Жаңа оқу жылы басталды. Еліміздегі жоғары оқу орындарына ондаған мың студент оқуға түсті. Соның ішінде биыл 280 талапкер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын таңдап, музыка өнерін меңгеруге бел буды.
Гаухар Тасбергенова: Консерваторияны жаңа деңгейге көтеру – басты мақсат
697
оқылды

Қазақстан мен шетелдерде қажет білікті мамандарды даярлауды жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келе жатқан еліміздің жетекші музыкалық жоғары оқу орнына биыл – 80 жыл. Көпке белгілі музыканттарды тәрбиелеп шығарған бірегей білім ордасының бүгінгі жағдайы, консерваторияның биылғы мерейтойын қалай тойлау жоспарланып отырғаны, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен оқыту үдерісіндегі мәселелер, студенттер мен профессорлар қандай қиындықтарға тап болып жатқаны туралы ректор Гауһар Тасбергеновамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Гауһар Қошқарбекқызы, ректор қыз­метіне тағайындалғаныңызға көп уақыт өт­пе­ді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі музыка сахнасына кадр дайындап отырған білім ордасының басшысы қызметіне кіріскен­іңізге екі ай болды. Студенттерді қабылдау­ға дай­ын­дала алдыңыз ба? 

– Қызметке жаңа тағайындалғаныммен, консерватория өзім түлеп ұшқан мектебім. Менің бүкіл өмірім консерваториямен бай­ланысты. Осы жерде фортепиано сыныбын бітірдім. Кейін осында «Арт-менеджмент» бағдарламасы бойынша PhD докторы атандым. Сондықтан консерва­тор­ия сту­денті болудың қандай екенін жақсы біле­мін.

Дайындыққа келетін болсақ, жаңа оқу жылына тастүйін әзірміз десек те болады. Биыл 250 студентті грантқа, 30 студентті ақы­­лы негізде қабылдадық. Қазір бізде 20-дан астам мамандық бойынша 14 кафед­ра бар.

Біздің жоғары оқу орны бұрыннан өз оқытушыларының жоғары кәсіби шебер­лі­гімен танымал. Соның арқасында біз Қа­зақстаннан тысқары жерлерге де таны­мал әйгілі музыканттардың тұтас бір шо­ғы­­р­ын тәрбиеледік. Оқуын жаңа бастап жат­қан студенттеріміз де бүкіл ел мақтан ететін көрнекті өнерпаздар болатынына шын жүректен сенемін.

– Қандай мамандықта болсын, оқыту­дың академиялық жағынан бөлек, практи­ка  мә­се­лесі өте өзекті. Музыканттарды дай­ын­дау­да практика қалай жолға қойыл­ған?

– Иә, музыканттарды дайындау ерек­ше тәсілді қажет етеді. Студенттердің бар­лы­ғы бірдей солист немесе концертмейстер бола бермейді. Көбі екінші немесе үшінші скрип­ка ретінде оркестрде жұмыс істейді. Бұл да арнайы тәжірибені қажет етеді.

Біз студенттермен жұмыс істеуге бел­гілі музыканттарды шақырамыз. Осылай­ша, олар нағыз кәсіби мамандардан сабақ алады. Мысалы, бізде «Астана Опера» театрының бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева, дарынды дирижер Қанат Омаров­ сияқты шеберлер сабақ береді. Бұл сту­денттердің солист шеберлігін мең­геріп қана қоймай, оркестрде жұмыс істеуді үйренуіне мүмкіндік береді. Бұл олар­дың болашақ мансабы үшін өте маңыз­ды.

– Консерваторияның өз студенттік ор­кестрі бар ма?

– Әрине. Консерваторияда бірнеше студ­енттік оркестр бар. Қазір бес оркестр – симфониялық, камералық, халық аспап­тары, фольклорлық және үрмелі аспаптар оркестрлері жұмыс істейді. Бұл музыкант­тарды дайындаудың маңызды бөлігі. Біз студенттердің прак­тикалық тәжірибе алуын барынша қамта­масыз ету үшін белсенді қызмет атқарамыз. Өңірлерден келген муз­ы­ка­лық колледж­дердің үздік студенттерімен тәжірибе алма­суды да енгізіп жатырмыз. Бұл оларға біздің студенттермен оркестрде бірге ойнауға мүм­кіндік беріп, кәсіби өсуі­не, одан әрі дамуына ықпал етеді.

Симфониялық оркестріміз жоғары дең­гейде өнер көрсетіп жүр. Тамыз айында Мәскеуде атақты маэстро Юрий Башмет ұйымдастырған Әлемдік жастар оркестр­лері фестиваліне қатысты. Консерватория­ның сегіз студенті Юрий Абрамовичтің же­­тек­­шілігімен Моцарт бағдарламасын орын­даған ТМД елдерінің біріккен жастар симфония­лық оркестріне іріктеліп алын­ды. Бұл жас музыканттар үшін үлкен жетіст­ік. Сондай-ақ біздің оркестр сту­дент­­тік оркестр болса да, үздіксіз дамып, үлкен жетістік­терге жетіп келе жатқаны­ның дәлелі.

– Жетістіктермен қатар консерва­тор­ия­дағы кейбір мәселеге де тоқтала кетсек. Мысалы, жақында ғана Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов консерваторияда бірнеше проблема барын айтып пікір білдірді.

