Озон қабатының бұзылуы Жерге үлкен қауіп төндіреді. Адам мен теңіз фаунасының жойылып кету ықтималдығын өсіреді.
Озон қабаты бұзылса адамзат өркениеті жойыла ма?
Озон қабаты құрамында хлор мен бром бар химиялық заттарды қолдану салдарынан бұзылады. Фото sciencefocus.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
393
оқылды

Қауіпті ультракүлгін сәулелерден қорғайтын озон қабатындағы проблемалар туралы BBC-дің sciencefocus.com журналы арнайы материал жариялады. Озон қабаты ыдыраса қандай зардаптар болатынын Aikyn.kz осы мақалаға сілтеме жасап түсіндіреді.

Стратосферадағы газ қабаты ең күшті, деструктивті ультракүлгін сәулелерді сіңіріп, тіршіліктің жойылуына жол бермейді. Фото dailynews.lk сайтынан алынды

Озон қабаты жерді ультракүлгін сәулелердің зиянды әсерінен қорғайтыны белгілі. Оның жұқарып тесілуі адамдарда терінің қатерлі ісігін туғызып, астық дақылдарының зақымдануы мен теңіз фаунасының жойылуын алып еледі. Қарапайым тілмен айтқанда, озон қабатынсыз тіршілік біртіндеп жойылады. 

Стратосферадағы газ қабаты ең күшті, деструктивті ультракүлгін сәулелерді сіңіріп, шын мәнінде Күннің әсерінен тіршіліктің жойылуына жол бермейді. Өкінішке орай, Жердің бұл қабатының адамның зиянды әрекетіне қарсы тұра алмайтын әлсіздігі бар. Сонау 1980 жылдары біздің планетаға түсетін күн радиациясының мөлшерін өлшей отырып, Антарктида ғалымдары планетаның озон қабатының тесілгенін анықтады. Себебі? Жасанды химиялық заттар озон молекулаларымен араласып, оларды жояды.

Бұндай химиялық заттар тобына хлорфторкөміртектер кіреді. 1980 жылдары олар негізінен салқындатқыштар ретінде өнеркәсіптік қолданыста болды. Құрамында хлор мен бром бар химиялық заттарды қолдану салдарынан озон қабаты бұзылғанын ғылыми зерттеулер растады.

Антарктидада озон қабатының қатты бұзылу аймағының өсуі жыл сайын тіркеледі. Фото abcnews.go.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Ueslei Marcelino

Бақытымызға орай, әлем дер кезінде бұл проблемаға назар аударды. 1987 жылы, Антарктика зерттеуі жарияланғаннан кейін екі жыл өткен соң, әлем көшбасшылары Монреальдағы саммитте озонды бұзатын химиялық заттарды кезең-кезеңімен жою туралы халықаралық шартқа қол қойды. Бұл Монреаль хаттамасы ретінде белгілі келісім болды және ол әлі күнге дейін тарихтағы ең табысты экологиялық келісім болып саналады.

Енді қырық жыл өткен соң зерттеулер адамның экономикалық әрекеті осы жаһандық жетістікке әлі де қауіп төндіретінін көрсетті. Озон қабаты әлі толық қалпына келмегенімен, қазірдің өзінде прогресс байқалады.

2022 жылы әлем озон қабатын қалпына келтірудің маңызды кезеңіне жетті. Орта ендік стратосферасындағы озонды бұзатын заттардың жалпы концентрациясы 1980 жылы байқалған деңгейге дейін төмендеді. АҚШ-тың Ұлттық мұхиттану және атмосфералық басқармасы оны «баяу, бірақ тұрақты прогресс» деп атады.

Жағдайдың соңғы кезде нашарлауын Антарктидада жыл сайын пайда болатын озон қабатындағы тесікті мұқият бақылайтын ғалымдар хабарлады. Қазіргі уақытта полярлық континентте озон қабатының қатты бұзылуы аймағы жыл сайын тіреледі. Бұл ең алдымен өте төмен температурада және жоғары атмосфералық бұлттарда болатын химиялық реакцияларға байланысты. Бұл реакциялар озонды бұзады және озон қабатын ыдыратып жібереді.

Антарктиданың сүтқоректілері мен құстарында ультракүлгін сәулелерден қорғану мүмкіндігі жоқ. Фото yestravel.ru сайтынан алынды

Нәтижесінде озон қабатында стратосфералық реакциялар ең жоғары деңгейге жеткенде тесіктер пайда болып, кейін реакциялар азайғанда маусымдық олар бітеліп жатады. Стратосфералық реакциялар маусымдық ең жоғары деңгейі әдетте қыркүйек пен қазан айларына келеді. Бақытымызға орай, бұл кезде Антарктидадағы өсімдіктер мен жануарлардың көпшілігі қар жамылғысының астында қалып қауіпсіз болса, теңіз жануарлары қалың мұзбен қорғалып тұрады.

Дегенмен соңғы жылдары озон қабатындағы саңылаулар өсімдіктер мен жануарлар әлдеқайда қорғансыз болатын Антарктидалық жазға – желтоқсанға дейін сақталуда.

Жаздың басы көптеген жануарлардың көбею кезеңі болғандықтан, жойқын ультракүлгін сәулелер олардың өмірлік цикліне үлкен қауіп төндіреді.

Адамдар терінің қатерлі ісігі мен катаракта қаупін арттыратын Күннің ультракүлгін сәулелерінен қорғану үшін арнайы кремдер мен көзілдіріктер қолданады. Антарктиканың ультракүлгін сәулесін зерттеуді жүргізген ғалымдар полярлық континенттің сүтқоректілері мен құстарында бұндай мүмкіндік жоқ.

Жүн мен қауырсынмен жабылған тіршілік иесінің терісі қорғалғанымен, ғалымдар антарктикалық жануарлар үшін ең үлкен қауіп көздің зақымдануы деп санайды.

Copernicus Sentinel-5P спутнигінен алынған суреттерде Антарктидада ұлғайған озон тесігі көрсетілген. Фото Фото abcnews.go.com сайтынан алынды. Авторлығы: ESA / Copernicus Sentinel

Озон тесігінің пайда болуының қосымша себептері

Тіршілікке орасан зор қауіп төндіретін озонды жоғалтудың ұзақ кезеңінің себебі қарапайым: климаттың өзгеруі. 2019 және 2020 жылдар аралығындағы жаһандық жылынудан туындаған Австралиядағы алапат орман өрттері атмосфераға зиянды бөлшектерді шығарды, бұл озон қабатын бұзып, үлкен зиян келтіретін көптеген реакциялар тудырды.

Тағы бір өкінішті жағдай, атмосфераның жоғарғы қабатына сульфат бөлшектерін шығару арқылы «бұлттар жасау» арқылы климатты салқындату эксперименттері – геоинженерлік әдістер деп аталады. Бұл да озон қабатын бұзады, сондықтан ғалымдар оның «жаман идея» екенін айтады.

Климатты зерттеушілер Антарктидадан келетін дабыл сигналына назар аударуға шақырады. Қазіргі қауіп мұзды теңізбен қоршалған мұздатылған континентке төніп тұр. Мұзды теңіз де, мұзды континент те біздің жаһандық климатымызда маңызды салқындатқыш рөл атқарады. Сондықтан озон қабатын емдеуге немқұрайлы қарауға болмайды. Антарктидаға және өзімізге көмектесу үшін біз жасай алатын ең үлкен сыйлық – климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету және көміртегі шығарындыларын мүмкіндігінше тез азайту.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.