Кітапхана – қоғамның рухани те­­­­­­­­мірқазығы. Еліміздің алпауыт мемлекеттермен терезесі теңе­­суде аталған саланың рөлі ай­тарлықтай маңызды күшке ие.
Ғазиза Құдайберген, Ұлттық академиялық кітапхана директоры: Мейірімге бөленген баладан қатыгездік шықпайды
976
оқылды

Себебі біз іздеген ғылым да, тарих та киелі ордадағы осы бір құнды қағаздардың бетінде таспаланған. Кітап оқу – қоғамдық, әлеуметтік, саяси процестерге әсер ететін басты фактор. Біз таяуда Ұлттық академиялық кітапхана ди­рек­торы Ғазиза Құдайберген­мен бүгінгі кітапхана саласының ахуалы, оның отбасы институты мен адамдар арасында медиасауаттың қалыптасуына әсері турасында әңгіме өрбіткен едік.

– Ғазиза Құдайбергенқызы, бүгінде өзіңізді кітапхана жанашыры ретінде жақсы білеміз. Ұлт руханияты үшін маңызы орасан қызметке келгеніңізге де көп уақыт бола қойған жоқ. Кезінде осынау өркениет ордасына алғаш табан тіреген жылдарыңызбен салыстырып қарасақ, қазір Ұлттық кітапханаға келушілер көп пе?

– Кітапхананың ең басты бағыты – кітап қоры мен оқырманға қызмет көрсету. 1992-1997 жылдары адамдар кітапханаға кіріп, кітап алып оқуы үшін кезекке тұратын. Белгілі бір уақыттарда кітапханаға арнайы бас сұғатындар азайса, ал қазір керісінше олардың саны артты. Қазір көбі кітапхананы кітап алып оқитын орын деп қана қабылдайды. Кітапхана – білім алу арқылы көкжиегіңді кеңейтетін, ғылыми жұмыс жазатын, тереңінен ізденіс жолына түсетін орын. Өйткені барлық қажетті дереккөз кітапхана қорында сақталған. Соңғы екі жылда Ұлттық академиялық кітапханаға келушілер саны 45 пайызға артты. 

– Кейінгі кездері еліміздегі білім ошақтарының кітапханашылары еңбектің лайықты деңгейде бағаланбайтынын айтып ашынады. Сұхбаттарыңыздың бірінде кітапханашылардың қоғамда, билік алдында, тіпті отбасында беделі жоқ екенін айтып қалдыңыз. Неліктен мерейлі мамандық иелері назардан тыс қалып жатады? 

– Кітапханашы – мұғалім, дәрігер, журналист маманы секілді жоғары оқу орындарында арнайы оқытылатын мамандық. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін негізгі квалификация – «кітапханашы-библиограф» деп беріледі. Кітапханашылар ақпаратты бір бағытта емес, жан-жақты бағытта білуге тиіс. Маманның салалық болсын, көркем туындылар болсын, тіпті мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалардан хабардар болып отырғаны маңызды. Сондай-ақ кітапханашы жұмыс барысында адамдармен коммуникация құрғаннан кейін психолог рөлін қоса атқарады. Кітапханаға әртүрлі деңгейдегі оқырман келетінін ескерсек, кітапханашы баламен бала, данамен дана болып сөйлеседі. Сондықтан осынау құрметті мамандық иелерінің орасан еңбегі өз деңгейіне лайық бағалануы қажет. Кітапханашының абыройы барлық мамандықпен қатар тұрғаны жөн. Онымен қоса, кітапханашыға төленетін айлық жалақы көлемі де еңбегіне сай белгіленуге тиіс. Мен бұл мәселені әрқашан көтеремін, осы күнге дейін де айтып келгенмін және айта беремін. Ал неліктен кітапханашылар назардан тыс қалып жатады деп сұрасаңыз, бұл қоғамға қояр сауал шығар...

– Жастардың мамандық таңдаудан қателеспей, өз жолын табуға ықпал ететін «Мамандық таңдау» жобасын қолға алдыңыздар. Расында,  қызығушылығына сай кәсіп таңдау – бала өміріндегі маңызды шешім. Білім саласындағы бүгінгінің өзекті тақырыбы да сол – баланы қабілеті жететін бағытта оқыту мәселесі...

– 2013 жылдан бері «Мамандық таңдау» жобасы бойынша жұмыс істеп келдім. Қоғамда көп жағдайда жастарымыз қабілетіне қарамай грант көбірек бөлінген саланы, баратын бағдары белгісіз мамандықты таңдайды. Түпкі мақсаты – дипломы бар маман атану. Біз жоба аясында бұл мәселені екі тараптан да қарастыруға тырыстық. Жобамызға әртүрлі салада жүрген маман иелерін спикер ретінде шақырдық. Кез келген маман иесі қоғамда, әлеуметте, кәсіпте дұрыс жолға бағыт алса, өмірде өзін таба алады. Меніңше, мұны жүзеге асыру үшін әр салада мониторинг жасалуға тиіс. Мен аталған мәселені жастармен кездескен уақытта жиі айтамын. Бүгінде Алматы қаласында түрлі бейінді колледждер студенттерді оқытып, маман ретінде даярлап шығарады. Солардың ішінде ауыр машина жасау зауыты, сән дизайны, ресторатор, туризм және қонақжай және т.б. салалар бар. Қазіргі кезеңде елімізде театрға арналған кафетерий эстетикасы қалыптаспаған. Оған мысал – Қуыршақ театрына балаңызбен барсаңыз, мұнда баланың жейтін тағамы табыла бермейді. Меніңше, балаларға арналған мәзір жолға қойылуға тиіс. Театрға келушілердің арасында денсаулығына байланысты диета ұстайтын көрермен болуы мүмкін. Тиісінше, оларға арналған арнайы мейрамхана немесе кафелер қажет. Расында, арнайы диетолог мамандармен ақылдаса отырып жұмысын жүргізіп отырған орындар жоқ. 

– Қазір әртүрлі бағдарламаның арқасында білім қуып, шетел асқан азаматтар көп. Өкініштісі, кейбірі өмірін мұхиттың ар жағында жалғастырып, елге кері қайтпай жатады. Бұл олқылығымызға кім кінәлі?

– Шетелде өмір сүру, білім іздеп мұхит асу – әркімнің өз шешімі деп ойлаймын. Бірақ қандай жағдай болса да түйгені мен үйренгенін елдің бір шетіне келіп жалғастырса, құба-құп болар еді. Осы күнге дейін өзім де қаншама рет шетелде болдым. Өзге мемлекетте жүріп өз елімді сағынып қайтамын. Қазір Қазақстанда жүріп бір-бірімізбен қалаға бөлініп жатамыз, алайда шетке шыққан уақытта мұндай бөліністің текке қажеті жоқ екеніне көзің жетеді. Шетел асқан кезде бөлек халық екеніміз және салыстырмалы түрде елімізде еркіндіктің бар екені байқалады. Жастардың сырттан білім іздеп, сонда ұзақ уақыт тұрақтап қалуының тағы бір себебі бар. Бүгінде түрлі мекемелердің жүйесінде ішінара дұрыс емес әрекеттер кездеседі. Меніңше, кейбір мамандар осындай жайсыздыққа шыдамайтын да шығар, бәлкім. Жүйенің бұзылуына адамның маман ретінде емес, адам ретіндегі қасиеттері әсер етеді деп ойлаймын. Мемлекеттік жүйені басқарып отырғандар, әртүрлі саланың тұтқасын ұстағандар кеңірек ойлана білуге тиіс. Өйткені бұл – мемлекеттің саясаты пен ұстанымы. Бұл – үлкен жауапкершілік жүгі. Қолыңда негізгі шешуші рөлге ие билік тұрған шақта, ісіңе барынша адал болғаның дұрыс. Егер көптеген орында дұрыс әрекеттер мен шешімдер жүзеге асса, тәжірибелі мамандар шетел аспай, өз елімізде тұрақтап қалар еді. Дәл қазіргі кезеңде тәжірибелі мамандарды өз елімізде алып қалу мәселесін қолға алу маңызды. Мықты мамандардың әлеуетін елде пайдалану үшін оларға барлық мүмкіндікті қарастыруымыз қажет. 

– Өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуда ғылымның маңызы айрықша. Ал ғылымды дамыту үшін кітапхана саласын алдыңғы орынға шығару – маңызды. Ғылымды идеология ретінде қолданып жүрміз бе?

– Мемлекеттің кез келген саласының дамуына ғылым міндетті түрде әсер етеді. Қазір барынша ғылыми ізденістерді, зерттеулерді, жаңалықтарды алдыңғы орынға шығару қажет. Ғылым өз-өзімен, ал салалар өз бетінше дамымауға тиіс. Ғылымды елдің дамуы үшін де, идеология ретінде де қолдану қажет. Алайда елімізде ғылымды идеология ретінде қолдану процесі толыққанды жүзеге асырылып отыр деп айта алмаймын. Сондай-ақ ғылыми жаңалықтар, ғылыми зерттеу нәтижелері үнемі оқырман қауымның назарынан тыс қалмайтындай деңгейде насихатталуға тиіс. Осы ретте қоғамға ақпаратты дер кезінде бөлісетін арнайы платформа болғаны жөн екенін атап өткім келеді.

– Қалай ойлайсыз, кейінгі кездері қоғамда кітап оқуды насихаттау үрдісі кең етек жайған жоқ па? Әубастан-ақ кітап оқу – күнделікті өмір салтымыздың бір бөлігіне айналуға тиіс емес пе еді?..

– Мен бұл мәселені ылғи айтамын. Құлшылық қылу, спортпен айналысу, ас ішу секілді кітап оқу да адамның күнделікті дағдысына айналуы тиіс әрекет еді. Спорт – адамның физикалық күйіне әсер етсе, кітап оқу – жан күйімізді реттейтін, білім алатын көз. Сондықтан адам кітапты өз бетінше оқуға тиіс. Бірақ осы тұста ескеретін жағдай, оқырман өздігінен қолына кітап алып оқуы үшін ең алдымен өз үйінен, ата-анасынан, айналасынан кітап көріп өсуге тиіс. Кітап оқу – отбасылық бұлжымас қағида болуы қажет. Отбасында қалыптасқан құндылық қоғамда пайдасын тигізбесе, керіс әсерін бермейді деп санаймын.

– Дәл қазіргі кезеңде атап өтуіміз тиіс маңызды жайт, біз өмір сүріп жатқан қоғамда, әсіресе мектеп жасындағы балалар арасында қатыгездік жайлаған сыңайлы. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, міндетті түрде бір жағымсыз хабарды еститін халге жеттік. Бейбіт заманда қатыгез балалардың өсіп келе жатқаны ел ертеңіне қаншалықты қауіпті? Мұндай деңгейге түсуімізге кім кінәлі? 

– Қазір қоғамда болып жатқан осындай жайсыз хабарларды естіген кезде қатыгез адамның ұлты қазақ па екен осы деп таңғалып қалатынымыз рас. Бұл мәселеде айналып келіп қайта айтарымыз, отбасылық институттың құлауы мен рухани аштықтың салдары. Тағы бір басты себеп – эгоның артуы. Кейде адамдар өзін, отбасын, тұратын жерін ғана ойлап, өсіріп отырған ұл-қыздарының келешекте қоғамды құрайтынын, олар бір ұлт пен мемлекеттің өкілі екенін ұмытып кететін сыңайлы. Жақында америкалық ғалым, психолог, психотерапевт, невропотологтың эмоционалды интеллект турасында ғылыми еңбегі кітап болып басылып шықты. Туынды қарапайым оқырманға түсінікті тілде жазылған. Қазір осы кітапты оқып жатырмын. Америкалық ғалымның бұл еңбегінде эмоциялық интеллектінің (EQ) коэффициенті жоғары болмаса, білімнің (IQ) аса пайдасы жоқ екені баяндалған. Балалар арасында қатыгездіктің жайлауына үйдегі ата-ананың дер кезінде балаға көңіл бөле алмауы ықпал етеді. Отбасында мейірім мен махаббатқа бөленген баладан дәл сондай қатыгездік шықпайды. Жас ата-аналардың балаға деген махабатты көзсіз соқыр болмауға тиіс. Қазір кінәліні іздеп отыратын заман емес, керісінше әрбір азамат қолынан келетін әрекетті жүзеге асырып, қателікпен күресетін кезең. 

– Әлемнің екінші ұстазы атанған ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тегіннен айтпаса керек.  Қазір сол тәрбиесіз берілген ілімнің шырқау шегіне жетуге таяп қалған жоқпыз ба деген қорқынышты ой туындайды...

– Тәрбие жан-жақтан берілуге тиіс. Кез келген қоғамда мектепке білім алуға барған бала тәрбиелі болып баруы қажет. Отбасында балаға жастайынан қоғамдық тәрбие мен әлеуметтік әдепті үйрету – парыз. Қоғамда қара басын алып жүру деген сөз қарапайым түрде айтылғанымен, бұл үлкен мәнге ие. Отбасындағы тәрбие – ұлттың интеллектісіне әсер етеді. Қоғамдық орындарда даурығып сөйлеу, телефонды дыбыссыз режимге қоймау, видеоны айқайлатып тыңдау, қоқысты жинамау сынды қарапайым қағидаларды білмеген адам қандай білімді игерсе де, «қысыр интеллектуализм» иесі болып қала береді. Бұл – адамның не қоғамға, не өзіне пайдасы жоқ деген сөз. Осының салдарынан отбасында кінәмшыл, масыл ұрпақ өсіп шығады. Ал мұндай ұрпақтың терең тамыр жаюы, әрине, қорқынышты. 

– Әлемдік кеңістікте медианың кең қанат жаюы – адамзат үшін сансыз мүмкіндіктерге жол ашты. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, оның пайдасымен қоса зиянды да жоқ емес. Олай дейтін себебіміз, қазіргі кезеңде әлеуметтік желілерде желдей ескен ақпарат та, оған сенушілер де азаймай тұр. Жаһандану заманында жалған ақпараттың құрбанына айналу кәсіби, рухани сауатсыздықтың көрінісі емес пе?

– Әлеуметтік желінің өзіндік тәртібі бар. Біз жоғарыда тәрбие, білім, маман туралы айттық. Адамда сана, болмыс, көзқарас, қалып, тек деген дүниелер болады. Олар адам бойынан дұрыс бағытта орын алса, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттың таралуына жол бермес еді. Бірақ расында қоғамда белгілі бір орын алатын тұлғалардың өзі көз жеткізбеген жалған ақпаратты көпке таратуы – кәсіби, рухани сауатсыздық дер едім. Өмірлік көзқарасы мен азаматтық ұстанымы қалыптасқан адам, бала тәрбиелеп отырған ата-ана өмірге әкелген ұрпағы үшін жауапты. Отбасылық институтта баланы бірінші жолға қоятын біздің халық үшін ең бірінші кезекте өзінің ұрпағы өсетін қоғамды ойлауға тиіс. Қандай да бір ақпаратты таратар алдында, ең алдымен ой елегінен өткізіп алғаны дұрыс. 

– «Қоғамда жастар кітап оқымайды» деп дөп басып айтуға болмайды. Жыл өткен сайын еліміздің әр түкпірінде өтетін рухани іс-шараларға, кітап фестиваліне  жастардың жиі келуі, кітап оқуды трендке айналдыруы көз қуантады...

– Иә, қазір жастар кітапты көбірек оқиды. Расында, кітап оқу трендке айналды. Бұл – біз үшін қуанарлық жағдай. Кітапханамыздың қызметін пайдаланатын оқырманның дені – жастар. Бүгінде олар білімнің ешқашан құтаймайтынын білді. Жастар білімді адамның тәуелсіз, еркін екеніне көз жеткізген сайын кітап оқуға, білімге, сауатты болуға мән беріп келеді. Бүкіл халық болып жаппай кітапқа үңіліп кетпесек те, қоғамда қуантарлық көрсеткіштер баршылық. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

 Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