Еліміздегі ең ірі мәдениет ошақтарының бірі – «Астана Опера» мемлекет­тік және балет театры. Алыптығы бойынша әлемдегі үшінші опера театры да – осы.
Әртістер елден неге кетеді, ауа райы ма жақпаған?!
758
оқылды

Елорданың алып әшекейі саналған ғимарат ішіндегі әртістердің ахуа­лы біз теңейтін «әшекейге» лайық емес сияқты. Жақында депутат Сер­гей Понамарев Мәжілісте опера әртістерінің мәселесін көтерген еді. Айтуынша, биылдың өзінде театрдан 100-ден астам әртіс пен маман кеткен. Оның басты себебі – жалақының мөлшері. Ұзақ уақыт бойы жалақының өсу­ін күткен ұжымның кей мүшелері «баяғы жартастың» сол қалпында бол­ғанынан құрамнан кетуді жөн көріпті.

Депутат көтерген мәселеден кейін «Астана Опера» мемлекет­тік және балет театрына хабарла­сып, аталмыш өнер ордасындағы күйіп тұрған мәселе расында жалақыға негізделген бе деген сауалымызды жолдадық. Опера­ның жетекші солисі, ҚР Еңбек сіңір­ген қайрат­кері Жанат Шы­бық­баев өнер жан-тәнімен бері­л­іп жұмыс істеуді талап еткендік­тен, әлеуметтік жағынан да қор­ғалуға тиіс екенін айтты. 

– Мәдениет саласындағы жала­қының төмендігі туралы депутат көтерген мәселе шын мән­­і­н­де маңызды. Өкінішке қа­рай, кадрлардың жақсырақ жағдай жасайтын шетелге кетуі сирек жайт емес. Мұндай мәселе операда да кездеседі. Әртістер өз дарынын елден тыс жерде көр­сетуге мүмкін­дік іздейді, бұл келе­шекте Қазақ­стан­ның мәдени әлеуетін әлсіретуі мүмкін. Өзіңіз дұрыс байқағандай, әртістердің жалақы мәселесі шы­ны­мен де белгілі бір сұрақтар туын­датады. Негізінен, «академия­лық» немесе «ұлттық» мәртебесіне ие қазақ­стан­дық театрлар қосым­ша қар­жылық төлемдер алады. Алайда мұндай мәртебені алу үшін он­даған жыл бойы жұмыс істеу қажет. Оның үстіне, театрдың жұ­мыс істеген мерзімі оның дең­гейін бағалауда әрдайым басты фактор бола бермейді. Ең маңыз­дысы – оның ел мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі. Бірақ «Астана Опера» меншік түріне байланысты жоғарыда аталған мәртебелердің ешқайсы­сына ие емес, себебі біздің театр ком­мер­циялық емес акционерлік қоғам, бұл осындай төлемдерді алуға мүмкіндік бермейді. Театр­дың 100% акциясы мемлекетке тиесілі, десе де театрымыз бюд­жет­тік ұйым­­дарға арналған жыл сайынғы жалақыны көтеруге бағытталған бастамалардан тыс қалады. Сон­дай-ақ мың құбылған нарық жағ­дайындағы инфля­циямен байла­ныс­ты индексация­дан да құр қалу­да. Нәтижесінде, 11 жылдық жұмыс кезеңінде жалақымыз тек бір рет, 2022 жылы 20%-ке көтер­ілді. Алайда депутат көтерген мә­се­ленің арқасында бәрін шешуге болады деп ойлаймын, – деді ол. 

