Париж олимпиадасына автокөлікпен барған атыраулық Ерік Шыныбеков жақында ғана ұзақ саяхаттан елге оралды.
Саяхат – өзіңді танудың мүмкіндігі
421
оқылды

Отбасымен бірге әлемнің 13 елін кесіп өтіп, қазақстандық спортшыларға Жазғы олимпиадада жанкүйер болған атыраулық жиһанкезбен сұхбаттасып, ұзақ сапары туралы сұрадық. 

– Парижге дейін көлікпен біраз елді кесіп өтіп, жол жүрдіңіз. Сапар қалай болды? Қай ел ерекше әсер қалдырды?

– Сенесіз бе, біз Парижге де­йін 13 елдің үстінен өткен екенбіз. Маршрутымыз қысқаша былай болды: Атырау – Ресей – Грузия – Түркия – Грекия – Италия – Швей­цария – Франция – Гер­мания – Аустрия – Словения – Хорватия – Черногория – Алба­ния – Грекия – Түркия – Грузия – Ресей – Атырау. Жалпы ұзын­дығы 14 000 шақырым бола­тын жолды біз автокөлікпен жүріп өттік. Бұл ерекше саяхатымызға толық 35 күн кетті. Жүріп өткен барлық ел ұнады. Табиғатымен ерекше көзге түскен Швейцария болды, ал Италия бай тарихымен таңғалдырды. 

Орта жолда, шамамен 8 000 шақырым жүрген соң Италияда мотордың майын, фильтрін ауыс­тырдық. Бір қызығы, мысалы, бізде май сатып алсаңыз, ауыстыру тегін ғой. Ал ол жақта тек майды ауыстырғаны үшін қызметіне қосымша 50 еуро төледік. Яғни, ка­питализмнің нағыз отаны сана­латын Еуропада, жұмысшының еңбекақысы сағатпен есептеледі. Сәйкесінше, көрсетілетін қызмет сапасы да өте жоғары. Бір ғана кө­ліктің майын ауыстырып бер­гені үшін Италиядағы көлік жөндеу сервистік орталығы толық А4 беттік қағазды толтырып, құжат рәсімдеп берді. Себебі ол жақта көлік апаттары қатты тер­геуден өтеді екен. Егер дөңгелектің тежегіші ұстамай қалса, ол теже­гіштің құралын қайдан сатып алғанын, кімнің және қайдан ауыстырғанын түгел тексереді. Сондықтан көлікке қызмет көр­сету орталықтарының жауапкер­шіліктері де жоғары болады. 

– Сапар барысында қандай қызықты сәттер, ерекше оқиғалар есіңізде қалды?

– «Әр елдің салты басқа, ит­тері қара қасқа» демекші, 13 елдің өз салты мен ұстанымдары бар. Бірақ ортақ адами құндылық­тарымыз бірдей. Жол ережелерінде ерекшеліктер аса көп емес. Біздің жол жүріп бара жатқанымызды көрген TikTok оқырмандары пікір қалдырып, жолай үйлеріне қонақ болып кетуімізді ұсынып жатты. Жан-жақта әйтеуір бір қазағым бар екен.

Одан бөлек, Еуропа халқының саяхатқа деген ұғымына таңғал­дық. Олар саяхатты мейлінше жақсы көреді және жиһанкездікті олардың өмір сүру образы десек те болады. Ол елдерде саяхат үшін барлық жағдай қарастырылған. Барлық ірі қала маңында кэм­пингтер бар. Бізде кэмпинг десе, қалаға кіре берістегі фура шопыр­лары жататын лас орындар елес­тейді ғой. Ол елдердегі кэмпинг біздің елдегі пикник алаңдары іспетті.

Біз Грекияда, Швейцарияда 50-60 жыл болған кэмпингтерде қондық. Өзіміз алып шыққан ша­тырымызды көлігіміздің жанына орнатып, тамағымызды пісіріп, балалар сол кэмпинг бассейн­деріне түсіп, демалып жаттық. Душ, әжетхана, ыдыс-аяқ жуатын жерлер, балалар ойнайтын алаң­дар, тамақ пісіретін асханалар бәрі бар. Тазалығы кейбір қонақүйден де керемет. 

Ол үшін аса бір көп ақша да керек емес. Кэмпингте бір қонып шығу 30-50 еуро арасында. Өз көзімізбен көрдік, автоүйін керіп, маркиз астында, кішкене үстел құрып, ыңғайлы креслода, екі егде жастағы жұп отырды. Біздікіндей үйіліп-төгіп жатқан тамақ та жоқ. Ыңғайлылық ол жақта бірінші орында. 

– Париж олимпиадасын көз­бен көргендегі әсеріңіз қалай болды?

– Алғашқы басты мақсатымыз, әрине, ол Париж олимпиадасы ойындарында еліміздің споршы­ларына жанкүйер болу еді. Олимпиаданың ашылу салтанаты кешінде жаңбыр жауып, үсті-басымыз малмандай су болды. Бірақ алыстан болса да тамаша­ладық. Әр жерге үлкен экрандар орнатып, тікелей эфирмен көруге де жағдай жасап қойған екен. Одан бөлек, бокс сайысын көріп, Назым Қызайбай қарындасымыз­дың жеңісін тамашалап, Геннадий Головкин бауырымызбен фотоға түсіп, мәз болдық. 

– Өзіңіз ғана емес, отбасыңыз, соның ішінде балаларыңызға ерекше әсер сыйладыңыз. Ең қым­­бат жандарыңыздың реак­циясы қалай болды?

– Өткенде бір қызық статис­тика көрдім. Біздер ата-аналар баламызбен 18 жазды ғана бірге өткізеді екенбіз. Небәрі 18-ақ жаз! Осындай ұзақ саяхаттарға да шықпайды екенбіз. 

Балаларымыз үшін бұл естен кетпес саяхат болды. Балалардың сыртқа шығып, ел көріп келгені олардың дамуына, ойлау қабілет­терінің артуына жақсы әсерін тигізеді деп сенемін. Қанша елден өттік, әртүрлі адамдарды көрдік, әртүрлі тілдер естідік. Атырауда отырып бұл әсерлерді, бұл естелік­терді қандай, қанша ақшаға сатып алуға болады? 

35 күн бойы бір көлік ішін­деміз, бір-бірімізді түсіну үшін, мінез-құлықтарын байқау үшін, жақсы тәлім-тәрбие беру үшін табылмас жабық орта болды. 

–  Автокөлікпен саяхаттау туралы идея қайдан пайда болды? Ал­ғаш автосаяхат жасаған жер­леріңіз қандай еді?

– Осыдан 4 жыл бұрын, біз Эльдар, Ерлан, Айдарбек атты жігіттермен бірігіп Atyrau Nomads саяхат клубын құрдық. Алғашқы автосаяхатымыз – 4 көлікпен 4 күн жүріп, Маңғыстау елін араладық. Ол кезде чатта 20 шақты адам болған. Қазір инстаграмдағы оқырмандар 4 000-нан асады, ал WhatsApp чаты 1 000 адамнан асатын қаламыздағы бірден бір саяхат клубы болып есептеледі. Тіпті, облыс әкімінен алған алғыс хатымыз да бар.

Автокөліктің бір жақсы жағы жол бойы көптеген елді мекенді көруге болады, адамдарды кездес­тіресіз. Көлікке түнде қонатын, айдалада тамақ пісіретін барлық құрал-жабдықты алуға болады. Ұшақтың бір ғана пайдасы – тез әрі алысқа бару. Жас ұлғайған сайын әрбір сәтті көріп, дәмін ұзағырақ татқың келеді екен... 

– Саяхат адамға не береді?

– Саяхат – өзіңізді, қасыңыз­дағы адамдарды тануыңызға мүм­кіндік береді, жолдағы мәселелерді шешіп, өзіңізге деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік туғызады. Басқаларға жол көрсету арқылы, ынталандырып, мотивация бере­ді. Ішкі және сыртқы туризмнің, авто-туризмнің дамуына әкеледі. Балалардың ішкі жан-дүниесін сілкіндіруге, бір қосалқы дем беруге, тезірек дамуына, өз алдына жауапкершілік ала алатын тұлға болуына жол ашады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА