Бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Солтүстік Қазақстанда үй тапсырмасын орындамағаны үшін анасы қызына пышақ сұғып алған
438
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында анасы үй тапсырмасын орындамаған оқушы қызына пышақ сұғып алған. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Омбудсменнің айтуынша, оқушының жасы 11-де. Бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

– Алдын ала болжам бойынша үй тапсырмасын орындамаған 11 жастағы қызын анасы пышақтап тастаған. Дәрігерлер баланы аудандық ауруханадан облыстық ауруханаға апарды. Қыздың жағдайы ауыр. Қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылды. Бұл істі аймақтық уәкіл өз бақылауына алды, – деп хабарлады Динара Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл оқиғаның мән-жайын толығырақ айтып берді.

Уәкілдің айтуынша, 11 жастағы қыз дәптерге жазуды дұрыс жазбай, үй тапсырмасын орындай алмаған. Анасы қызына ашуланып, ұрысып, артынша санына пышақ сұғып алған.

– Қазір баланың жағдайы жақсарды. Ол облыстық балалар ауруханасында жатыр. Ата-анасы алты бала өсіріп отыр және ата-әжесімен бірге тұрады, – деп жазды ол.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Әкімдік пен комиссия әйелді қалған балаларынан шеттету туралы шешім қабылдаған.

– Кәмелетке толмаған бала ауруханада жатыр. Оған психологиялық көмек көрсетеміз. Білім басқармасы арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы мен әкімдік ананы қалған балаларын үйде тәрбиелеуден шеттету туралы шешім қабылдады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, – деді комитет өкілдері.