Биыл жатақхана мәселесі дағдарысқа айналып кетті. Содан мемлекетке әрбір ЖОО жанынан жағдаяттық және дағдарыс орталықтарын ашуға тура келді.
Жатақхана неге  «шатақханаға» айналды?
коллаж: Елдар ҚАБА
2,213
оқылды

Сарапшылардың пікірінше, бұл бұрынғы Білім жә­не ғылым, қазіргі Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лі­гінің білім қуған жастарды баспанамен қам­ту бойын­ша ұзақ жыл жүргізген жұмысының ұтым­ды, тиімді бол­мағанын паш етті. Ата-аналар ірі қалаларға оқуға ат­­тан­ған балаларының далада қал­ғанына қапа болады. Дағдарысты еңсеру үшін не істеліп жатыр?

Жатақхана қайда, министр мырза?

Ержан Хамит (сұрауы бойынша тегі өзгертілді) биылғы ҰБТ-да жоғары балл алып, «электротехника және автоматиза­­ция» мамандығы бойынша алматылық беделді университетке түсті. Грантқа қол жеткізгенін біле сала тамыз айының соңына қарай қалаға жеткен. 

– Факультетімде жатақхана болатынын уәде етті. Күте тұру керек деген соң амалсыз күттім. Жерлес төрт жігіт бо­лып қала шетіндегі «Думан» ықшамауданынан үй жалдап тұрамыз. Проректорға дейін кірдік. «Мәселе шешіліп жатыр, сендер көпсіңдер, шуламаңдар, хабарласамыз!» деп шығарып салды. Президентіміз биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады ғой. Бұл – біздің жылымыз! Индустрияландыруды көгертіп, өндіріс көрігін қыздыратын blue-collar worker («көк жағалылар») – біз боламыз. Инженерлерге басқаша көзқарас болғаны дұрыс, – дейді Ержан.

Ол дағдарыс орталығына да хабарласқанын, телефонды ешкім көтермегенін айтады. Танысу-білісу барысында жоғары курстағы құрдастарынан екінші курсты бітірген соң шетелдік университеттерге ауысып кету мүмкіндігі барын білді. Ата-анасы Прагадағы Чех техникалық университетімен хабарласқан екен, ондағылар бюджеттік негізде тегін оқи алатынына және кампуспен қамтылатынына сендіріпті. Басты талап – оқуда үздік үлгерім көрсету, белсенді болып, волонтерлікпен айналысу. Сондықтан Ержан Қазақстанда білім алуға қолайлы жағдайлар болмаса, ауысуға ниетті. Бұл жерде жастарды патриот­тығының кемдігіне айыптауға асық­паған жөн. Оларға жағдай жасай алмаған жауапты шенеуніктер кесірінен қазақ елінің ақыл-ойы, дарынды жастары сыртқа кетіп жатқаны жасырын емес. 

Масқара болғанда, ЖОО-лар сияқты Ғылым және жоғары білім министрлігі де – жастардың биыл тым көптігімен ақталады. Оның дерегінше, биыл мектептерді түлектердің рекордтық саны – 188 мыңнан астамы бітірді. Оның 140 мыңға жуығы қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуге шешім қабылдады, ҰБТ тапсырды. Алайда 2024–2025 оқу жылына бакалавриатқа тек 79 мыңдай мемлекеттік грант бө­лінген. Содан ҰБТ тапсырушылардың жартысына жуығы, соның ішінде жоғары балл жинағандары да гранттан тыс қалды. Оның бір бөлігі ақылы оқуға түс­ті, қалғаны шетел асты. ЖОО-лар мен министрлік ғылым бұлағынан сусындап, мамандық игеруге ынтыққан жастардың легін игере алмады. 

Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғары білім министрлігі әрбір ЖОО  жанынан жағдаяттық және дағдарыс орталықтары ашылғанын мәлімдеді. 

– Кез келген студент өзі оқитын уни­­­­­верситеттің Жағдаяттық орталығына ха­­барласып, университеттің жатақханасында, студенттер үйінде қанша орын бар екені, онда орын болмаса, ЖОО-­ның қандай жекеменшік жатақханамен келі­сімшарты бары туралы ақпарат ала алады. Министрліктің жанынан да Жағ­­даяттық орталық құрылды, ол бүкіл рес­публика бойынша ақпарат ұсынады, – деді ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі Білім комитеті төраға­сының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Мұның сыртында ол әрбір университеттің жанында Дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін жария етті. Ауыл-аймақтан келген балалар далада қалып қой­­мауы үшін оларға университеттің қа­сынан орын тапқанша жататын орын ұсынылады екен. Негізінен, хостел түрінде. Студенттердің айтуынша, жатақхана тимеген, баспана жалдауға қаражаты жоқ кейбір шәкірттерге аудиторияларды босатып беріп, сонда жиналмалы төсек қоюға мәжбүр болған университет бар көрінеді. Аудиторияда жуынатын бөлме, душ болмайтыны белгілі, сондықтан жатақханадан орын тауып беру бәрібір қажет болады. 

Ақерке Абылайхан жатақхана тап­­шылығы ушыққан Астана, Алматы қа­­ла­ларында министрлік Дағдарыс орталықтарын ашқанын жеткізді. Оның әрқайсысына 20-30 баладан сыятыны айтылды. Алайда оқуға түскендер онда тек уақытша тұра алады. Тұрмыстық зор­­лық-зомбылық құрбандары сияқты енді білім қуған жастарға да дағдарыс орталықтары қажет болады десе, бұрын ешкім сенбес еді.

Университеттер қамсыз отырған жоқ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Сәбит Суатайдың мәліметінше, ҚазҰУ-де осы жылы түскен І курс студенттерін қос­пағанның өзінде, 20 100 студент бі­лім алуын жалғастырып жатыр. Биыл университет 4 100 грант иегерімен және ақылы негізде оқитын 3 мыңға жуық сту­дентпен толықты. Сөйтіп, ҚазҰУ сту­денттерінің жалпы саны 27 мыңнан асып кетті.

коллаж: Елдар ҚАБА

Енді қараңыз: бүгінде университеттің меншігінде 15 жатақхана бар. Бұдан бөлек, оқу ордасы 5 жекеменшік жатақхананы жалға алып отыр. Осы 20 жатақханада небәрі 7 135 орын бар. Ал ҚазҰУ студенттерінің жалпы саны 27 200-дей. Сәйкесінше, 20 мыңнан астам жасқа баспана қамын өз бетінше қамдауға немесе Алматының атақты жетімбұрышын жағалауға тура келеді.

Университеттің төл жатақханалары, жалға алған жекеменшік жатақханалары жаңадан оқуға түскен, бұрыннан оқып жүрген студенттерді 26 тамыздан бастап қабылдаған. ҚазҰУ өкілдері студенттердің бәрі бірдей жатақханаға зәру емесіне назар аудартты. Өз үйінде тұратын алматылық жастар да жетерлік.

«Біздің университетте жатақханаға тіркелу онлайн жүйе арқылы жүргізіледі. Өтініш сонда тапсырылады. Университет сайтында барлығы көрсетілген. Жалпы, 1 438 жатақханалық орынға тапшылық болды. Оны 800-і бойынша жекеменшік хостелмен келісімшарт жасап, мәселені шешіп жатырмыз», – деді Сәбит Суатай. Оның мәліметінше, университет биыл оқуға түсудің төменгі балын ұлғайту ар­қылы студенттер санын едәуір азайтыпты. Осы арқылы да жатақхана мәселесін тез арада шешу мүмкін болды дейді. 

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университетінің иелігінде тек 5 жатақхана бар. Онда 2 мыңнан астам төсек-орын қарастырылған. Орын тап­шылығын шешу үшін 2023 жылдан бері университет кәсіпкерлік секторға жүгініп, өз студенттерін жекеменшік жа­­­тақханаларға орналастыра бастады. Соның арқасында үйсіз-күйсіз жүрген 3 308 шәкіртіне жатын орын тауып берген. 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауовтың айтуынша, биыл 8 жекеменшік жатақханамен келісімшарт жасалыпты. Соның нәтижесінде 4 126 студентке баспана табылды. Бірақ тапшылық сақталды. Биыл түскен 1-курс студенттері арасынан жатақхана сұрап, кем дегенде 1 800 бала өтініш беріпті. Сол себепті алдағы жылдары жаңа 9 қабаттық жатақхананы салуды жоспарлады. Тұтастай алғанда, Абай атындағы ҚазҰПУ-да 12 мыңнан астам студент, магистрант және докторант оқиды. 

«Ала» студентті «бөле» қамтиды

ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан елімізде жатақханалардағы орындарды бөлу арнайы қағида бойынша жүретінін түсіндірді. Ол Білім және ғылым министрінің бұйрығымен 2020 жылы бе­­­кі­­тілген екен. Оған сәйкес, ең алды­­­мен жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға орын беріледі. І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, ауыл квотасымен грант алған студенттерге, қандастарға, аз қам­тылған отбасылардан шыққан ба­лаларға да жатақханадағы орын басымдықты түр­­де ұсынылады. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатындар орынмен қамтамасыз етілуге тиіс.

Шенеуніктің пікірінше, жоғары курс студенттеріне жатақханадан орын жетпей қалса, ЖОО мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған жекеменшік жатақханалармен келісімшарт жасасып, сол жерден болашақ түлектеріне орын ұсынуға міндетті. 

Министрлік өкілі республикада сту­дент­терді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешу үшін шаралар қабылданып жатқанына сендір­ді. 2024 жыл соңына дейін жаңа 17 жатақ­хананың құрылысы аяқталады. 

Сондай-ақ нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, барлық ЖОО баспанаға мұқтаж студенттерін жатақханамен қамтуға міндеттелді. Бұл жерде студенттің грантта немесе ақылы түрде білім алып жатқаны рөл ойнамайды. Бұл талапты орындамау – өрескел бұзушылық деп танылады және оған қайта-қайта жол бере берген университет жабылып тынуы мүмкін. Өйткені жатақхана орнымен қамтамасыз ету – бұдан былай лицензиялық талаптардың біріне айналды. Министрлік осы қатаң тетік арқылы да жатақхана кризисін шешуден үмітті. 

Ауыл-аймақта баласы өсіп келе жат­қан барлық дерлік ата-ананы толғандыратын, ел арасында «шатақхана» аталып кеткен проблеманы шешу үшін Президент осыдан үш-төрт жыл бұрын барлық шәкіртті жатақханамен қамту міндетін қойды. Содан бері 50 966 орындық жаңа жатақханалар ғана іске қосылыпты. 2024 жылы жалпы саны 10 576 төсек-орын пайда болмақ. Күрмеулі мәселені түпкілікті шешу үшін бұлар да аздық етеді. Сондықтан тағы 27 жатақхананы салу жоспарланған. Сала тізгінін уысында ұстаған министр Саясат Нұрбек өзін «кризис-менеджер» ретінде көрсете ала ма, әлде дағдарыс ары қарай ушыға бере ме, оны уақыт пен тәжірибе көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