Теріскейде қоңыр күз басталысымен ауа райы­ның төмендеуі өңірдің кезекті жылу маусымына әзірлік жайын ертерек қамдау қажетін еске салды.
Жылу маусымы: жағдай қалай?
442
оқылды

Қыс қамыңды жаз ойла

Өйткені былтыр облыс­тың бір­қатар өңірінде, әсіресе Көкшетау, Степногор, Зеренді, Бурабай, Атбасар сияқты аудандарында жылу жүйелер­ін­де ақаулар болып, халық біршама уақыт бүрсеңдеп от­ыр­ды. Тіпті, Степногор қаласының жылу жүйесінде техно­ген­дік сипаттағы апаттың салдарынан халықтың айлар бойы мұздап қалғаны көптің есінде. Бурабайда да жылу қа­зан­дығына мазут­тың еніп кетуінен аяз күшіне енген шақ­та біршама уақыт Щучинск және Бурабай кентінің хал­қы да жылусыз қалған. Жергілікті билік алдағы жазда тиісті ше­шім шығарып, алда қайталанбауын қатаң назарға ал­ына­тынын айтып, ант-су ішкен. Жылу маусымына әзірлік қа­лай жүзеге асырылып жатқаны жайлы құзырлы органдардан анықтап көрген едік. 

Ақмола облыстық әкімдігіне қарасты Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, жылу маусымына әзірлік штат­тық режимде жүргізіліп, жылу көздері тұрақты жұмыс істеп тұр. Басқарманың мәліметінше, қысқы жылу маусымының қалыпты жағдайда болуын қамтамасыз ету мақсатында аймақта 1 142 қазандық, 786 білім беру нысаны, 567 денсаулық сақтау нысаны, 2 642 тұрғын үй толықтай жөнделіп, жылу маусымына сақадай-сай әзірленген. Басқарманың дерегінше, тек биылғы жылы  өңірдің жеті шақырымға жу­ық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу­ден, сондай-ақ 20 шақырымнан астам желілер күрделі жөндеуден өткізілген. Сон­дай-ақ үш шақырым желі реконструк­циядан өткен. 

Құзырлы орган өткен жылдары апаттық жағдай болып, облыс әкімінен бастап барлық құзырлы органдарды түгелдей аяғынан тік тұрғызған Степногор қаласы мен маңындағы кенттерді жылумен қам­ти­тын «Степногор» ЖЭС-ында де жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілгенін жет­кізді. 

– «Степногор жылу электр стансасы» ЖШС-ында негізгі жабдықтарды жөндеу кестесіне сәйкес екі қазандық, 4 турбина, 3 қазандыққа ағымдағы және бір қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді. Жергілікті жылу эл­ектр стансының ақпараты бойынша, бүгінде төрт турбина мен №2 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Дегенмен үш қазандық пен бір турбинадағы жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Жалпы, атал­ған жылу жүйелерін жөндеуге 7,4 мил­лиард теңге сомасында қаражат бөл­ін­ген, – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақжол Қылыш­баев. 

Степногор қаласының жылу жүйелері­нің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін мұнымен қоса Үкімет резервінен тағы 2,7 миллиард теңге қаражат бөлініп, «УК Строй» мердігер компаниясымен келі­сім­шарт жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, аталған қаражатқа 7,3 шақ­ырым, яғни тиісті көлемнің 97 пайызы жөн­деуден өткен. Мұнымен қоса, қала әкімдігі ұзындығы 9,6 шақырымдық жылу желілерін жаңғыртудың 2,1 миллиард теңге сомасындағы  жобасы әзірленгенін хабарлаған. Қазір республикалық бюд­жеттен анықтау үшін бюджеттік өтінім беріл­ген. Тиісті қаражат бөлінбесе де, жергілікті билік жобаны жүзеге асыра беру­ді жөн деп тауыпты.