Опера әртістерінің рөлі өнер­де де, қоғамда да қашанда биік бол­ған. Ж. Шыбықбаев бұл орын­ның бұдан кейін де төменде­мейтінін негізге ала отырып, жас маман­дардың келуінің маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Қазақ операсына жас ма­ман­дардың келуі маңызды болып қала бермек, осы кәсіпке тоқтап, опера­ны шын мәнінде жақсы көретіндер, өз миссиясын соны­мен байланыстыратындар бұл жанр­дың болашағына үміт сый­лайды. Опера өнерін дамытуда жас орындаушыларды дайындау маң­ыз­ды рөл атқарады, мұны «Ас­тана Опера» театрындағы талант­тардың қайнар көзі – Ха­лық­аралық опера академия­сының қызметі дәлелдеп келеді. Қазақ­стандық жас өнер­паз­дар да шетел­дерде өнер көр­сетіп, бедел­ді фес­ти­вальдар мен байқауларда елімізді танытып жүр, бірнеше рет жеңімпаз атанып, Отанына жо­ғары марапаттар да әкелуде. Осылайша, қазақстандық опера ұлттық мұраны әлемдік опера үрдістерімен ұштастыра отырып, халықаралық деңгейде танылып және дарындардың жаңа буынын тәрбиелеп, берік негізде дамып келеді. Еліміз ұлттық музы­ка мәден­­­­­иетін қарқынды дамы­ту­мен қатар, опера, балет, сим­фон­ия­лық музыка сияқты класси­­ка­лық өнер­ді дамытуда әлемнің көпте­ген еліне үлгі бола алады, себебі дүние­­­­­­жүзіндегі кез келген ел өнер­дің мұндай асқақ деңгейіне жете бермейді. Біз осы­ның бәрін сақтап қалуымыз керек, – дейді.

Операның жетекші солисінің айтуынша, бұл жерге саф өнерді шынайы сүйетіндер келеді, олар үшін өнер – шабыт пен рухани даму көзі. Солай бола тұра, түрлі себеппен ұйымнан кеткендер бар­шылық. Опера театрының баспа­сөз қызметі опера труппа­сынан ешкім кетпегенін, ал балет труппа­сынан бірқатар өнер иесі кеткенін айтты. Олар –  Данияр Жұматаев, Далер Запаров, Олжас Махамбет­али­ев, Димаш Қали, Даянхан Құмаров, Жаннар Нар­ын­беков, Әли Маратов және басқалар. Өнер майталман­дары­ның кетуіне не себеп болғанын білу үшін тікелей өздеріне хабар­ласып, біліп көрдік. 

«Осы өнерге келу үшін 8 жыл, білік­тілікті арттыру үшін тағы екі жыл оқу керек. Сонда сіз өнер адамы болу үшін соншама әрекет етесіз, бірақ еңбекақысы барлық қаржылық қажеттілігін толық қана­ғаттыра алмайды. Біздің жұмыс­ымыз сағат таңғы 9-да бас­талып, кешкі сағат 9-да бір-ақ аяқталады. Осыған сәйкес, беріл­етін қаражатқа күн көру мүм­кін емес. Менің ұжымнан кетуіме осындай ыңғайсыз жағ­дайлар се­беп болды. Бізде жалақы көтеру мәселесі бұрын­нан айтылып келе жатқан дүние. Рас, өнерде жаны сүйетіндер ғана жүреді, оған да келісемін. Бірақ өмір сүрудің өзіне қаражат керек емес пе?» – деді Даянхан Құмаров.

Ал балет труппасында ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Жаннар Нарынбеков те жалақының аздығынан ұжымнан кетуге мәжбүр болыпты. Ол Қа­зақ­стандағы балет өнері өз дең­гейінде бағаланбайтынына қын­жылатынын айтып, алдағы уа­қ­­ыт­­та шетелдегі балет ком­пан­ия­сына жұмысқа тұратын жос­парымен бөлісті. 

«Астана Опера» театрынан кет­кен Димаш Қали депутат көтер­ген мәселемен толық кел­ісе­тінін айт­ып, әртістерге жағдай­дың жасал­ма­ғанын жеткізді.

