Қазақстандық команда барлығы 9 медаль жеңіп алды.
Атыраулық паралимпиадашылар елге оралды
234
оқылды

Бүгін елімізге Париж-2024 Паралимпиадасының жүлдегерлері оралды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz тілшісі. 

Олимпиада оғландарын Астана әуежайында елордалықтар үлкен қошеметпен күтіп алды.

Парадзюдо тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи жеңіске қол жеткізген Қазақстан XVII Париж Паралимпиадасын үлкен жеңіспен аяқтады.

"Паралимпиадаға дзюдодан барлығы он спортшыны алып бардық. Барлық спортшымыздың жүлдемен оралатын мүмкіндігі болған еді. Дегенмен, бес спортшымыз 1 алтын, 1 күміс, 3 қолаға қол жеткізіп отырмыз. Мұның өзі үлкен нәтиже. Тарих жаңарып жатыр. Спортшылардың жетістігіне көңіліміз толады. Енді Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындаламыз", – дейді Парадзюдодан ҚР Ұлттық құрама командасының Бас бапкері Жандос Қиянов.

Паралимпиада кезінде парадзюдодан екі бірдей қола медаль жеңіп алған атыраулық спортшылармен сұхбаттасқан едік.

Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері Жұрқамырза Шүкірбеков барша қазақстандыққа қолдауы үшін алғыс айтты.

"Париж Паралимпиадасында парадзюдодан қола жүлдегер атандым.

Бразилиялық палуанмен кездестім. Екінші белдесуде грузиялық палуаннан ұтылдым. Қола жүлдеге таласта франциялық палуанды жеңдім. 

Негізі алтын медальді көздеп барған едім. Бұйырғаны қола болды. Бізді қолдаған барлық қазақстандықтарға алғыс айтамын", – деді Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері.

Паралимпиаданың парадзюдодан қола жүлдегері Зарина Раифова Париж төріндегі доданың өзі үшін ерекше естеліктерге толы болғанын айтты.

"Паралимпиада кезінде бірінші қарсыласым Қытай палуаны болды. Өкінішке орай, ол қарсыласымнан ұтылып қалдым. Кейін жұбаныш раундында австриялық палуанмен кездесіп, жеңіске жеттім. Италиялық палуанмен қолаға таластық. Нәтижесінде қола медаль иелендім. Бізді үлкен құрметпен, қошеметпен күтіп алып жатқан жерлестеріме, Қазақ еліне алғысым шексіз", – дейді Паралимпиаданың парадзюдодан қола жүлдегері Зарина Раифова.

Еске сала кетсек, Париж Паралимпиадасын қазақстандық спортшылар үлкен абыроймен аяқтады.

Қазақстандық команда барлығы 9 медаль жеңіп алды.

Оның ішінде, 2 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль бар.

Баян Жанұзақова