– Жобаны бастай беру мақсатында облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, «ҚазЕвроСтрой» ЖШС-мен осы жылдың мамырында 1,8 миллиард теңге сомасына келісімшарт жасалды. Бүгінде 1,3 шақырым ескі жылу жүйесі бұзылып, 0,7 шақырымы монтаждалды, – дейді Ақжол Болатұлы. 

Елдегі жылу электр стансасы болмаған­дықтан «Аристондар қаласы» атанып кеткен Көкшетауда да өткен қыс біршама әбі­герге салған. Биыл жылу стансасын салу мәселесі республикалық деңгейде тағы көтеріліп, ресейлік компаниялар ар­қы­лы жұмысты бастау жөнінде келісімдер жасалды. Дегенмен жергілікті облыстық бюджет қоржынынан қолда бар жылу қазандықтары мен жылу жүйелерін жөн­деуге де қомақты қаражат жұмсалыпты. 

Құзырлы жергілікті орган мәліметінше, биыл облыс орталығындағы жылу жүйелер­ін жөндеуден өткізуге 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде күл үйіндісі дамбасын ұлғайту және пульпа­өткізгіш жүйелердің реконструкция жұмыстарына 2,3 миллиард теңге қаржы бөлініп, «РИКАЗ» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. 

– Бүгінгі күнге диаметрі 400 мм пуль­па­өткізгіштердің тарату жүйесінің ескі құбырлары бұзылып алынып, дамба тос­тағанының көлемін өсіру үшін негізін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жұмыстың жартысы жүзеге асыр­ылды, – деп толықтырды басқарма басшысы. 

Басқарма мәліметінше, облыс орталы­ғының жылу маусымына әзірлігін қам­та­масыз ету мақсатында 559 миллион теңгеге жылу желілеріне жөндеу жұмыстары басталып, «ПромЭнергоНаладка» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытқа дейін 5,3 шақырымдық жылу жүйесі жөнделген. 

Қаланың басты жылу қазандықтары РК-1 және РК-2 жылу қазандықтарын жөндеу үшін бюджеттің бүйірінен 816 миллион теңге бөлініпті. 

– Келісімшарт «КазЭнергоМонтажLtd» ЖШС және  «ПромЭнергоНаладка» компаниясымен жасалып бүгінге дейін жұмыстар 99 пайызға дейін аяқталды, –  деді Ақжол Болатұлы. 

Қаланың негізгі бөлігінде халық жер үй­лерде тұратындықтан, шаһардың көм­ірге деген сұранысы да үлкен. Тек бір­ жылу маусымына облыс орталығының қара алтынға қажеттілігі 426,8 мың тон­на­ны құрайды. Басқарма мәліметінше, қазір қаладағы көмір қоры 15 мың тон­на­ны, ал мазут қоры 1 470 тоннаны құр­ай­ды.  

Аймақтағы жылу маусымы кезінде жылда күрделі қиындықтар туындап жататын шаһардың бірі – Атбасар қаласы. Жылу жүйелерінің әбден тозуы салдарынан қала жұртшылығы  үйлерінің суық екенін айтып жиі шағымданады. Құзырлы орган­ның мәліметінше, биыл Атбасар қаласында қат­ты тозып кеткен 8,7 шақырым жылу жүйелерін жөндеу мақсатында Үкіметтің резерв қорынан 0,8 миллиард теңге бөлін­ген. Бүгінгі күнге дейін 7,8 шақырымына жөн­деу жүргізіліпті. 

Мұнымен қоса, Атбасар қаласында жергілікті биліктің араласуымен жылу желі­лерінің құрылысы және реконструк­ция­сы жобасы жүзеге асырыла бастаған. Аталған жұмысты жүргізуге «НС Сис­тема» ЖШС-мен 8,3 миллиард тең­геге келісім­шарт жасалып, бүгінге дейін бір шақырым жылу жүйелері жөндеуден өткен. 

Құзырлы органдар мен жергілікті билік алдағы жылу маусымына әзірліктің қалыпты штаттық режимде жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен қылышын сүйреткен қысқы уақытта жоғарыда аталған әзірлік сынға түсер шақта тағы да халық жылусыз қалмаса дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы