Кітап – ұлт руханиятын дамытып, жас буынды ізгілікке тәрбиелеуде аса маңызды рөлге ие. Осы күнге дейін әлем ғалымдары, түрлі саланың белді өкілдері оның құндылығы туралы талай рет айтып та, ақ қағаз бетіне жазып та кетті.
Жұлдыз Омарбек, «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен KitapFest фестивалінің негізін қалаушы: Қазақ тіліндегі әдебиетке сұраныс жоғары
679
оқылды

Бүгінде кітап оқуды көпке насихаттап, кітап нарығын өркендету жолында сүбелі еңбек етіп жүргендер қоғамда аса көп деуге келмейді. Солардың бірі елімізде халықаралық деңгейдегі алғашқы кітап фестивалін жүзеге асырған – Жұлдыз Омарбек. Біз әр жылы Алматы жұртшылығы асыға күтетін KitapFest жобасы, сондай-ақ қазір жаңадан жарық көрген аударма кітаптардың мазмұны мен сапасы, Қазақстандағы кітап нарығы турасында Жұлдыз Қажыкенқызымен сұхбат құрған едік. 

– Жұлдыз Қажыкенқызы, биыл Алматы жұртшылығы асыға күтетін KitapFest кітап фестивалі оныншы рет өткізілгелі отыр. Ұлт руха­ния­тын ілгерілетуде тарихы ұзаққа со­­­­­зылған мұндай тың бастама­лар­дың болуы – жетістік. Ең әуелі елі­міздегі алғашқы кітап фести­ва­лі­нің шығу тарихы мен жыл сайын­ғы даму үрдісіне тоқталып өтсеңіз. Жоба қалай дүниеге келді?

– KitapFest жобасы алғаш 2014 жы­лы тұсауын кесті. Биыл «Ба­уыр­жан» қайырымдылық қоры­ның құрылғанына жиырма жыл бол­са, кітап фестиваліне он жыл то­лып отыр. Біз кітап фестивалін қол­ға алған уақытта әлеуметтік жо­балармен он жылдай айна­лыс­тық. Сол кезде барлық әлеуметтік мә­селенің түп-тамыры білімсіз­дік­тен екеніне көзіміз жет­­ті. Осының арқасында біз қа­зақ­­стандықтарды кітап оқуға бау­ли­тын жаңа жоба жасап шы­ғар­ғы­мыз келді. Сол кездері мен Мә­дениет бас­қарма­сында қызмет еттім. Бас­шының алдына кіріп, қолға алған жоба­мыз­ға қолдау көрсетуін сұ­ра­дым. Мәдениет басқар­ма­сының бас­шысы да кітап фестивалінің өтуі­не қолдау көрсетті. Бірақ осы бас­таманы жүзеге асыра бастаған уа­қытта алдымыздан көптеген ке­дергі шықты. Олай дейтін себе­бім, 2014 жылы тәуелсіз баспалар­дың саусақпен санарлықтай болуы, кітап дүкендерінің жоқ­тығы, қа­зақша кітаптардың басы­лып шық­пауы сынды түрлі мәсе­ле­ге тап болдық. Кейіннен кітап на­ры­ғындағы осындай мәселе­лердің ше­шімі болатын KitapFest жобасы дү­ниеге келді. 

Сан мен сапада өсу байқалады

– Қоғамда кітап оқитын жас­тар аз деген жансақ пікір қалып­тас­қа­ны жасырын емес. Дегенмен кітап фес­тиваліне ағылып келушілердің са­нына қарап, бұл қалыптасып қал­ған таптаурын көзқарас екенін ба­ғамдауға болады. Фестиваль бастау ал­ған уақыттан бері оқырман саны мен кітап мазмұнының сапасында өсу байқала ма? Он жыл уақыттың ішін­де қандай өзгерістерді бастан кештіңіздер? 

