жолының гравитациялық күшін жеңіп, галактикааралық кеңістікке шығып кетуі мүмкін екеніне ғалымдар таңғалуда. Бұл әдеттен тыс жылдамдық қана емес. Деректер CWISE J1249 құрамында темір және басқа металдар аз екенін көрсетеді, бұл оның Құс жолы алғаш пайда болғанда жаралған өте ескі нысан екенін білдіруі мүмкін.

«Оның қаншалықты жылдам қозғалатынын алғаш көргенде мен қатты толқыдым», – дейді Германияның Нюрнберг қаласында тұратын Кабатник. 

Үш азаматтық ғалымның ашқан ғарыштық дене кәсіби астрономдардың үлкен қызығушылығын туғызған. Ғарыш денесі қазір мұқият зерттелуде.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.