Контрафактілі өнімдердің құрамында адам денсаулығына зиян келтіруі ықтимал түрлі улы заттар болуы мүмкін.
Шымкентте алкогольді өнімдерді заңсыз өндірген жерасты цехы анықталды
850
оқылды

Шымкент қаласында белгілі брендтердің атын жамылған контрафактілік алкогольді өнімдер өндіретін жерасты цехының жұмысы әшкереленді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Шымкент қалалық Әділет департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері контрафактілік өнімдерді өндірумен айналысқан азаматты анықтады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы ("бөтеннің тауар белгілерін заңсыз пайдалану") бойынша іс қозғалды.

– Тексеру барысында жерасты цехында спирттік ішімдіктерді құюға арналған құтыда, шығу тегі белгісіз 3 000 литр сұйықтық, сүзгі, құю жабдықтары, Absolut тауар белгісі бар 720, «Зеленая марка» тауар белгісі бар 1 400 дана бөтелке қақпақтары тәркіленді. Қазіргі уақытта әкімшілік істің материалдары сотқа жіберілді, – деді Талғат Уәли.

Әділет министрлігі қазақстандықтарды контрафактілік өнімдерді тұтынудан аулақ болуға шақырады. Контрафактілі өнімдердің құрамында адам денсаулығына зиян келтіруі ықтимал түрлі улы заттар болуы мүмкін екенін ескертеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.