– Әрине, сан мен сапада өсу бай­қалады. Тұңғыш 2014 жылы фес­т­ивалімізге шамамен 7-8 баспа үйі мен кітап дүкендері қатысты. Біз қатысушылар санын көбейтіп, іс-шараны өз деңгейінде өткізуге ты­рыстық. Алайда сол кездері фес­тивальге үлкен дүкендер мен бас­па үйлері келгісі келмеді. «Біз он­да не істейміз? Күніне қаншама кі­тап сатылмайды. Көлікпен бүкіл кітапты тасуымыз қажет. Алаңда кі­таптарды сатып болған соң қай­тадан алып қайтуымыз тиіс» деп кө­бі жобаға қатысудан бас тартты. Со­сын біз кітап дүкендері мен бас­па үйлерін көлікпен және бас­қа да қажетті заттармен өзіміз қам­­­­та­ма­сыз ететінімізді айтып фестивальге келуін сұрадық. Шынымды айт­сам, алғашында кітап дүкендері мен баспа үйлерінің артынан жү­гіру­мен болатынбыз. Ал қазір кері­сінше фестивальде кітаптарын қоя­тын орынға таласып, тіпті алаң­нан екі-үш орын алуға ниет та­ныт­қандар бар. Қазір жобамызда 70-ке жуық қатысушы бар. Бұрын жы­лына 1-2 кітаптың тұсауын кес­­сек, былтыр 50 кітаптың та­ныс­­­­тырылымы өтті. Биыл күзде 27 кітаптың тұсауы кесілгелі отыр. Олар – негізінен қазақстандық жас жазушылардың жаңадан ба­сы­лып шыққан туындылары. Тағы бір атап өтерлік өзгеріс, фестиваль ең алғаш ұйымдастырылған жылы біз­де бір ғана жазушылар шатыры бол­ды. Уақыт өте келе шатырлар са­ны да көбейді. Қазір біз мұнда түр­лі семинар өткіземіз.

Қазақ шатырына келушілерге орын жетпейді

– Алматы қаласында қыркүйек айында өтетін кітап фестивалі оқыр­­манына қандай тосынсый әзір­леуде? Биылғы фестивальдің бұ­рын­ғыға қарағанда өзіндік ерек­ше­лігі бар ма?

– Қыркүйек айында өтетін кітап фестивалінің ең маңызды өз­гешелігі – оның ауқымында. Іс-шара екі күнге жалғасады. Биыл фестивальге 70-тен астам кі­тап дүкендері мен баспа үйлері қа­тысады, сондай-ақ 100-ге жуық спи­кер сөз сөйлейді. Осы жылы ша­мамен 10 мың кітап сатылады деп үміттеніп отырмыз. Онымен қо­са, екі күн бойы өтетін фести­валь­ге 25 мыңға жуық адам келуі мүм­кін деп болжап отырмыз.   

– Он жылға жуық уақыт ішінде жоба танымал қазақстандық ав­тор­лар мен баспалардың қатысуымен 200-ден астам кітаптың тұсау­ке­серін өткізді. Осы ретте қазір көп­ші­лік назарына ұсынылып жүрген кітаптардың мазмұны мен сапасына қалай баға берер едіңіз? 

– Жазу өнері, жазушылардың кә­сі­би деңгейі, кітаптардың маз­мұ­ны мен сапасы жыл өткен сайын өсіп келеді. Қазір қазақ ті­лін­­дегі әдебиетке сұраныс өте жо­ғары деп айта аламын. Мә­се­лен, алғашқы жылдары адамдар орыс тілінде жазатын жазушы­лар­мен кездесуге ағылып келетін. Ал қа­зақ шатырына келушілер саны аз болатын. Міне, он жылдың ішін­де бұл үрдіс толық 180 градус­қа өзгерді. Керісінше, қазір қазақ ша­­тырына келушілерге орын жет­пейді. 

– Бүгінде классикадан өзге, пси­хологиялық және мотивациялық жанрдағы кітаптар дүкен сөре­лері­нен түскен емес. Сұраныс төмен деуге келмейді. Мұндай сарындағы кітаптарды KitapFest жобасынан да жиі көреміз. Қазіргі кітап нары­ғын­да аталған жанрларда жарық көрген туындыларға қалай баға берер едіңіз? 

– Әрбір кітаптың өз оқырманы бар. Сол сияқты әр жазушының да өз аудиториясы бар. Кітаптар жа­зылуы керек. Ең біріншіден, са­ны көбеюге тиіс, өйткені саннан са­па шығады. Қазір пси­хо­ло­гия­лық және мотивациялық кі­тап­­тардың сапасы жылдан жылға жақ­сарып келеді. Әрине, АҚШ пен Ресейдің кітап нарығының дең­гейіндей емес, дегенмен біз де тәй-тәй басып, алға көтеріліп келе жа­тырмыз. Келешекте бұл мәселе қо­ғамдық қордан ғана емес, мем­лекет тарапынан да қолдау тауып, жа­зушыларды қолдауға бағыт­тал­ған жобаларға гранттар көбірек бө­лінуге тиіс деп санаймын. 

