Атырауда тасқыннан ке­йін қала маңында қалған төгін­ді­лер­дің картасы дайындалып жа­тыр.
Апаттан сабақ алсақ игі
94
оқылды

Тасқын кезінде қала маңын­дағы жүздеген гектар далалықты су басып, балықтар қай­раңдап қалды. Жаз бойына шабақтарды құтқару жұмыстары жүргізілгеніне қара­мас­­­тан, шалшықта қалған шабақ әлі де көп. 

Атырау облысы әкімінің орын­басары Жасұ­лан Бисембиевтің айтуынша, су бас­қан жерді нақты анықтау қиын, өйткені су өте көп. 

«Дала әлі де болса кеуіп үлгер­меген­діктен, топырақтың ылғалды­ғынан техника мен көлік қозға­лысы­на мүмкіндік бермейді. Ви­зуал­ды тексеруге дрондар пайда­ланы­лады. Сондай-ақ шабақ құтқару жұмыстары­на жауапты балық инспекциясы мен жергі­лікті атқарушы органдарға табиғат пай­­да­ланушылар – өндірістік коопера­тив­тер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және шаруа қожа­лық­тары да көмек көрсетіп отыр. Сол себепті құзырлы органдарға да­ла­дағы және әлі су астында тұр­ған тасжол бойындағы аймақтар­дың электронды кар­тасын дайын­дауды тапсырып отырмыз. Әрі қа­­­­рай атқарылатын міндеттер нақ­­­­­тыланып, жоспар жасалып, тиіс­­­ті жұмыстар ұйымдас­тыры­лады», – дейді спикер.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметінен анықтағаны­мыз­дай, тасқын судың алдын алу үшін қазір су арналарын тазалау және кеңейту жұмыстары жал­ғасуда. Сонымен қатар су тасқы­нына қарсы жұ­мыс­тар суару– су­ландыру жүйелерінде жүр­гізілуде. 

«Атырау облысында 15 канал­дың 14-і Жа­йық өзенінің бойында орналасқан. Жал­пы, төрт канал, атап айтқанда, Соколок, Нарын, Черная речка және Бақсай арқылы, тасқын суларды өткізу мүмкіндігі бар. Осы­ған байланысты, Атырауда тасқын кезінде каналдарды тазалау, кеңейту жұмыстары жасал­ған бола­тын. Бұл бағыттағы жұмыстар жал­ғасады», –  делінген баспасөз-қызметі­нің мәліметінде.

Жалпы, Атырауды тасқыннан қалай қор­ғау керек? Тасқынның алдын алудың не­месе шығынды максималды түрде азай­тудың мүм­кіндіктері бар ма? Біз бұл сұрақты ғалым Әмірхан Кеншімовке қойған едік. Ғалымның  пікірінше, топан су – бұл табиғи құбылыс. Сондық­тан одан толықтай қашып құтылу мүмкін емес.

«Алайда бүгінде Атырауда теңіз­дің, Жайық өзенінің түбін тереңдету, канал қазу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысының аумағында Орал-Көшім суару-суландыру жү­йесі Батыс Қазақстан облысының ең ірі ирригациялық жүйесі болып табылады. Онда 4 су қоймасы бар. Атырау облысының аумағында да канал­дар бар. Бізге каналдарды пайдалану, суды далалыққа бағыт­тау ғана емес, соны­мен бірге келген үлкен суды жинап, сақтау мүмкін­діктерін қарастыру да артық ет­пейді. Себебі ауыл шаруашылығын дамыту үшін бізге су керек. Сон­дық­тан Атырауға су қой­ма­лары ауа­дай қажет», – дейді ғалым. 

Еске сала кетсек, көктемгі тас­қын кезін­де Атырау облысының әкімдігі осыдан 30 жыл бұрын жа­сақталған тасқын картасы не­гізінде жұмыс істеген еді.

1993-1994 жылдары Жайық өзеніндегі су көлемі шекті деңгейге дейін көтеріліп, жа­қын маңдағы елді мекендерді, ауыл шаруа­шылы­ғы объектілері мен алқаптарды су басқан еді. Осы жағдай биылда қайта­лануы мүмкін болды. Арнайы карта, тиісті дең­гейде атқарылған жұмыстардың нәтиже­сінде Аты­рау­дың 80 пайызын су басуы мүм­кін деген қауіп расталмады.

Дегенмен Жайық өзені ағыны­ның 80%-ы Ресей аумағында, нақ­тырақ айтқанда Иректі су қойма­сынан қалыптасатынын ескерген дұрыс. Сол себепті де, тасқын ке­зін­­дегі карта Атырауда табиғи апат­қа қарсы күрестегі басты құрал­дардың біріне айна­лады. Картада Жайық өзені тасыған нақты орын­дар көрсетілген. Осы сызбаға сәй­кес, 30 жыл бұрын Сарайшық, Чка­лов, Алға, Редут ауылдарын және ішінара Бесікті, Память Ильи­ча және басқа да ауылдарды су бас­ты. Қалада бөгеттерді ны­ғайту және канал­дарды тазарту есебінен өзен суы тасы­ған жоқ. Бұл орындар да картада көрсетілген.

Шыны керек, Атырауда тасқын сал­дары­мен күрес әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Құлсарыны қалыпқа келтіру, жаңа ықшамаудан тұрғызу, зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарға өтемақы төлеуден бөлек, Атырауда әлі күнге дейін қайраңдап қалған балықтарды құтқару жұмыстары жал­ғасуда. Жақында ғана Жылыой ауда­нын­да «Теңіз-Новороссийск» мұнай құ­бы­ры­ның 64-ші және 72-ші шақы­ры­мында мөңке балықтарының ша­бақтарының қырылу дерегі тір­келді. 

Жайық-Каспий облысаралық бассейн­дік балық шаруашылығы инспекциясының хабарлауынша, комиссия шабақтардың қырылған жеріне барды, ақпарат расталды. Жиналған шабақтардың салмағы –  127 келі.

Экология департаменті маман­дары зерт­ханалық зерттеулер үшін су сынама­ларын алды. Мамандар көк­темгі су тасқыны салдарынан Жем өзені арнасынан асып, шабақ­тар өзен суымен таяз ойықтарға жи­нал­ғанын растады. Балық ша­бақ­тары қырылуының болжамды себебі – суда отте­гінің жетіспеу­шілігі болуы мүмкін. Көктем мез­гілінде тұрғындары эвакуация­ланған Махам­бет ауданына қа­­­­рас­ты Талдыкөл елді мекені де қа­­зір қырылған, қайраңда қалған ба­лықтарды жинаумен айналысып жатыр. 

Қорыта келе айтарымыз мынау: тасқын кез келген уақытта қайта­лануы мүмкін. Біз қашан да табиғи апатқа төтеп бере алатын­дай деңгейде болуымыз керек. Шыны ке­рек, Атырауда ғана емес, жалпы елімізде гидро­геолог мамандар жетіспейді. Маман­дардың жетіс­пеу­шілігін Атырау тасқын кезінде қатты сезінді. Сондықтан жағалау­ды ны­ғайту жұмыстарының сапа­сын бақылауға бөгеттердің не­гіздері, топырақтың тығыз­дығы және  қадағалау жұмыстарына же­ке­­леген компаниялардың маман­дары тар­тылды.

Сондықтан Атырауда, жалпы елімізде гидрогеолог мамандарды даярлау, қосымша су қоймаларын салу, каналдарды тазарту, кеңей­­ту, өзендерде түп тереңдету жұмыс­тарының күнделікті атқарылуы – кезек күт­тірмейтін мәселе болуға тиіс. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы