Биыл Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына – 95 жыл. Көп жылдан бері бұл театр тарихы 1934 жылдан басталады деп есептеліп келді. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1934 жылғы қаулысы осы театрдың ресми бастауын көрсеткендей болды.
Өнер ордасына – 95 жыл
404
оқылды

Бұл туралы театрдың 95 жыл­­дығына арналған Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ай­тылды. Өңіріміздің ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы туралы сөз қозғағандар қата­рында Шымкент қаласы әкімі­нің орынбасары С.Құранбек, Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ға­лымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар одағының Шым­кент қаласы өкілдігінің бас­шысы Момбек Әбдәкімұлы, Ж.Шанин атындағы академия­лық қазақ драма театры әде­биет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, Ж.Шанин атын­дағы академиялық қазақ драма теа­тры­ның көркемдік жетекшісі С.Сраил болды. Олар театрдың бай тарихына тоқталып, осы жылдар ішінде өнер ордасында қызмет еткен, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға­лардың өмірі мен шығарма­шылығы туралы тың деректері мен естеліктерімен бөлісті.

Ж.Шанин атындағы ака­демиялық қазақ драма театры­ның тарихы тереңнен бастау алады, бұл жайында архивтік құжаттардан алынған деректер дәлел бола алады. Ең маңызды құжаттардың бірі – 1929 жыл­дың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жаб­дықтау бойынша материал­дық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» құ­жаты. Бұл құжатқа сәйкес, театр­дың сахнасын жабдық­тауға 7 589 рубль қаражат бө­лінген.

Сонымен қатар архивтен табылған тағы бір маңызды құжат – 1940 жылдың 27 қаң­тарында жасалған Оңтүстік Қазақ­стан облыстық қазақ драма театрының 1939 жылғы жұмысына жүргізілген ре­визия­­ның қорытынды актісі. Бұл актіде театрдың директоры Л.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқарғаны көрсетілген. Осы деректер Шымкенттегі қазақ драма театрының ресми ашылу мерзімінің 1934 жылы емес, 1929 жылы екендігін дә­лелдейді.

Театрдың ашылуы кездей­соқ емес. Алаш қайраткері, драматург және публицист Жүсіпбек Аймауытов Шым­кентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқы­тып, қазақ ұлттық театрының қалыптасуына елеулі үлес қос­қан. Осы театрда Хадиша Бөке­ева, Әмина Өмірзақова сынды ұлы тұлғалар өнер көр­сеткен.

«Соңғы зерттеулер театр­дың тарихы одан әлдеқайда ертерек кезеңнен бастала­тынын анық­тады. Архивтерден табылған құнды құжаттарда 1927 жылы Жұмат Шаниннің театрдың да­муы жөнінде маңызды баян­дамалар жаса­ғаны белгілі бол­ды. Бұл тарихи деректер театр­дың шынайы бастауын көрсетіп отыр», – дейді Шымкент қаласы әкімі­нің орынбасары Сәрсен Абай­ұлы. Бұл жаңалық мәдени мұра­мызға деген көз­қарасты қайта қарауға мүмкін­дік бере­ді. Театр тарихының тереңдігі мен оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесі одан да бай екені дәлелденді. Ж.Ша­нин атын­дағы театрдың шы­найы тарихы жаңа қырынан ашылып, ұлт руханиятына зор үлес қосады.

Ж.Шанин театры әрқашан өз көрерменін жоғары сапалы қойылымдармен қуантып ке­леді. Классикалық және зама­науи қазақ драма­тургия­сының жауһарларын сахналап, ұлттық құндылықтарды дәріп­теуден жоғары көрсеткіштерге ие. Теа­тр сахнасында көрнекті режис­серлер мен актерлердің есімі танылып, талай жаңа таланттар ашылды. Бұл театр­дың қазақ өнері мен мә­де­ниетін дамы­ту­дағы рөлі орасан зор екенін айта кетейік.

Брифинг барысында қа­тысу­шылар осы деректерді ес­кере отырып, биыл Ж.Ша­нин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойын атап өту жоспар­ланып отырғанын мәлімдеді. Мерейтой аясында қараша айында Шымкент қаласында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі өтпек.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы