Тергеу барысында құрылыс нысанында қауіпсіздік қызметі мен еңбек қауіпсіздік қызметі де құрылмаған болып шықты.
Ақмола облысында 4 жасар бала салынып бітпеген балабақша ғимаратында қаза тапты
816
оқылды

Ақмола облысында құрылысы аяқталмаған балабақша ғимаратынан құлап, қаза болған бүлдіршіннің өлімі бойынша мердігер еңбек қауіпсіздігін бұзғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Іс материалдары бойынша 2018 жылы Төңкеріс ауылында мердігер компания балабақша құрылысын бастаған. Бірақ 2021 жылы қаражаттың болмауына байланысты құрылыс жұмыстары күрт тоқтап қалған. 

Өткен жылы жаздыгүні құрылыс нысанының аумағына еш кедергісіз 4 жастағы бала кіріп кеткен. Ойнап жүрген бала ішінде суы бар құдыққа құлап кетіп, сол жерде қаза болған. 

Шортанды аудандық сотында елді мекенде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасын бақылауға алмаған серіктестік директоры екені анықталған. Тергеу барысында құрылыс нысанында қауіпсіздік қызметі мен еңбек қауіпсіздік қызметі де құрылмаған болып шықты. Яғни, құрылыс алаңында күзетшілер болмаған, қауіпсіз аймақтарға қауіпсіздік белгілері қойылмаған. Құдықтар мен басқа да сыйымдылықтардың қақпағы жабылмаған. 

«Сотталушы құрылыс саласында қызметпен айналысу құқығынан айырылып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан шектелді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деді облыстық соттан. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы