Осы өсімдіктерді өсірумен айналысқан Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды.
Ұлытауда тікұшақтың көмегімен екі қарасора плантациясы анықталды
464
оқылды

“Қарасора-2024” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Ұлытау облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұлан тікұшағының көмегімен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында екі қарасора плантациясын тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жаңаарқа ауданында 942 қарасора бұтасы, өсімдіктерді суаруға және өңдеуге арналған құрылғы тәркіленді. Қазіргі уақытта құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіруге қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Ұлытау ауданында полиция қызметкерлері 280 қарасора бұтасын тауып, тәркіледі. Сондай-ақ осы өсімдіктерді өсірумен айналысқан Қызылорда облысының тұрғынын ұстады. Күдіктіге қатысты Ұлытау ауданының соты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған бұталар бірінші және екінші жағдайда қарасора тұқымдас өсімдік болып табылады. Екі факті бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

“Қарасора-2024” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысының 31 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан 500 келіден астам есірткі тәркіленді, сонымен қатар 2000-ға жуық қарасора бұтасы табылды", – делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.