«Ұзақ уақыт бойы бізде жала­қы­ның өспегені рас. Егер біз Алматы театрымен салыстырсақ, еңбекақымыз әлдеқайда аз, бірақ істейтін жұмысымыз салыстыр­малы түрде көбірек. Жарайды, мен әлі жаспын. Бірақ отбасы құрған аға буындарымыз бар. Балалардың, қажеттілгігі бар, пәтер мәселесі деген­дей. Осы салада 10 жылдан ас­там, тіпті 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеген қаншама суретшінің өз үйі жоқ. Сондықтан  ер адам бол­ғандық­тан, болашағым туралы ойлай­мын. Мен өзім үшін жақсы баға­ла­натын және жақсы жалақы алатын жұмыс табуым керек деген шешім қабылдадым.Театр­да жүр­ген кезде гастрольдік са­пар­ға шығып, басқа елдерде өнері­міз жақсы бағаланатынын байқадық. Мұны көргеннен кейін, әрине, мен ол жаққа бар­ғым келді. Қазір мен шетелде өз мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Менің ойымша, бәрі ойдағыдай болады. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмаса, амал нешік, жұмыссыз қаламын. Өйткені мен бала кезім­нен тек балет оқып, осы өнерге машық­тандым. Еуропа елдерімен салыс­тырғанда бізде көп адам әлі күнге дейін балеттің не екенін түсін­бейді, оларды секіріп айнала­ды деп ойлайды. Әрине, сіз өз ісің­із­­дің маманы болсаңыз сіз не істеп жатқаныңызды түсініп, біл­гіңіз келеді және аудиторияның толы бол­ғанын қалайсыз ғой», – деп сөзін түйді Д. Қали. 

Қазақ опера театрының аты шығармашылық ұжымның әр кезде сахнаға қойған үздік, кезең­дік деп танылған спектакльдері­мен өлшенері анық. Оны біз даму тарихынан, шығармашылық бел­есінің даму динамикасынан көруі­мізге болады. Олар тікелей әртіс­тердің әрекетімен жүзеге асады. Бірақ бірнеше себеп ұйымнан кетуге түрткі болса да, бұл үдеріс әр­ жерде әрдайым болған. Шетелге жұмыс істеуге кеткендер тек опера әншілері  емес. Жанат Шыбықбаев шекара асқан осындай нағыз тал­ант­­­тар­дың есімін еске алып, тізіп айтты. 

– АҚШ-қа жұмысқа кеткен тама­ша композитор Алмас Ер­мек­ұлы Серкебаевты еске салай­ық, әйгілі «Азия дауысы» муз­ыкалық фестивалінің фанфар музыкасы­ның авторы Әділ Бесті­баевты бәріңіз білесіздер, ол да Канадада өмір сүріп, жұмыс істеуге кетті. Ал атақты балет­мейс­терлер – Жанат Байдаралин (АҚШ), Бақытжан Смағұлов (АҚШ, Жапонияда жұмыс істеді), балет солистері – Дас­тан Шыныбаев, Балқия Жам­бурчин­ова (Германия), Әлия Тынық­паева, Әлия Хасенова (Венгрия), Данияр Жұматаев (Франция), атағы жер жарған музыканттар – Марат Бисенғалиев (Ұлыбри­тания), Рафаэль Хисма­тулин (Испания), тамаша аспап­шы музыканттар – Теміржан Ер­жан­ов (АҚШ), скрипкашы Ержан Кулибаев (Испания), опера цехы бойынша менің әріптестерім – Нұр­лан Бекмұхам­бетов (Ресей), Қаиржан Жолды­баев, Бауыржан Әндержанов (Германия) және тағы басқалары елімізден кетіп қал­ды, – дейді операның жетекші солисі.

«Салмақты» өнер иелері қан­дай марапатқа болса да лайық дей­міз. Газетіміздің алдыңғы сан­дарында театр майталман­дарының да алатын жалақысы­ның мардым­сыз екені жазылып еді. Бұдан не түйеміз? Қазақ ру­ханиятының шо­ғыры саналған өнер ордалары болашағымыздың берік негізі бола алады. Ал опера, театр – ұжымдық өнер, тұтас ағза десек, оның бұ­зылу­ына жалақы әсер етпеуі керек деген ойдамыз. Сіз не дейсіз?

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