Жақында еліміздің такси нарығына тағы бір шетелдік ойыншы енуі мүмкін деген хабар тараған болатын. Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, эстониялық Bolt компаниясы Қазақстан такси саласында ынтымақтастық мәселесін қарастыруда.
Бәсеке белгілеген баға берекелі
коллаж: Елдар ҚАБА
749
оқылды

Билік өкілдері қазір «Яндекс» пен InDriver такси қызметтерінің жұмыс істеуі бәсекелестік орта құруға негіз деген пікірде. Дегенмен баға жағынан салыстырсақ, еліміздегі такси құны ТМД елдері арасында әлі де ең жоғары деңгейде екенін көруге болады. Ал баға мәселесінің төмендеуіне нарыққа жаңа ойыншының енуі түрткі бола ала ма?

Bolt – Еуропадағы танымал қыз­мет, «Яндекс» таксидің ба­лама­сы деуге болады. Билік Bolt такси қызметін іске қосу үшін қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Үкімет бұл такси агрегаторлары арасын­дағы бәсекелестіктің артуына әсер етіп, қызмет құнын төмендетуі мүмкін деген пікірде. Қазақстанда 2019 жылдан бастап Bolt компа­ниясының нарыққа енуі талқы­ланып келеді. Дегенмен 2022 жылы қытайлық Didi такси қыз­метінің 1,5 жыл ішінде жұмысын тоқтатқанын еске алсақ, жаңа ойыншы сәтті жұмыс істеп кете ме деген сұрақ туады.

Отандық такси қызметіне қолдау бар

Вице-премьер, Ұлттық эко­номика министрі Нұрлан Бай­базаровтың айтуынша, мемлекет отандық такси агрегаторларына қолдау көрсетуге әзір. Дегенмен бүгінде олар ресейлік алпауыт компаниялармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмайды. Мар­ке­тинг, жарнама жетілмегендіктен қазақстандықтар мұндай отандық сервистердің бар екенін де білмеуі мүмкін. Ведомоство өкілі отандық такси агрегаторлары мемлекеттен 3 миллиард теңгеге дейін арзан несие ала алатынын мәлім етті.

«Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшер­леме­сінің бір бөлігі субсидияланады. Кәсіпкерлерге жылдық 8%-дық мөлшерлеме бойынша, ал әлеу­меттік кәсіпкерлік субъектілеріне, батыс және оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлеріне жылдық 7% мөл­шерлеме бойынша кредиттер беріледі. Несие сомасы – 3 млрд теңгеге дейін. Жалпы, бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдау шаралары салалық шектеулерсіз және жобаларды іске асыратын басқа да кәсіпкерлер үшін ұсы­нылатын болады», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар отандық такси қызметтеріне отандық өндіру­шілердің жеңіл автомобильдерін жалға алу және лизингке қолдау көрсетілетінін айтты. Құны бір данасына 10 млн теңгеден ас­пайды.

Бағаға бақылау керек пе?

Такси қызметіндегі дау – сұраныс артқан сәтте аспандап кететін бағасы болып отыр. Тіпті, бұған дейін халықтың наразылығы себебінен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс» такси қызметіне тексеріс жүргіз­ген еді. Нәтижесінде, биыл сең қоз­ғалып, «Яндекс» такси қыз­меттеріне сұраныс ең жоғары болған жағдайларда, мысалы, ауа райының қолайсыздығы немесе мереке күндері тарифті үш есе­ленген коэффициенттен жоғары­латуға шектеулер енгізетін болды. Осы деңгейден жоғары баға үлесі бір тоқсан ішіндегі сапарлардың 5%-нан аспайды. ҰЭМ өкілінің сөзінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында құнның үш еселенген коэффициентімен 238 мың тап­сырыс жасалған, оның жалпы үле­сі 0,15% деңгейінде қалып отыр. Дегенмен Нұрлан Байба­заровтың сөзінше, компания кез келген уақытта Қазақстан билі­гінің талаптарын орындауды тоқ­татуы мүмкін. Сол себепті осы та­лап­тар мен шектеулердің орын­далуын бақылау қажет. Моно­полия­ға қарсы комплаенстің орын­далуын Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі арнайы мониторингтік топ арқылы бақы­лауға ниетті. Топқа көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Цифрлық даму министр­ліктерінің, сондай-ақ таксопарк­тер қауымдастығының өкілдері кіреді.

Болашақта жолаушылар мен жүргізушілер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін монополияға қарсы агенттік тиісті заңнамаға түзетулер енгізуге бас­тамашы болмақ. Жаңа заң жобасы жүргізушілерге такси парктеріне тәуелді болмай, «Яндекс» такси­мен тікелей жұмыс істеуге мүмкін­дік береді. Екіншіден, егер заң қабылданатын болса, онда ол қазақстандық тарапқа ресейлік бағдарламалық жасақтаманы, сондай-ақ баға белгілеуге әсер ететін факторларды егжей-тегжейлі зерделеуге құқық береді. Такси тарифтерінің қалай қалып­тасатынын, ауа райының қалай ескерілетінін, мерекелік сұра­ныстың артуын, жүргізушілердің жоқтығын және басқа фактор­ларды түсіну керек. Ақпараттық тех­нологиялар саласындағы тә­уел­­сіз аудиторлық компания агенттікпен және Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп алго­ритмдік баға белгілеу аудитін жүр­гізу жоспарлануда.

Дегенмен бұған дейін қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев кез келген салада бағаны бақылауға алу нарық заңдылықтарына қай­шы деген пікірімен бөліскен болатын. 

«Мұндай бастама егер байып­ты қарастырылса, бәсекелестіктің төмендеуіне әкеледі – егер пайданы көбейту мүмкін болмаса, жаңа ойыншылардың нарыққа шығуының мәні неде? Сонымен қатар қазірдің өзінде комиссия алмайтын немесе минималды ақы алатын бәсекелестер бар – бірақ оларда жолаушылар да, жүргізу­шілер де жоқ. Сонымен қатар егер ол қарапайым математика әдісі­мен қаруланған болса да – комис­сияның төмендеуімен жүргізуші бұдан артық алмайды, сапар құны төмендейді, бірақ қызмет сапасы  да төмендеуі мүмкін және бюд­жетке салықтар азаяды. Шын мә­нінде, нарықтық экономикада мұндай араласуларға жол беріл­меуі ке­рек», – дейді ол.

Нарыққа әркімнің-ақ бар таласы

Energyprom сараптама орта­лығы ТМД елдерінің ішінде ең қымбат такси Қазақстанда тіркел­генін мәлімдеді. 2023 жылы елі­міз­дегі такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы бір жылда 17%-ға өсіп, 5,9 млрд тең­геге дейін ұлғайған. 2023 жылы жеңіл көлікпен тасымал қызметін 47,4 млн адам пайдаланды – бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 39,8 млн адамға жеткен. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 36,4 пайызға артық. Ал жолаушылар айналымы бір жылда 44%-ға, 1,4 млрд  шақы­рымға дейін қысқарды.

«Такси қызметінің негізгі капи­талына салынған инвес­тициялар 2022 жылы 495,1 млн теңге болса, былтыр 751,9 млн теңгеге жетті. Инвестициялар бір жылда 51,8%-ға өскен. Алматы – ең көп салым салынған қала­лардың бірі. Мұндағы инвестиция көлемі 360,6 млн теңге болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,9 есе көп. Қазақстан Респуб­лика­сы аумағы бойынша Алматы қаласының үлесі 48%-ды құрайды. Сондай-ақ 2023 жылдың желтоқ­санында таксимен жүру былтырғы жылдың желтоқсанымен салыс­тырғанда 9,1%-ға қымбаттады. Өңірлік бөліністе бағаның өсуі Алматы тұрғындары үшін қатты сезілді, яғни 2023 жылы 30,3%-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Ақтөбе және Абай облыстары тұр: қымбатшылық көрсеткіші тиі­сінше 22,1% және 17% болды. Ал қымбатшылық көрсеткіші ең тө­мен өңір – Маңғыстау облысы – 1,2%. Тағы үш облыста – Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғыдай дең­гейде қалды», – делінген есепте.

Ал Numbeo порталы әлем бойынша стандартты тариф бойынша 1 шақырым есептегенде такси қызметтерінің ең жоғары бағасы Швейцарияда (4,63 АҚШ доллары), Люксембург (3 3,29 АҚШ доллары) және Кувейтте (3 3,25 АҚШ доллары) тіркелгенін мәлімдеген. Орташа есеппен Қазақстандағы такси қызмет­терінің құны 0,61 АҚШ долларын құраған. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Мысалы, Әзербайжанда стан­дартты тариф бойынша таксимен жүру құны АҚШ долларымен есептегенде  1 шақырымға 0,59 доллар, Ресейде – 0,34, Украинада – 0,32, Беларусьте – 0,31, Ар­мения мен Өзбекстанда 0,3 АҚШ дол­ларын құрайды. Сонымен қатар әлемдегі жағдай бойынша на­рықта Uber, Grab, Bolt, Entriver, Yandex сияқты 8-10 әлемдік компания үстемдігін көреміз. 

«Кәсіпкер» көлік жүргізуші

Мемлекеттік кіріс комитеті «Яндекс» таксимен бірлесіп Астана және Алматы қалаларында «Яндекс» такси қосымшасы арқы­лы қызмет көрсететін такси жүр­гізушілеріне арналған пилоттық жобаны іске қосты. Қатысушылар саны 4 400-ден астам жүргізушіні құрады, тек биылғы жылдың қаңтар айында жобаға 2 800-ден астам такси жүргізушісі қосылды (жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылғы жел­тоқсан). Жолау­шы­ларды тасы­малдау қызметін көр­се­тетін 17 мың жеке кәсіпкер тір­кел­ген. Қар­жы министрілігінің мәлім­деуінше, жоба такси жүр­гізушілері таксопарктердің дел­далдық қыз­меттерін алып тастауға мүмкіндік береді. Осы арқылы қаражатын үнемдеуге және олар­ды салықтар мен әлеуметтік тө­лем­дерді төлеуге бағытталмақ. Осылайша, жүр­гізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарты­лады. Жеке кә­сіпкер ретінде тір­кеуді оңайлату, нақты алынған кірістің 1% мөл­шерінде салық төлеу, салық есеп­тілігін ұсыну бо­йынша міндет­темелердің болмауы қарастырылған.  Сондай-ақ Glovo, Wolt, InDrive және тағы басқа сияқты компанияларды жобаға қосу жоспар­лануда.

Кәмила ЕРКІН