Жиында штаб мүшесі Нұридин Амитов АЭС құрылысының маңызы мен оның неге қажет екенін түсіндірді.
Қызылордадағы Халықтық штаб өкілдері дәрігерлермен кездесті
303
оқылды

Бүгін, аймақтық Халықтық штаб өкілдері Қызылордадағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы қызметкерлерімен кездесті.  Жуырда "AMANAT" партиясының атсалысуымен Халықтық штаб құрылған еді. Енді сол аймақтағы штаб өкілдері Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан кейін туындаған мақсат-міндеттерді баяндап,  қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында штаб мүшесі Нұридин Амитов АЭС құрылысының маңызы мен оның неге қажет екенін түсіндірді. Сонымен қатар АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті.

"Бүгінде Жасыл энергияны пайдалану дамыған елдерде қарқынды жүзеге асып жатыр. АЭС құрылысын жан-жақты зерттеген ғалымдар бірнеше саты қорғаныс қабатын қалыптастырған. Атом энергиясы арқылы еліміздің әл-ауқаты түзеліп, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жаңа маман иелерін дайындауға ықпал етеді",  деді ол.

Оған қоса, жиында ұжым мүшелері өзін толғандырған сауалдарды қойып, пікір алмасты.

Басқосуда орталық басшысы, штаб мүшесі Гүлстан Әубәкірқызы: "Біз әрқашан елдік маңызды бастамаларды қолдаймыз. АЭС мәселесі де қазіргі таңда өзекті болып отыр. Бұл – болашақта электр тапшылығын шешудің бірден-бір жолы" деген пікірін білдірді.

АЭС-ты қолдау жөніндегі аймақтық Халықтық штаб өкілдері «Анаға тағзым» орталығында әлеуметік қызмет көрсету саласының мамандарымен кездесті. Электр қуатын шамадан тыс пайдалану салдарынан бүгінде халықтың көп шоғырланған жерде электр қуатының тапшылығы да сезіліп жатыр.  

Сондықтан да жаһандық даму кезеңінде озық технологияларды, шетелдік тәжірибелерді елімізде іске асыру мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр.

«МАГАТЭ» басшысы Рафаэль Гроссидің айтуынша, экономика дамыған сайын энергияға сұраныс артып жатыр. Бірақ атмосфераға зиянды көмірқышқыл газының таралуын айтарлықтай азайту үшін бізге ядролық энергия қажет.

Бірақ жаһандық жылынуды болдырмау үшін 2050 жылдарға қарай жасыл энергияға қол жеткізу маңызды.

Орталықта өткен кездесуде аймақтық Халықтық штаб мүшесі Балжан Шаменова: Бүгінде аймағымыз қарыштап дамуда. Өңірге салынған инвестиция есебінен әлеуметтік орталықтар, Жайлы мектептер салынуда. Сол жағалауда көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Ал осы нысанның барлығына электр қуаты керек. Қарапайым ауызсу мен аяқ суды берудің өзіне жарық қуаты керек. Байқап қарасақ, ұялы телефонымызды да, үйде тұру үшін де, өміріміздің барлық тұсында электр қуаты керек. Қазірде елімізде электр қуаты тапшылығына байланысты біз Қырғызстаннан да электр қуатын сатып алып отырмыз.  АЭС құрылысы елдің энергетикалық қуатын арттырудың алғышарты болмақ,   деді.

Сала өкілдері АЭС жайлы оң пікірлерін білдіріп, жасыл энергияны бірауыздан қолдайтынын жеткізді.