Сыр өңірінде ежелгі мәдениет пен сәулет өнерінен сыр шертетін көне қалашық бар. Тарихи деректерде «Қышқала» аталып кеткен бұл қала­шық талай құпияны қойнына бүгіп жатқаны мәлім.
Тарихы терең «Қышқала»
448
оқылды

Тарихшылардың мәліметіне сәйкес, еліміздегі ерекше сәулетті ескерткіштердің бірі саналатын «Қышқала» қалашығы Алтын Орда дәуірінде құрылғаны белгілі болып отыр. Нақты айтқанда, ХІІІ-ХV ғас­ыр­ларда іргесі қаланған ескі қалашық 1243 жылдан бастап қазіргі атауына ие болыпты. Оның бұлай аталуының да өзіндік себебі бар. Қала құрылысы күйдірілген қыштан қаланған. Қазба жұмыстарының нәтиже­сінде, қалашықтың жалпы аумағы 40-50 шақырымды құрайтыны белгілі болды. 

Қалашық облыс аумағындағы Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Тарихи орынға кезең-кезеңімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Негізінен, 2018-2020 жылдары облыс­тық бюджет есебінен  «Археолог» халық­аралық ғылыми-зерттеу орталығы (жетекшісі  – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов) тарапынан кешенді қазба жұмыстарын жүргізді. Бертін келе 2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген ғылыми-зерттеу жобалары гранты аясында «Ортағасырлық Қыш­қала (Баршынкент)»: Алтын Орда дәуір­ін­дегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жоба аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (жетекшісі М.Елеуов) археологиялық  қазба жұмыстар­ын жүргізді. Осындай зерттеу жұмыстары барысында,  сегіз қырлы ғимараттың, орта­ғасырлық кесененің, екі мұнарасы сақтал­ған қыштан салынған құрылыстың, қыш күйдіретін пештің және ХІҮ ғасырдағы құ­дықтың орындары аршылып, консервацияланды. Сонымен қатар әртүрлі үлгідегі қыш қапта­малар, қыштан жасалған ыдыс бөліктері,  тағы басқа да  жәдігерлер табылып, облыс­тық музей қорына бес жүзге жу­ық жәдігер өткізілді», – деп түсіндірді Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Дерекке сәйкес, көне қала жайында ең  алғаш 1242 жылы итальян саяхатшысы Руб­рук жазып қалдырыпты. Ал 1245 жылы Плано Карпини Сырдария өзені жағасын­дағы Янкинт (Jancint), Бархин және Орнас қалаларын орналасқан ретіне қарай көр­сетіп, бұл өңірде аты белгісіз қала өте көп екенін айтқан. Соның ішінде Бархим (Бархин) қаласының Жошы әскеріне берілмей ұзақ шайқасқаны туралы жазып қал­дыр­ған.

Жалпы шаһар жобамен ХІІІ ғасырдың орта тұсымен мерзімделеді. Құрылыс ныс­андарының жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалаған. Алайда өткен ғасырдың 50 жылдарында күйдірілген қыштан соғылған ғимараттардың басым бөлігі бұзылған.

Бүгінде қалашыққа зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан тарих ғылымдарының док­торы, профессор Мадияр Елеуов Әуелбек Қоңыратбаевтың деректеріне сүйеніп, бұл қаланы Баршынкент шаһары деп болжайды. Қышқала жайлы XV ғасыр­дан кейін жазба деректердің кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты болуы мүмкін екенін де алға тартады. Әйтсе де, үл­кен ауқымды жерді алып жатқан көне шаһар қазақтың қилы тарихының бір тар­мағы болып табылары сөзсіз.

Уақыт өте келе 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген  В.Каллаур бұл аумақты Кыс – қала (Гыш - қала) немесе тасқала деп атап, оның Перовскден шығып Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде  орналасқаны туралы жазған. Ал 1946 жылы С.Толстов басқарған  Хорезм археологиялық – этно­графия­лық экспедициясы Қышқалада  болып, оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында орналас­қанын көрсе­т­­кен. 

Кейіннен 1960 жылы Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Мұсабаевтар Қышқалада зерттеу жұмыс­тарын  жүргізеді. Бұл туралы Ә.Қоңырат­баев: «Қышқаланың мағынасы онда қыш­тан салынған кішігірім Сарай (орда) болған.... 1960 жылы біздер бірер метр жерін қазып, күйдірілген  кірпіштен жасалған бар­мақтай сырлы құмыра таптық. Ішіне 25 грамм су кетеді, тұтқасы сынған. Осы тө­бенің  астынан күміс ақша табылған» деп жазады.

«Өңірде Қышқалаға алғашқы архео­логиялық қазба жұмыстарын 1990-жылы Қызылорда мемлекеттік пединституттың Т.Мәмиев басқарған студенттер тобы жүргізе бастады.  Оған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен арнайы шақырыл­ған М.Елеуов пен Д.Талеев келіп қатысты. Сол жылдарда Қышқалада жүргізілген қазба жұмыстары нәтижелі болды. Көптеген құнды жәдігерлер табылды. Сол уақытта ашылған құрылыс­тар, табылған археоло­гиялық заттар Т Мәмиев­тің «Кейінгі ортағасырдағы  Арал өңірінің қалалары (XIII - XVIII ғғ.)» тақырыбына тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәре­жесін алу үшін жазған диссертациялық жұмысында да қысқаша жазылған. Бүгінде туристердің қызығу­шылығын тудыратын археолгиялық объектілерге жүйелі археологиялық зерттеу жұмыс­тары жалға­сын тауып жатыр. Жалпы, қазақ мемлекеті­нің бастауы болып саналатын, Алтын Орда кезеңіне жататын Асанас, Қышқала, Жент, Сығанақ секілді қалашықтарда  зерттеу жұмыстарын жүр­гізу­дің маңызы зор деп санаймыз. Бір кезеңге жататын қалаларда қазба жұмыс­тары жүргізіліп, зерттелген нысан­дарда қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізсе, туристерді қызықтыратын бірден-бір орын болары анық.  Сонымен қатар жыл сайын облыстық бюджет есебінен сақтар­дың бірегей ескерткіші Бәбіш-мола, төрт хандықтың астанасы болған Сығанақ, оғыздардың ордасы Жанкент қалашық­тарына да  археологиялық зерттеу жұмыс­тары жүргізілуде.  Қазба барысында орта­ғасырлық қалашықтардың қорғаныс қа­быр­ғалары мен мұнаралары, кесенелер­дің, тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш күйдіретін пеш­тер аршылып, консервацияланды. Жан­кент қалашығында консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік арт­ты», – дейді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.

Жалпы, «Қышқала» қалашығы кей дерек­көздерде Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те ата­лады. Негізінен ортағасырлық ескерт­кіш Алтын Орда дәуірінде ірі сауда, әрі қол­өнер орталығы болғандығы туралы айтылады. Қыш материалдардың негізінде жасалған зерттеу қала тіршілігінің хроноло­гиялық шеңберін ХІІІ-ХV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, ежелгі қалалар мен ордалардың дені Сыр бойында көптеп шоғырланғаны белгілі. Соған орай облыс көлеміндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау мақсатындағы жүйелі жұмыстар бір сәтке де толастаған емес. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы