Жетісу өңірінің әлеуетін агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және логистика құрайды.
Үкімет басшысы Жетісу облысының әкіміне шағын және орта бизнесті дамытуға  тапсырма берді
867
оқылды

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жетісу облысындағы әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, АӨК, өңдеу өнеркәсібін және туризмді дамыту, экономикаға қосатын үлесін арттыру үшін ШОБ-ты қолдау шаралары бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

Өңірде Үкімет басшысына Алакөл ауданы Үшарал қаласының әуежайында реконструкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағының жұмысы туралы баяндалды. Нысан туристік ағынның өсуін ескере отырып, туризмді дамыту үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер орындалады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлінді, бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Президенттің биылғы маусым айында туризмді дамыту бойынша өткен кеңесте берген шағын авиацияны дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өткізу қабілеті сағатына 75 жолаушыны құрайтын Үшарал қаласы әуежайының қосымша терминалы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын баяндады. Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн демалушы келген, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жартыжылдық қорытындысына сәйкес Жетісу облысының қысқамерзімді экономикалық индикаторы 110,7%-ды құрады. Мәселен, сауда-саттық көлемі 23%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 33,8%-ға немесе 1,3 есеге, байланыс – 7,5%-ға артты. 

Жалпы, өңір әлеуетін агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және логистика құрайды.

Облыс экономикасы құрылымындағы АӨК үлесі 15,2%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығындағы өсім биылғы қаңтар-маусым айларында 1,2%-ды көрсетті. Саланы дамыту үшін 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан 1,2 млн гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 800 мың гектардан астамы ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Суару желілерін қалпына келтіру және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы дақыл өнімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Әкімдіктің мәліметінше, егін жинау науқанын ескере отырып, сала көрсеткіштерінің өсуі күтілуде.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл өңірдің АӨК саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылғанын атап өтті. 

Шағын және орта бизнес несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды арттыруға 23 млрд теңге қаражат аударылды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға баса назар аудару тапсырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.