Конституция күні мерекесі – өткенді саралап, жеткенді бағамдайтын сәт. Бұл ретте конституциялық реформа жүзеге асырылған 2022 жылдан бергі мерзім – Қазақстан тарихындағы ауқымды саяси реформалар мен мемлекеттік жаңғырулар кезеңі ретінде қалмақ.
Ата заң ашқан кең тыныс
653
оқылды

Шын мәнінде, ел тарихының жаңа бетіне айналған маңызды оқиғалар конституциялық реформадан бастау алды. Оның аясында ескі жүйеде қабылданған Конституцияның 33 бабына жаңа заман талабына сәйкес келетін түзетулер енгізілді. 

Жаңарған Ата Заң республиканың бүкіл саяси жүйесін қайта жүктеу процесін іске қосты. Оны халық жалпыұлттық референдумда қабылдады. 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда қоғам талқысына шығарылды: бюллетенде «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасында баян­далған ҚР Конституциясына өзгеріс­тер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдамалық сауал қойылды. Референдумға қатысқан сайлаушылардың 77,18%-ы оны жақтап дауыс берді. 

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әлішер Тас­тенов Үкімет пен Парламент депут­аттары конституциялық түзетулерге өмірге жолдама беретін, заңдық тұғырын түзетін тиісті заңдарды, норматив­тік-құқықтық актілерді барынша тез әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдай алғанын айтады. 

– Олардың алғашқы тобы VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне 2022 жылғы қыркүйекте енгізілді. Бұл заңдарды сол кездегі депутаттық корпус мұқият әрі жан-жақты қарап, пы­с­ықтап, жылдам-ақ қабылдады. Консти­ту­циялық реформа жаңа, үлкен эл­ек­торалды циклге қозғау салды. Ол 2022 жылғы 20 қарашада Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауынан басталды. Ізінше, 2023 жылғы 19 наурыз­да Мәжіліс депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың мерзімінен бұрынғы сайлаулары өтті. Содан соң Сенат құрамы да айтарлықтай жаңарды. Ауыл, кент, шағын қала тұрғындары өз әкімдерін тікелей өздері сайлап жатыр, – дейді сарапшы. 

2023 жылғы 5 қарашада аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлаудың пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Ал 2025 жылдан аудан-қала әкімдері жаппай, тұрақты негізде сайлана бастайды. Ә.Тастенов­тің пайымдауынша, бұл реформалар елдің саяси өмірін либерализациялауға, жүйенің жаңа теңгерімін орнықтыруға, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Жаңарған Конституция дамуды жандандырды

Конституциялық реформа мен соның аясында жаңарған Ата Заң, сондай-ақ қолға алынған саяси жаңғыру іс-шаралары тарихи бетбұрыстарға жол ашты. Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жаңа мемлекеттік моделді, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматын құру басталды.  

Біріншіден, Конституцияны өзгерту арқылы мемлекет басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен – мықты Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшті. «Мықты Парламент» қағидаты аясында депутаттық корпусқа айтарлықтай құқық пен құзырет берілді. 

Жаңарған Конституцияның 42-бабының 5-тармағында: «Бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды» деп қысқа-нұсқа жазылды. Президент жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салды. Ол қоғам тарапынан да қызу қолдау тапты. Себебі бұған дейін мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейткені белгілі. Бұған ендігіде жол берілмеуге тиіс.

Саяси жаңғырудың игілігі көп

Тағы бір даусыз жетістік. Кеңес заманынан қалған дәстүрмен жеке басқа табыну, тұлға культін дәріптеу тоқтатылып, «Тұңғыш Президенттің айрықша мәртебесін» бекітетін норма атаулы Ата Заңнан тегіс алып тасталды. Осылайша, «заң алдында барлығы тең» қағидатының үстем болуына маңызды қадам жасалды.   

46-баптағы «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің статусы мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңдармен айқындалады» деп келетін тармақ та алып тасталды. Сөй­тіп, «Тұңғыш Президент», «Елбасы» деген мәртебелер жойылды. Бірқатар дамыған елдің тәжірибесі бойынша Конституцияда «экс-президенттер» деген мәртебе ғана қалды. 

