Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Парламент пен Үкіметтің бірлескен кеңесінің отырысына қатысты. Онда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.
Президент тапсырмасын іске асыру амалдарын талқылады
244
оқылды

Шараға қатысушылар алда тұрған саяси және экономикалық реформаларға жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, елімізде атом электр стансасын салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумға баса назар аударылды.

Сенат комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп 2024 жылғы Жолдау Президенттің алдыңғы Жолдаулары мен сайлауалды тұғырнамасына енгізілген рефор­малар бағытының жалғасы екенін атап өтті. Сенатор өз сөзінде Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі экономикалық өзгерістерге назар аударғанын жеткізді. Мемлекет басшысы айқындаған барлық тоғыз басым бағыт осы негізгі міндетті шешуді көздейді.

«Мемлекет басшысының Жолдауында жүзге жуық бастама мен ұсыныс қамтылған. Соның ең маңыздысының бірі – АЭС құрылысы туралы жал­пы­халықтық референдум өткізу күнін белгілеу – қоғамда көптен бері айтылып келе жатқан тақырып. Референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан идеясының тағы бір нақты көрінісі болмақ. Мемлекет басшысы интернет-алаяқтық, әскердегі тәртіп, есірткі биз­несіне қарсы күрес, педагог және медицина кадр­ларының жетіспеушілігі сияқты қоғамды алаңдататын бірқатар өзекті мәселеге де ерекше назар аударды. Жасанды интеллекті дамыту және осы техно­логия­ларды Қазақстанның цифрлық платформасына енгізу де Жолдаудың маңызды кезеңі, бұл өз кезегінде цифрлық технологиялар белсенді қолданылатын және дамыған елге айналуға көмектеседі. Жалпы, Жолдау өзекті мәселелерді шешуге және еліміздің стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағыт­талған. Біз депутаттық корпус ретінде Пре­зиденттің барлық тапсырмасының орындалуын заң­намалық тұрғыдан жан-жақты қамтамасыз етуге міндеттіміз», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар Nazarbayev University алаңында өткен жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы тапсырмаларын жүзеге асыру мәселе­лерін де талқылады.