Марқұмдардың туыстары бұл жайтқа жергілікті әкімқараны кінәлап отыр.
Алматы облысында баласын құтқармақ болған әке көршісімен қоса бақилық болды
724
оқылды

Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның мәйіті шығарылды. Үйінде су тоқтап қалған соң, әкесі 15 жастағы ұлын ертіп алып үйінің жанындағы құбырды тексермек болыпты. Қасында көршісі болған. Үшеуі құдыққа бірінен кейін бірі түсіп, шыға алмай көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Марқұмдардың туыстары бұл жайтқа асфальт төсеу кезінде коммуналдық желінің дұрыс орнатылуын қадағаламаған жергілікті әкімқараны кінәлап отыр.

Кеген ауданында екі шаңырақ аза тұтып жатыр. Көңіл айтуға дүйім ауылдың тұрғындары келіп жатыр. Марқұмдардың жақындары көз жасын тия алмай, бауырларын жоқтап отыр.

— Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты ... болды. «Жүріп кеткен» деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісін де, түбіне жете алмай, су толып тұр іші. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен, – деді марқұмның туысы Дина Айтбаева. 

Үш адамның өмірі қиылған қайғылы оқиға күні кеше болды. Үйінде су тоқтап қалғасын, әкесі мен баласы кешқұрым құбырды тексеруге барады. Жанында көршісі де болыпты. Әу баста құдықты бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кетті.

Туыстарының шырылдап отырғаны — құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін.

— Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұру керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кету керек болатын. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Соңғы бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал жүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен, - дейді марқұмның туысы Мақпал Шадан. 

Үшеуінің өліміне қатысты екінші болжам — құдықтың ішінде ток ұруы мүмкін дейді туыстары. Ал шенеуніктер “ескертсе, өзіміз ақ тексеретін едік” деп өзіне шаң жуытпады. Осыдан бір емес, бақандай төрт жыл бұрын үстінен жол төселіп кеткен құдықты ретке келтіруге адам өлімінен кейін ғана кіріскен екен. 

– 2020-2021 жылдары жолды қабылдап алған кісі қазір қызметте жоқ. Не себепті дәл судың үстіне жол салып өткенін айта алмаймын. Мынаның бетін көтереді. Жөндеу жұмыстарын жасайды. Көліктер өте алатындай етіп жасаймыз, – деді Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ. 

Қазір марқұмдардың денесі Қонаев қаласында. Үшеуі метан газына уланды ма, әлде ток ұрып қайтыс болды ма, ол енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.