– Иә, Ринат Рифхатұлының пікірін мен де естідім. Әрине, өзі консерваторияға келіп, көзімен көріп кетсе жақсы болар еді, 100 рет біреуден естігеннен бір рет өз көзі­мен көрген артық қой. Өйткені про­блема­л­ар жоқ емес, оны ашық айту керек, соның ішін­де депутаттардың да мәселені білгенін құп көреміз. Мысалы, жақында бізге бір­қа­тар мәселе бойынша Мәжілістің Әлеумет­тік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов арнайы келді. Бұл кез­десу өте маңызды қадам болды. Шығар­ма­шы­лық университеттер саласындағы заңнаманы жетілдіруге қа­тысты бірқатар мәселені талқыладық. Мысалы, Doctor of Art мамандандырылған докторантурасын ашу, магистратура бағдарламалары мен док­торанттардың жарияланымдарына қойыла­тын талап­тарды өзгерту, сондай-ақ концерт­мейс­терлердің жалақысын көтеру. Бұл өзгер­іс­тер музыкалық білім беру сапа­сын айт­ар­лықтай жақсартады.

Ең алдымен, консерватория мәселе­лері­не назар аударып отырған барлық жан­ашыр қайраткерге, соның ішінде Мә­жіліс депутат­тарына шын жүректен алғыс­ымды білдіре­мін. Бұл біз үшін өте маңыз­ды. Өзекті мәсе­лелерді жоғары дең­гейде көтеру оны тиімді шешуге мүмкіндік бер­еді.

Ұзақ уақыт бойы консерватория бас­шы­лығы белгілі бір шешімдерге жауап­керші­лікпен қараған жоқ. Салдары­нан бүгінде көптеген мәселе туындап отыр. Иә, консер­ва­торияда қиындық тудырып отыр­ған мәсе­лелер бар. Мысалы, матер­иал­дық-тех­ни­калық база ескірген, жаңар­туды қажет етеді. Жалпы, қаржылан­дыру көлемі ұл­ғайса, жоғары білікті маман­дарды даяр­лауға, Қазақстанның музыка өнерін дамы­ту­­ға үлкен септігін тигізер еді. Тарихи ма­ң­ы­зы зор кон­церт­тік залдарымыз күрделі жөн­деуді қажет етеді. Әсіресе, орган залы. Оны қал­­пы­на келтіру үшін айтарлықтай қар­ажат қажет. Бұл мәселелер жедел шешуді талап етеді. Біз­­дің меценат­тар мен демеу­шілер де осы қажет­тіліктерге назар аудара­ды деп үміт­­тенемін.

Ректорлық қызметке тағайындалған кезімде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева консерваторияға қатысты проблемалық мәселелерді анықтап, оның алдағы даму стратегиясын ұсынуды тап­сыр­ған болатын. Біз осы бағытта негізгі ұсынымдарды дайындап, талқыладық. 

Ал­да­ғы уақытта министрлікпен бірлесе отыр­ып, осы мәселелерді шешу бойынша жұ­мыс істейтін боламыз.

Консерваториямыздың келешекте да­муы үшін аса маңызды мәселелерді ше­шуде қамқорлық танытып, белсенді қол­дау көр­сет­кен депутаттарымызға тағы да алғыс айта­мын. Бірлескен күш-жігердің арқасын­да өнер ордасын жаңа деңгейге көтеріп, оның одан әрі өсіп-өркендеуін қамтамасыз ете аламыз деп сенемін.

Проблемаларға осылай көңіл бөліп, ашық айтудың арқасында біз консерва­торияның оқу үдерісі мен материалдық-техникалық бөлігін тиісті деңгейге жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ал сұрағыңызға қайта оралсақ, профессорлық-оқытушы­лық құрамды қысқарту болған жоқ. Қыс­қарту алдағы жоспарымызда да жоқ екенін толық жауапкершілікпен айта аламын. Себебі біз үшін әрбір ұстазы­мыздың орны ерекше. Түптеп келгенде, олар қазақ мә­ден­­иетіне қажет бірегей кадрлар.

– Консерваторияның алдағы мерейтойын қалай және қай деңгейде өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына 80 жыл толып отыр. Бұл – әйгілі музыканттардың тұтас бір буынын тәрбиелеп, әлі де Қазақстан мен әлемнің музыка өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан оқу орнымыз үшін маңызды да атаулы дата.

Мерейтойлық шаралар қараша айы­ның соңында басталып, жоғары деңгейде өтеді. Желтоқсан айының басында үлкен мерей­тойлық концерт болады. Оған консерва­тор­ия­ны дүниежүзіне танытқан атақты түлек­терді шақырдық. Қонақтар арасында біздің консерваторияның құр­метті про­фес­сор­лары да болады. Олар – музыкадағы әлем­дік есімдер. Бірақ нақты кім келетінін айт­­пай-ақ қояйын. Бұл біздің қонақтары­мыз бен қатысу­шы­ларымыз үшін ерекше тосынсый болмақ.

Мерейтойлық шаралар бір аптаға созы­лады. Әрі тек концерттермен шек­тел­мей, мерейтойға маңызды шығарма­шылық элемент қосатын шеберлік сабақ­­тарын да қамтиды. Барша қазақ­стандықты Алматы­ның ең үлкен алаң­дарының бірінде өтетін осы айтулы шараға қатысуға шақырамын. Бұл біздің консерваториямыз үшін тарихи оқиға болады деп сенемін.

Біз өз тарихымызды мақтан тұтамыз және алда әлі талай жетістіктер мен үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдіміз!

– Әңгімеңізге рақмет! Қызметіңізге сәт­тілік тілеймін. Алдағы мерейтойларыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН