Атақты қытай көсемі Мао Цзе Дунь еліне қарата айтқан сөзінде: «Егер Ұлы Қытай қорғанында болмасаң, сен нағыз қытай емессің...» деген екен.
Қытай қорғанының құпиясы не?
514
оқылды

Дәл осы сөйлем алып қорғанның кіреберісінде ілінген тақтайшада да  жазылған. Иә, әлемнің жеті кереметінің бірі саналған ежелгі Қытайдың ең ірі әскери қорғаныс құрылымы болған Қытай қорғанын көру, биігіне шығу – кез келген туристің  мақсаты.   Жуырда аты аңызға айналған Қытай қорғанын көру бақыты бізге де бұйырды. 

Қорғанға кіре берісте алып қор­ғанды тұрғызуға атсалысқан им­ператорлардың мүсіндері қо­йыл­ған шағын бөлмеге тап бола­сыз. Қытай халқы мұнда импера­тор бабаларына тағзым етіп, шы­рақ тұтатады. Одан әрі көте­ріле бере шағын алаңда ұлттық нақышта киінген өнерпаздар дәстүрлі билерін билеп, кунг-фу жекпе-жегінен қойылым көрсе­теді. Әрі қарай қарасаң көзің жет­пес, шексіз қорғанның алғашқы баспалдақтары бастала түседі. Жолдары мен тешпешектері түгел қайта жөндеуден өткені көрініп тұр. Мұнда қоқыс тастауға бол­майды. Тіпті, туристерге шылым тартуға да тыйым салынған. Мұның себебін бізді ертіп жүрген гид жетекшіміз түсіндірді. Оның айтуынша, айнала толған тал-дарақ болғандықтан өрт болу қаупі тым жоғары екен. Иә, айнала жап-жасыл, биіктеген сайын қорғанды қоршаған тау сілемдері айдаһар жонындай күдірейіп көрінеді. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2-3 қа­бат­тан тұратын қарауыл мұнарасы салынған. Онда гарнизон сарбаз­дары тұрған, әрі қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған деседі. Ал қорғаныс шебінің ең маңызды деген тұста­рында ірі бекіністер, ішкі өткелдер бар. Қорғанның ішкі, ал кейде сыртқы жағынан тау жоталарының үстіне аралары белгілі қашықтық­ты сақтай отырып салынған дабыл мұнараларында күндіз түтін түте­тіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі беріп отыратын бол­ған. Осы тәсілмен аз уақыттың ішінде 5000 шақырым алыс жерге әскери дабыл беріп, қауіп-қатерді хабар­лай алған. Мұндай дабыл беру тәсілдері біздің даламызда да болған. Мәселен, Тараздағы көне Төрткүл қорғаны да сондай мін­деттерді атқарған. ұзындығы 10 мың шақырымға жуық қорған Батыста Гоби шөлі­нен басталып шығыста Бохай теңі­зінің жаға­лауына дейін жетіп, 15 түрлі ай­мақты жалғап жатыр. Мұндай үл­кен кеңістікте қорған тұрғызу оңай емес екені белгілі. Құры­лысқа 2 миллионнан аса адам қа­тысқаны айтылса, оны салу ке­зінде 1 миллион адам мерт бол­ған дейді кейбір жазбаларда. Тіп­ті, Цинь империясы тұсында осы қорғанда құрылыс кезінде өлген жұмысшыларды кірпішпен бірге қалап жіберіп отырған деген аңыз бар. 

Қорғану үшін бе, әлде жабық қоғам үшін бе?

