Assystem компаниясының вице-президенті Қазақстан үшін ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың маңызын атап өтті.
«АЭС салуда 60 жылдан астам тәжірибеміз бар» – Assystem компания
2,032
оқылды

Assystem компаниясының вице-президенті Гийом Пюраве «КазАтомЭкспо» ядролық энергетика халықаралық көрмесінде компанияның ядролық энергетика саласындағы жетістіктері туралы айтып, Қазақстанға осы саланы дамыту бойынша нақты ұсынысын жеткізді,- деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Assystem компаниясы ядролық салада 60 жылдан астам жұмыс істейді және үлкен тәжірибеге ие. Біз тек Францияда ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада, оның ішінде Ұлыбританияда жұмыс істейміз. Біздің жобаларымыз Түркия мен Сауд Арабиясында да жүзеге асырылуда. Аракам жобасында біз KHNP компаниясымен ынтымақтасамыз. Қазір барлық төрт блок аяқталды. Біз сондай-ақ Чехия, Франция және Ұлыбританияда жобаларымызды жүзеге асырып жатырмыз»,- деді Гийом Пюраве.

Assystem компаниясының вице-президенті Қазақстан үшін ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың маңызын атап өтті.

«Қазақстанға ең маңызды кеңес — ядролық салада қажетті құзыреттерді дамыту. Кез келген атом электр стансасын (АЭС) салу 10 жылдан асады, бірақ іске қосылғаннан кейін, 30, 40 немесе 50 жыл бойы, жоғары білікті мамандар қажет болады. Сондықтан кәсіби және құзыретті білімді дамыту өте маңызды», — деп атап өтті Пюраве.

Сонымен қатар ол АЭС құрылысында шамамен 20 мың қызметкерді тарту қажет екенін тілге тиек етті.

«Көптеген ел алғаш рет АЭС салуды бастап, қиындықтарға тап болды. Қазақстан үшін басқа елдердің тәжірибесін зерттеу және ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен диалог жүргізу, олардың мүмкіндік пен сын-қатерлер туралы хабарын арттыру маңызды. Бұл тұрақты дамуға әкеледі»,-деді ол.

Спикер өз сөзінде ядролық жобалардың әрқашан ұзақмерзімді екенін ескертті.

«Технологиялар күн сайын дамып келеді, ал мамандар өз дағдысын үнемі жетілдіріп, құзыреттерін дамытуы керек. Бұл үлкен жауапкершілік, себебі ядролық жобалар ұзақмерзімді»,- деп баса айтты Пюраве.

Гийом Пюраве ашықтық пен халыққа ақпараттың қолжетімділігі ядролық энергетиканы табысты дамытудың негізгі факторлары екенін атап өтті:

«Ең маңызды міндет — халыққа ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету»,- деді ол.