Үшіншіден, конституциялық реформа аясында Парламенттің, соның ішінде Мәжілістің рөлі мен құзыры күрт күшейтілді. 2023 жылдан бастап Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақтала бастады. 

VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтті. Сайлау аралас жүйе – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша өткізілді. Сайлау қорытындысында, 69 депутат – партиялық тізім бойынша 6 саяси партиядан, тағы 29 депутат – бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Қа­зі­р­гі Мәжілісте партиялық тізім бо­йынша «AMANAT» партиясынан – 40 депутат, «Ауылда» – 8, «Respublica»-дан – 6, «Ақ жолдан» – 6, Қазақстан халық партиясынан – 5, Жалпыұлттық соци­ал-демократиялық партиядан 4 депутат жұмыс істейді. 

Төртіншіден, бұған дейін Конститу­ция адамдардың қазасына соқтырған террористік қылмыстарды, сондай-ақ соғыс уақытында аса ауыр қылмыстарды жасағандарды өлім жазасына кесуге жол беретін. 2022 жылғы конституция­лық реформа аясында өлім жазасынан Қазақстан толығымен бас тартты. Жаң­ғырған Ата Заңның 15-бабының 2-тармағында енді: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады» деп жазылған. 

Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев сонау 1995 жылы қызметін тоқ­татқан Конституциялық Сотты қал­пына келтіру бастамасын көтерді. Конституцияға енгізілген түзетулердің бір тобы да соған қатысты болды. Кейбіреуге 1995 жылдан бері болған көзбояушы құрылым «Конституциялық кеңестің» аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін, бірақ Президент айтқандай, шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді. Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне бірде-бір мемлекеттік органның, тіпті Президенттің де қарсы шағым келтіруге құқығы жоқ. 

Ата Заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға не Парламенттің қарауына шығарылады. Конституциялық Сотта 8 жыл қызмет ететін 11 судья бар, оның алтауын, яғни көпшілігін, Президент емес, Парламент тағайындайды. Төрағасын Президент тағайындағанымен, міндетті түрде Сенаттың келісімі қажет. Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын осы жоғары орган 2023 жылғы 1 қаңтарда жұмысқа кірісті. 

Конституциялық реформа аясында Есеп комитеті таратылып, орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды. Елдің идеологиясын айқындайтын Мемлекеттік хатшы лауазымы орнына Мемлекеттік кеңесші лауазымы енгізілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) конституциялық мәртебесі бар органға айналды. 

Конституциялық Сот судьясы, заң ғылымдарының докторы  Сергей Ударцевтің пайымдауынша, 2022 жылдан бері жүрген жаңғырулар бірнеше бағытта өрбіді.

«Конституциялық өзгерістер, саяси жаңарулар елді демократиялық дамытуға, суперпрезиденттік республикадан ықпалды Парламенті бар президенттік басқаруға көшуге, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталды. Парламенттің мәртебесі мен рөлі артып, билікті демонополизациялауға қадам жасалды. Басқару формасының түзетілуі әлеуметтік наразылықты азайтуға, халықтың билікке деген сенімін қалпына келтіруге, ұлттық табыстың анағұрлым әділетті бөлінуін қамтамасыз етуге жол ашты», –  деді заңгер. 

Бірқатар сарапшының санауынша, кейінгі екі жарым жылдай уақыт ішінде саяси жаңғырулар және басқа да реформалар өмірге жолдама алуы үшін 40 шақты заң қабылданған екен. Қазақстан 2022 жылғы конституциялық реформа арқылы демократиялану жолымен әлеуметтік шиеленісті төмендетудің, халық бірлігін арттырудың, қоғамды дамытудың төл үлгісін паш етті. Бұл саясаттың мол әлеуеті әлі де зор және оны толыққанды жүзеге асыруға бағдарланған жұмыстар жалғасып жатыр.

Айхан ШӘРІП