Білім ошағын 14 жыл басқарған басшы ұстаздыққа тек туыстарын алған.
"Мұғалімдердің 80 пайызы – қарындастарым": Түркістан облысында бір мектепте 14 жыл директор болған Юсупжан Қорғанбаев
1,383
оқылды

Төле би ауданы Ханарық елді мекенінің тұрғындары осылай дейді. Себебі білім ошағын 14 жыл басқарған басшы ұстаздыққа тек туыстарын алады екен. Ел бойынша жүргізілген ротациядан да сытылып өткен. Ауыл халқының айтуынша, бос лауазым орнына өткен конкурста жеңген маманның шешімін жойып, туысын өткізіп жіберген, – деп хабарлады Aikyn.kz ontustiktv.kz арнасына сілтеме жасап.

Динара Расулова Ханарық ауылының тұрғыны. Ол 4 қыркүйекте Ханарық жалпы білім беретін орта мектептегі бос лауазым орнына өткен конкурсқа қатысып, жеңіп шыққан. Алайда  болашағын ұстаздықпен байланыстырған  оның қуанышы ұзаққа созылмайды. Екі күннен соң мектеп директоры ұялы телефонына конкурс жеңімпазы Орман Бахадүр есімді жігіт екенін жазған. Ал ол жеңімпаз – директор ағасының баласы болып шыққан.   

"Барлығы әділ болады, қарастырылады, ол қаралады. Барлығымыздікі бірдей болып шығады. Әңгімелесу тестін алған кезде мен өзім шығам ол жерден. Екі күннен кейін мектеп директоры өзіміздің үміткерлердің ватсап тобына өзінің ағасының баласы Орман Бахадүрді жеңімпаз деп жариялайды", – дейді Динара Расулова.

Динараның қоғамдық қорғаушысы комиссияның жұмысына мектеп директорының араласуға пәрмені жоқ екенін айтады. Соған қарамастан білім ошағының басшысы комиссия шешіміне күмән туғызып, аудандық білім бөліміне арызданған. Одан соң үміткерлердің қатысуынсыз қайта екінші рет конкурс өткізіп, шешім шығарылған. Онда комиссия мүшелері директордың інісін жеңімпаз деп таныған.

"Мектеп басшысы Қорғанбаев Юсуфжан Орманұлы бұл конкурсқа қатысы жоқ болса, комиссия мүшесіне қатысы жоқ болса, не үшін комиссия өткеннен кейін ауданға барып арыз жазды? Яғни, мектептегі комиссия қайта қаралсын біз сенімсіздік білдіреміз деп ұсыныс тастаған. Оны бізге айтпай жүрген. Кеше жан-жақты тексеру жүргізілгеннен кейін ол нәрсенің куәсі болдық", – деді қоғамдық қорғаушы Самат Ахметжанов.

Бұл іске қатысты мектеп директорының айтар өз уәжі бар. Бюрократияға жол берген басшы білім ошағындағы педагогтердің 80 пайызы жақын туыстары екенін жасырмады. 

Менен алдын кірген қарындастарым бар, сінлілерім бар.

– Сіз қанша жыл болды директор балып отырғаныңызға?

– Мен директор болғаныма осы жылы 14 жыл болады. Содан бері қанша туысыңыз қабылданды? Қабылданғаны үшеу.

– Қалғаны бұған дейін қабылданып қойған ба, жалпы осы мектепте қанша туысыңыз істеп жатыр?

– 80 пайызы менің қарындасым болады, – дейді Ханарық жалпы орта білім беретін мектеп директоры Юсупжан Қорғанбаев.

Мәселен, Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы хабардар. Ол қыркүйектің басында өткен конкурстың шешімі күшін жойғанын айтты. Енді басынан бос жұмыс орнына конкурс жарияламақшы.

"Біз комиссияның жұмысын тоқтаттық. Жойдық, былайша айтқанда комисияның жұмысын. Өйткені оны дұрыс бағаламаған. Қазір құжаттар дайын тұр. Бұйрық шығады. Жаңадан комиссия тағайындалады.  Енді үш мұғалімге қайтадан ваканцияға конкурс береді. Сол кезде үміткерлердің сертификаты қалып кетті деп жатыр. Құжаты қалып кетті деп жатыр. Енді өткізіп үлгереді. Бұл жерде қатты дау көтеретіндей мен көрмей тұрмын", – дейді Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев.

Білім бөлімінің басшысы 14 жыл  мектеп басқарған директорды орнынан алып тастауға қауқарсыз екенін мойындап отыр. Мәселені шешудің жалғыз жолы – ротация, – дейді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.