Тарихи деректерде Ұлы Қытай қорғанының құрлысы б.д.д. III ғасырда бытырап жатқан Қытай патшалықтарын біріктірген Цинь патшалығының негізін қалаушы – Цинь Шихуанди билігі тұсында басталып, біздің заманымыздың XIV ғасырдың соңғы ширегінде Мин патшалығының негізін қалаушы – Чжу Янчжань билігі тұсына дейін жалғасқан деп баяндалады. Жалпы, адамзаттың ұлы туындысы саналған, аса ше­берлік пен мол қажыр-қайратты талап еткен осынау үлкен мәдени нысанның о бастағы не үшін са­лын­ғаны туралы әртүрлі нұсқа бар. Кейбір тарихшылардың айтуын­ша, оны қытайлықтар ғұндардан қорғану үшін салған. Жуырда Талас­бек Әсемқұловтың «Қонды­гер­дің бір-ақ беттік тарихы» атты кітабынан «Ұлы Қытай қабырғасы жайындағы миф» атты тарауды оқып қалдым. Сонда ағамыз: «Қа­бырға бүгінгі тарихшылар дәлел­деп жүргендей, қорғаныс үшін салынбаған еді. Ол дүниені ішкі және сыртқы Қытай етіп екіге бө­л­ді. Қабырғаның ішіндегі Қытай– аспанасты империясының орта­лығы, ал қабырғаның сыртын­дағы­лар бағынғаны бар, әзірге ба­­ғын­баса да кейіннен  ба­ғын­дыры­ла­тын құлдар, бұратана жұрт­­тар. Бүгінде қабырғаның тастан қаланбағаны белгілі болып отыр. Ол кәдімгі шикі кірпіштен қиыс­тырылған. Жауыннан езілген қа­бырға пәленбай шақырымдық балшық үйіндісіне айналып отырған. Қабырғаның тас фраг­менттері кейіннен туристер үшін салын­ған», – деген пікірді айтады. Сөй­теді де келесідей түсіндірме және береді. «Көне Қытай қоғамы бү­гінгідей барынша орталық­тандырылған, адамдардың әрбір басқан қадамы мен әрбір демі мем­лекеттің қадағалануына алын­ған қоғам болды. Мемлекеттің билігі шексіз, адамдардың құқығы жоққа тән еді. Қытайдың осынша дәрежеде орталықтануы мен мемлекеттенуінің сыры аштық пен соғыста жатыр. Себебі Қытай­дың ең үлкен проблемасы – хал­қы­ның көптігінде. Адам қисапсыз көп шоғырланған жерде аштық, соғыс, түрлі толқу міндетті түрде болады. Осы себепті де Қытай би­лігі адамдардың қалың масса­сына бір сәтте болсын босаң­суына, еркін беріп өзгеше ойлауға, тәртіпке бағынбауларына жол бермеді. Соның әсерінен Қытай билігі адам айтқысыз күшейіп, еріксіз этатизацияға ұшырады». Яғни, Қытай қорғаны зерттеушінің пайымынша, халықтың қалың массасын солтүстіктегі жабайы тайпалармен қорқытып, еркіндікті сезіндірмей, халықтың қорғанның арғы жағындағы сыртқы дүниеге кетіп қалмай, оларды тырп еткіз­бей ұстап тұру қажеттілігінен са­лынған құрылыс. Мұның себе­бін автор былайша сабақтайды: «Егер Қытай әміршілері қабырғаға әскер қоятын болса, ол үшін жақсы қаруланған 5 миллион жауынгер қажет болады. Ал ондай армияны асырау үшін 10 миллион шаруа, егінші, диқан ертеден кешке дейін бел жазбай еңбек етуі керек. Және осының бәрі ойдан шығарылған қауіптен туып отыр. Қабырға көш­пенділерден қорғану үшін са­лынған жоқ. Қабырға қытайлар­дың сыртқы дүниеге шықпауын қадағалап отыру, күзетіп отыру үшін салынған. Басқа кез келген сана сияқты Қытай санасы да ми­фо­логияланған сана. Қабырғаның қалыңынан әлі күнге дейін қыштан жасалған бес қаруын асынған жауынгерлердің бейнесі табылады, кейде ол қабырғаға сылап жіберген шын адам болуы да мүмкін» – дейді автор. 

Таласбек Әсемқұловтың пікірінің жөнін білмек ниетте тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлынан хабарлас­қаны­мыз­­да ол қорғанның Цинь Ши­хуан­диден бұрын басталғанын айтып қалды. «Яғни, ол қабыр­ға­ны нөлден бастаған жоқ, ғұндар­дың толассыз шабуылынан бірақ мыңдаған жыл бойы салынған жекелеген бөліктерді біріктірді. Рас әу баста қорған көшпенді­лерден қорғану үшін салынды. Кейінірек Мин императордың тұсында жергілікті халық ғұндар жаққа қашып өтіп кете берген соң, қорғанды қайта күшейтті», – дейді тарихшы ағамыз. Бұл жөнінде бізді қорғанның биігіне аралатқан гидтен нақтылап және сұрағанымызда ол: «Иә, әртүрлі нұсқалар айтылады. Дегенмен көш­пенді халықтан қорғану мақ­сатында да, жергілікті халықты сыртқа шығармау мақсатында да қорғанның зор рөлі болды» деп жауап қайтарды. 

Қорған көшпелілерден «қорған» бола алды ма?

Қорғанды қорғаныс үшін сал­ды десек, бұл құрылыс салынғаны­мен де солтүстіктегі мазасыз көр­шілерінің елді тонауды көздеген шапқыншылығы сап тыйылма­ғанын, тіпті ғұндар, түріктер, қи­дандар, моңғолдар мен шүршіттер (маньчжурлер) қорғаннан өтіп, отырықшы елдермен емін-еркін саяси, мәдени және сауда бай­ланыстарын жүргізді, әуелі олар Қытай жерінде Вэй (таб-ғаш), Ляо (қидан), Юань (моңғол), Цинь (маньчжур) империяларын құрып, Қытайды көптеген ғасыр биледі. Біздің дәуіріміздің XIII ғасырында билік құрған Ұлы Қаған Шыңғысханның әскеріне аталмыш қорған тосқауыл бола алмағанын тарихтан білеміз. Шыңғысхан әскері қорғанның үзік жерлерінен айналып өтіп, Қытайдың бүкіл солтүстік аума­ғын жаулап алғаны да Таласбек Әсемқұловтың дерегін негіздей түсетін сықылды. Таласбек Әсем­құлов көшпенді түркі тілді ел­дер­дің және отырықшы қытай жұр­тының ойлау жүйесі мен мен­­­­т­а­литетін салыстыра келе, көшенділердің ойлау жүйесінде «жоғары билік» деген сөздің ма­ғынасы түсініксіз, сахараның адамы бір-біріне деген призум­п­цияны ғана біледі, олар тек өзара паритетті мойындайды деп сипат­тама беріп, ал қытайлық­тардың менталитетінде қатаң орталық­танған билікті, төменнен жоғары қарай бағыныштылыққа құрылған иерархиялық тәртіпті cөзсіз мо­йын­дау, еркін және өзгеше ойлау­ға жол бермеу тән екеніне тоқ­талған.

Қорғанның қорғаныстан басқа да көптеген функциясы болды. Мысалы, Ұлы Жібек жолы қабырғаны үш рет кесіп өтті, сондықтан саяхатшылар үш рет кедендік бақылаудан өтіп, алым төлеп, контрабанда үшін іздес­тірілді. Қытай қабырғасының саңы­лаулары екі жақтан да тра­фикті қадағалауға көмектесті. Көші-қонды бақылау да осы жерде жүзеге асырылды. Сонымен қатар қабырға көлік қызметін де атқарды. Межелі жерге жету оңай әрі жылдам болды. Толассыз жауған жаңбыр кезінде де қозға­лысты айтарлықтай жылдамдатты. Кейбір дереккөздерде Қытай қабырғасының саңылаулары неге Қытайға қарай бағытталғанын және олардың неліктен оң және сол жақта ұзақ қашықтықта орна­ласқанына «жау екі жақта да бо­л­уы мүмкін» деген жауап береді.

 

ТҮЙІН: 

Иә, сонымен екі жарым мың жылдан астам тарихы бар Қытай қорғаны адамзаттың сәулет өнері тарихындағы ғажайып кереметтердің бірі ретінде бүгінде жылына 40 миллион турист баратын тарихи ескерткіш.  Оны 1961 жылы ҚХР үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алса, ал 1987 жылы ол адамзаттың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне енгізілді. Бүгінде қытай елі әлем бойынша ғылым мен техно­логияның соңғы жетістіктерін жетік меңгерген алып мемлекетке айналды. Барлық саласы серпін алып, көп мемлекеттен көш ілгері болып келеді. Деген­мен алып қорған туралы аңыздың сан түрі әлі де айтыла бермек. Әйт­песе, оның несі аңыз?!

Наурызбек САРША