Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі ретінде жиынға Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан басқа, министрлер және әкімдер ғана емес, түрлі салада қажырлы еңбегімен дараланған қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың және аймақтық қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысуымен айшықталды.
Әлеуметтік-экономикалық бастамаларға толы Жолдау
571
оқылды

Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталған. Оның жалпы мазмұнымен таныса келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтырудың жалғасы екенін  көреміз. Ашығын айтқанда, еліміздегі саяси реформалардың негізінде бұқараның саяси сауаты артып, «Әділетті Қазақстан» құру жолында  азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып жатқанын көруге болады. Ол халықтың құқықтық мәдениетіне үлкен өзгерістер әкеліп отыр. Жолдауда атап көрсеткендей, бүгінгі таңдағы басты жетістік ретінде экономиканы әртараптандыру ісінде инфляцияның баяулағанын, халықаралық резервтің 100 миллиард доллардан асқаны   туралы жаңалығы әсіресе отансүйгіш патриоттарды қуантты. Азаматтардың табысын арттыруды басты мақсатта ұстаған шешімдер жұмысты оңынан үйлестіре білгендікті байқатып,  дамуға тың серпін бергендігінің куәсі екенін айту керек. 

Ал енді биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі ретінде жиынға Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан басқа, министрлер және әкімдер ғана емес, түрлі салада қажырлы еңбегімен дараланған қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың және аймақтық қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысуымен айшықталды. Бұл тәжірибе Қазақстандағы жаңаша жолға қойылып  саяси дәстүрге айналып келеді деуге болады. Қыркүйектегі Жолдау мемлекет пен жалпы бұқара алдында төмендегідей өзекті мәселелерді көтеруімен ерекшеленді.  Жолдауда Президент тоғыз түрлі басымдыққа назар аударып, жаңаша бастамалармен мемлекеттік саясатты осы міндетті орындауға жұмылдырды. Үкіметке орындау үшін көптеген ұстыныстар мен тапсырмалар да бар. Атап айтар болсақ,  олар  төмендегідей: 

Біріншіден, ел экономикасын көтеру бағытында Заңдық жүйені жақсартуға көңіл бөлінді. Ол болашақта істелер нақты шаралармен ұштастыра көрсетілді. Жолдауда Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп ақша-несие саясаты мен фискалды  саясаттың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін елімізде жаңадан Банктер туралы заңды қабылдау керектігі айтылды.  Ол үшін банктер арқылы  Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керектігі баса көрсетілді. Сонымен қатар елдегі цифрландыруды қарқынды жүргізе отырып, салық мөлшерлемесін қайта қарау керектігі көрсетілді. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтуға көңіл бөліп, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшіру керектігі тапсырылды. Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты асығыстыққа жол бермей жан-жақты талқылау жүргізу тапсырылды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдауды келесі жылға белгіледі.

Ал екіншіден, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу тапсырылды.  Әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісінде белсенділік танытпай атсалыспай отырғандығы ескертілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажеттігі баса айтылды. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауы тапсырылды. Биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойылған құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс екендігі айтылды. Жолдауда ірі бизнес иелеріне: «Капиталды заңдастыру» үшін ел экономикасына қаржы салу қажеттігі түсіндірілді. Кәсіп иелерімен өзара келісімге келе отырып, «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болатыны, ал салынған қаржы ел игілігіне жарауы керектігі түсіндірілді. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан заңдастыру қажеттілігі айтылды.

Жолдауда еліміздің ауыл шаруашылығы басты назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту  өте маңызды міндет екені, осы саланы тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу аса маңызды міндет деп атап көрсетілді. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс екендігі айтылып, Жер ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі ретінде қарастырылуы нақтыланды. Осы тұрғыдан алғанда,  «Ауыл аманаты» жобасы арқылы отандық бизнеске жол ашуды  Үкіметке міндет етіп қойды. Оған өңірлерден нақты мысалдар келтіріліп, сол тәжірибені жалпы Қазақстанда жалғастыру ұсынылды. 

Үшіншіден, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін нығайту бойынша көлік-логистикаға байланысты Үкіметтің 17 ірі жобасы туралы және отандық автокөлік өнеркәсібіне қолдау керектігі Қарағанды облысы, Саран қаласы мысалында моноқалалардың жағдайын шешу жолдары туралы айтылды. Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту онда «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының мәселелері көтерілді. Газды ішкі нарыққа тиімді бөлу, Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын жеделдету сияқты  міндеттер қойылды. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту керектігін шегелеп айтты.

Төртіншіден, Үкіметке еліміздегі  инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласы, энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын  қайта қарау,  осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың»  шарттарын қарастыру  арқылы энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту  тапсырылды. Ал қарапайым халыққа коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың өте өзекті мәселе екені айтылды. Осыған орай Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі туралы ұсыныс айтып, оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн, деді Мемлекет басшысы. 

Елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтетін күн анықталды. Шын мәнісінде, бұл референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы да бір айқын көрінісі болып, ол – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» жаңаша рең бермек. Осылайша ашық қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізі қаланып, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі жасалынбақ. Еліміздегі жол, темір жол, әуе жолы, туризмді дамыту және осы байланыстарды цифрландыруда жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, Президент назарынан ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесі тыс қалмады.

Бесіншіден, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттырудың тиімді жолдары болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау, жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастығы, оларға қолдау көрсету, білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызда қолдану, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту, инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру  сияқты мәселелерге көңіл бөлді. Мемлекет басшысы ұстаздарды  ұлттың зияткерлік қуаты ретінде бағалап, 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуын, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырып, 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға берілуін тапсырды. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасы «академиялық туризмге» айналдырмау керектігін ескертті.  Осыған орай, Ғылым министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылыми тағылымдамаларға арналған гранттарды бөлу кезінде еліміздің ғылыми-технологиялық даму міндеттерін ескере отырып, инженерлік-технологиялық бағыттардың басымдығын белгілеуі қажеттігі туындамақ.

Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау, сол арқылы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдарға арнайы  «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетін қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттердің бағалануы арқылы еңбек адамының мәртебесін көтеру керектігі, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алатынын қоғам санасына сіңіру қажеттігін баса айтты. Осыған орай, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Білім министрлігіне білім саласы бойынша бірқатар тапсырма берілді. Оның ішінде 1 желтоқсанға дейін жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді реформалау жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, бекітуді қолға алу бар.

Алтыншыдан, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту арқылы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ретке келтіру үшін   денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлуді ұсынды. Ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызына тоқталды. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсетудің маңыздылығына орай «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру қолға алынбақ. Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болмақ. Сондай-ақ, қолдаудың нақты берілу фактісі негізінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек сомасы да көрсетілмек. Бұл шараларды жүзеге асыру тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізуді талап ететіні сөзсіз. Сондықтан да тиісті министрлік сол мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жыл соңына дейін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды деп сенеміз.

Жетіншіден, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын жалғастыра келе Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі ретінде белгіленді. «Елімізде көгалдандыру жұмысының қарқынын жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек» дей келе, «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін ескертті Президент. 

Сегізінші мәселе, еліміздегі жүріп жатқан саяси реформаларға тікелей қатысты мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруына арналды. Онда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгерісіне, пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдарының пайда болуына, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі арқылы мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырғандығы айтылды. Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны, бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік беретіндігі, мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс екендігін ескертті. Ерекше айтатын жай келесі жылдан бастап жаңа жүйеге көшіп аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетін болды. Мемлекеттік қызметкерлердің  кәсіби және моральдық қасиеттеріне ерекше көңіл бөлу керектігі ескертілді.

Тоғызыншы мәселе, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруға  арналып «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдау керектігін және  цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруына орай  туындаған қоғам сұранысы әділдік және қауіпсіздік екенін баса көрсетті. Ел Президенті «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру» деп ашық айтты. Сондай-ақ азаматтардың жеке басының қауіпсіздігі мен қатар,  әскердегі қауіпсіздік мәселесіне көңіл аударып, әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін ескертті.

Ашықтық пен толеранттылыққа негізделген  біздің еліміздің басты құндылығы бірлік пен келісім екендігі  Жолдауда ерекше айтылды. Біздің үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыратынымыз, озық ойлы ұлт ретінде алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керектігі, біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс әрі  стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет екендігі негізделді. «Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті», - деп атап көрсетті Президент.

Жалпы, Жолдау мемлекет алдындағы көптеген күнделікті міндетті шешу және елді дамытудың стратегиялық мақсаттарына жету жолдарына арналды. Сөз соңында мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – жалпы қазақстандықтардың ортақ міндеті екендігін,  осы қастерлі міндетті орындауда  әрбір  тұлғаны табанды еңбек етуге шақырды. 

Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,

Абай атындағы 

ҚазҰПУ кафедра меңгерушісі, 

саяси ғылымдар докторы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.