Аудармашылар нарығы қалыптасуға тиіс

– Кейінгі кездері шетел әдебиеті қазақ тіліне тәржімаланып, оқыр­ман­ның әлем мәдениеті мен тари­хы­на деген қызығушылығын арт­ты­рып отыр. Жыл сайын фестивальден де аударма кітаптар ерекше орын ала­ды. Дегенмен кейбірі ана тілі­міз­ге аударылған шығармаларға көңілі тол­май жатады. Қазір отандық бас­па үйлерінің оқырман назарына ұсы­нып отырған аударма кітап­та­рының сапасы мен мазмұнына көңі­ліңіз тола ма? Не жетіспейді? 

– Иә, көңілім толады. Аударма са­ласы – өте күрделі жұмыс. Қазір кі­тап нарығында қызмет етіп жүр­ген қыздар мен жігіттер әлем әде­бие­тін ана тіліне жоғары сапада ау­дарады деп білемін. Өзім де олар­дың кітаптарын оқимын. Тыр­нақ астынан кір іздесең, іздей бе­ресің. Біз көп кітапты қазақ тіліне аудара берсек, соңында сапалысы шығады. Өйткені біздің қоғамда биз­нес, мотивациялық кітаптарды ана тіліне тәржімалайтын аудар­ма­­­шылар нарығы қалыптасуы тиіс. 

– Білуімізше, былтыр кітап фес­тивалінде 50-ден астам кітап дү­кендері мен баспалар өз өнімдерін ұсын­са, одан бөлек 28 жаңа кітап­тың тұсауы кесілді. Ал осы жолы фес­тиваль аясында қандай жанр­да­ғы кітаптар оқырман қауымға жол тартпақ?

– Биыл «Жошы хан» және «Ке­­­­рей мен Жәнібек» (Ильяс Юсуф), «Қа­зақстан құстары. Далалық анық­­­­тағыш» (Эльмира Мустафа жә­не биолог), «Атың шықпасы под­каст жаса» (Әйнел Әмірхан жә­не Бақытгүл Салыхова), «Мың ға­жайып: Италияға саяхат», «Мар­ко Полоның шытырманға толы саяхаттары» – автор: Жеронимо Стил­тон (Раиса Сайран Қадыр жә­не Эдоардо Крисафулли), «Google-де жоқ сұрақтар» (Еламан Тө­леутай), «Не үшін кітап оқу ке­рек?» (Данияр Жігітбек, Шра­зад­дин Канизов, Мирас Кесебаев), «Песни соляных озер» (Бекнур Ки­сиков), «Қаныш және ғылыми майдан» (Санжар Керімбай және Айбек Нәби), «Мед и немного по­лыни» (Мария Омар), «Тау құ­сы» (Елдос Тоқтарбай), «Аус­тор­синг. Искусство делегирования» (Ма­рия Лемеза), «Отрарский ку­пец» және «Сокровища Отрарс­ко­го купца» (Есенғали Садырбаев) кі­таптары оқырман назарына ұсы­нылады. 

– Фестивальге қатысуға ниет біл­дірген баспагерлер мен автор­лар­ға қояр белгілі бір талаптарыңыз бар ма? 

– Алғашында біз фестивальге қа­тысуға ниет танытқан баспа үй­лері мен кітап дүкендеріне бас­ты­сы жобаға келуін әрі қуана күте­ті­ні­мізді айтатынбыз. Олардан тек орын­дарын жинап, қоқыс таста­май кетуін сұрайтынбыз. Биыл біз бұл талаптарымыздың ауқымын кеңейттік. Ең бірінші талап, біз бас­па үйлері мен дүкендерге ша­тыр береміз. Олар сол шатырды бе­зендіруге тиіс. Екінші тала­бы­мыз, қатысушылар жоба туралы ақ­паратты өз парақшасында жар­на­малауы қажет, яғни ауди­тория­сын фестивальге шақыруы маңыз­ды. Үшінші талабымыз,  фес­­ти­­вальге келушілердің арасында кітаптарға ұтыс ұйымдастыру. Биыл 1000-ға жуық кітапты ұтысқа қоямыз. Сон­­­дықтан барша оқырманды кітап фестиваліне шақырамыз. Сіз­дерді мұнда өте тиімді бағада түр­лі кітап пен қызықты кезде­су­лер күтеді. Сонымен қатар фес­ти­вальге келушілер сүйікті жазу­шы­сының өз қолтаңбасымен кітабын алу­ға мүмкіндік алады. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