Осыдан бірнеше ай бұрын жазғанымызда Алматы облысы бойынша асылтұқымды мал басын көрсетуде көзбояушылықтар болып, төрт түлікті асылдандыруға мемлекеттік қазынадан бөлінетін демеуқаржының талан-таражға түсіп кеткенін жазған едік. Онда жоғары жаққа тапсырылған статистика мен нақты санның арасында айырмашылық көп екені айтылған еді.
Қазынаға қол сұғу қашан тоқтайды?
245
оқылды

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өзі­нің осы жолғы Жолдауында айрықша атап өтіп, салада тәртіп орнатуды талап еткен еді. Мұндай жағдай тек мал шаруашы­лы­ғына  тән емес. Барлық салада сұғанақ­тық жиі көрініс береді. 

Қалай болғанда да, қазынаға қол сұ­ға­тын сұғанақтар әлі азаймай тұрған сы­­ң­­айлы. Жақында өткен брифинг бары­сында белгілі болғандай, Алматы об­лысында мемлекеттік қаржыны жымқыру­дың бірнеше дерегі әшкереленіпті. Бұл туралы Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Данияр Қыдыр­алиев баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, облыста мем­лекет­тің тарапынан нақты бір бағыттарды қолдауға берілетін  субсидияларды жолын тауып заңсыз иемдену мен жалған құжат­тар дайын­дап ұсыну арқылы жасалған 6 қыл­мыс тіркеліп, мемлекетке жалпы со­ма­сы 653 миллион теңге болатын шығын келтірілген.

Экономикалық тергеу департаменті жүр­гізген тексеріс барысында  сол баяғы агроөнеркәсіп кешенінде асыра сілтеу ас­қынып тұрғаны анықталыпты. Бұл сал­а­да  мемлекет қаражатын жымқырудың жүйелі схемалары қалыптасып, көзбоя­шы­лықтың әбден етек жайғаны белгілі болған. Қазынаның қаржысын қалтасын­дағы ақшасымен шатастырған, қомағай­лық­қа салынған  жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктің басшысы 7 жылға бас бос­тан­дығынан айырылыпты. Ол өзінің иелігін­дегі ет өңдеу зауытының жобалау-сметалық құжаттарын ойдан құрастырып, қолдан жасау арқылы  мемлекеттен 205 мил­лион теңге, жалған құжаттар арқылы кәсіпорынға орнатылған құрылғының өндірістік қуаты туралы ақпаратты бұрма­лап, тағы 63 миллион  теңге  мөлшерінде қомақты  субсидия алып, алшаң басып жүр­генде тұтылыпты. 

Ал облыстағы ауылшаруашылық коо­пер­ативтері бірінің басшысы мал басының саны туралы жалған ақпарат ұсынып, 50 миллион теңге субсидия алған және ол­ар­­ды жеке депозиттік шотқа орналас­ты­рып, түскен дивидендтерді өз қажетті­лігіне жұмсап, жырғап отырған.

Кейінгі жылдары басынан дау-дамай арылмаған, жемқорлықтың түр-түрі тіркеліп, әбден жаманатқа қалған білім беру саласында да қазына қаражатын жым­қыру жалғасуда. Осының алдында жазғанымыздай, өңірдегі жеке балабақ­шалардың басшылары балаларды жалған тіркеу арқылы мемлекеттік білім беру тап­сырысы бойынша бөлінген бюджет қара­жатының қызығын көріп келген. Алматы облысының әкімдігі қазір осы саладағы мемлекет қаражатының талан-таражға түсуін болдырмау мақсатында Іле және Жамбыл аудандарындағы бала­бақшаларды Face ID функциясы бар құрыл­ғылармен жабдықтады. Балалардың нақты есебін жүргізуге және болашақта жоғары­дағыдай жемқорлық сипатындағы  заңбұзушылықтарды болдырмауға мүм­кін­­­дік береді деген үміт бар. Бұл қадам ақ­тал­ып жатса, болашақта мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесінің бар­лығында осындай құрылғылар орнатылатын болады. 

«Коммуналдық қызметтер мен әлеу­меттік маңызы бар тауарларды сатып алу кезінде екі ортадан заңсыз пайда тауып келген делдалдарды болдырмау үшін бел­сен­ді жұмыстар жүргізілуде. Мұндай мем­лекеттік бюджеттің ақшасын үнемдеу және оны дұрыс пайдалану мақсатында жасалып жатқан шаралар алдағы кезде де жалғаса береді», – дейді Данияр Қыдыралиев.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы