Жәбірленушінің пайдасына ЖШС-нан 895 520 теңге көлемінде еңбекақы өндірілді.
Ақмола облысында әйелді 4 сағатқа сұранып кеткені үшін жұмыстан шығарып жіберген
Ашық дереккөз
414
оқылды

Ақмола облыстық сотының Азаматтық істер алқасы көпбалалы ананың ЖШС басшылығының жұмыстан босату туралы бұйрығын жарамсыз деп тану туралы талап-арызы бойынша азаматтық ісін қарады, – деп жазады Aikyn.kz.

Соттың мәліметінше, көпбалалы әйел 2023 жылдың қыркүйегінен бастап дүкенде кассир болып жұмыс істеген. 2024 жылдың 4 наурызында ол директордан сұранып, төрт сағат жұмыс орнында болмаған, оның орнына әріптесі жұмыс істей тұрған.

"Бірақ дүкен директоры жұмыста болмағаны туралы акт жасап, түсініктеме жаздырып, жұмыстан шығару туралы шешім шығарған. Сот жұмыстан босатылуын заңсыз деп тапты. Жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаға негіз жоқ. Куәгерлер мен дүкен қызметкерлері дүкен директорынан демалыс сұрағанын растады. Тәртіптік жаза қолдану тәртібі бұзылған, бұйрықта жұмыстан босатудың негізі көрсетілмеген", – делінген сот хабарламасында. 

Сот көпбалалы әйелдің талап-арызын қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық жарамсыз деп танылды. Әйел бұрынғы қызметіне қайта оралды.

"Жәбірленушінің пайдасына ЖШС-нан 895 520 теңге көлемінде еңбекақы өндірілді. Сот алқасының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жұмысын қалпына келтіру және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалуы қажет", – делінген хабарламада.