Саммит қатысушылары алдында сөз сөйлеген ведомство басшысы мұғалімнің білім беру мен бала тәрбиесіндегі айрықша рөлін және олардың еңбегі мен жетістіктерінің маңыздылығын атап өтті.
Министр Ғани Бейсембаев 1 500 педагогке ведомстволық награда тапсырды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
1,808
оқылды

Тамыз саммиті аясында кәсіби жетістіктерімен және оқушыларының жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген үздік педагогтер, шеберлер, зерттеушілер, сондай-ақ білім саласының дамуы мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін білім беру ісінің ардагерлері марапатталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Саммит қатысушылары алдында сөз сөйлеген ведомство басшысы мұғалімнің білім беру мен бала тәрбиесіндегі айрықша рөлін және олардың еңбегі мен жетістіктерінің маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет білім беру саласын дамыту мен педагогтеріміздің еңбегін лайықты бағалауға аса мән береді. Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз, сондықтан біз білім мен тәрбие беру арқылы еліміздің болашағының қалыптасуына жанашырлық танытқан ұстаздарға қай уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз», – деді Ғани Бейсембаев.

Министр сондай-ақ соңғы жылдарда білім беру саласында болған оң өзгерістерге де тоқталды. Бұл білім беру қызметкерлерінің жалақысының өсуі, жүктеменің азаюы, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын модернизациялау және т.б. 

Айта кету керек, ведомстволық наградалар Тамыз саммитінің аясында, сондай-ақ өңірлерде өткен тамыз конференциялары кезінде тапсырылған болатын. «Еңбек ардагері» медалімен 257 педагог, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен 264 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 265 педагог марапатталды. Сондай-ақ 149 педагогке Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, 517 педагогке ведомстволық дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Марапатталғандар ішінде информатика пәнінің мұғалімдері де бар, бұл олардың заманауи білім беру мен цифрлық технологияларды қолдану дағдыларын қалыптастырудағы рөлінің маңыздылығын көрсетеді. 

Естеріңізге сала кетейік, 15 тамыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі тамыз кеңестері өтті. Бүгін елордада Назарбаев Университетінің (NU) базасында өткен басты республикалық саммитке 500 мыңнан астам педагог қатысты. Саммит жұмысы «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбы аясында білім беру саласын цифрландыру, әлемдік тәжірибені ескере отырып, оқу процесіне жасанды интеллекті енгізу мәселелерін қамтыды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.