Дана Шәріпованы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Талдықорғанда мектеп есепшісі 3 айлық сәбиімен бірге изоляторда отыр
Фото: istockphoto.com
1,399
оқылды

Талдықорғанда бірнеше мектеп пен қалалық білім бөлімінің бухгалтерлері миллиардтаған қаржы жымқырғаны үшін сотталған болатын, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Олардың қатарында сот процесі жүріп жатқанда босанған Дана Шарипова да болды. Azattyq rýhy редакциясы бала мен ананың болашақ тағдырын білу үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сауал жіберген болатын.

Дана Шәріпова Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бабы бойынша сотталған, әйел жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

«2024 жылдың 23 шілдесінен бастап № 71 мекемесінде отыр, мекемеге шамамен 3 айлық баласымен келді. Қазіргі уақытта бала анасының қасында», – делінген сауал жауабында.

ҚАЖК сондай-ақ сотталғандар сот үкімі заңды күшіне енген соң барып түрмеге ауысатынын еске салды.

«Сотталған адамға қатысты сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. № 71 мекемеге сот үкімінің заңды мәліметтері келіп түскеннен кейін ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің бекітуі бойынша Алматы облысының Жауғашты кентінің № 10 орта қауіпсіздік мекемесіне жіберіледі», – деп түйіндеді ҚАЖК баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 бухгалтері 4,5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Сотталғандардан 3 млрд теңгеден астам ақша, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын және жылжымалы мүлік тәркіленді. Кейін олардың бірінің 2 айлық нәрестесі болғаны анықталған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.