Қызығы мен шыжығы қоса жүрген биылғы футзал ойындарында біздің құрама өз сапарын аяқтады. Өзбекстанда өтіп жатқан додада жартылай финалға жолдаманы Қазақстан мен Аргентина құрамалары сарапқа салған еді. Тартысты ойында аргентиналық жігіттер басым түсіп, келесі кезеңге аяқ басты.
Футзал: бір үміт, бір өкініш
567
оқылды

Футзал тарихында Аргентина – Қазақстан өз алдына 3 рет бә­секеге түсіпті. Бір жеңіс арген­тиналықтардың еншісінде болса, бірі біздің жігіттерге тиесілі. Үшін­ші ойында екі жақ тең тар­қасқан. Жарысқа сақадай сай келген Оңтүстік Америка жігіттері бірінші минуттан бастап допты өз иеліктерінде ұстады. Кака шә­кірттері Португалиямен кездесу­ден кейін ойын стилін өзгертіп, көбірек қорғанысқа бекінген. Өзбекстанның «Хумо арена» атты стадионы 12 мың адамға лық толды. Көршілес өзбек ағайын­дардың біздің құрамаға барынша қолдау көрсетіп жатқаны қатты қуантты. Иә, әр бұрыштан көк байрағымыз көтеріліп, «Алға Қазақстан!» деп ұрандап жатқан жанкүйердің дауысын естігенде рухың тасып кетеді екен. 

Екі құрама да ойынға тастүйін дайындықпен келіпті. Белгіленген уақыт 20 минутты көрсеткенімен, бірінші тайм 40 минутқа созылды. Қазақстан құрамасы допты алған сәттен бастап контршабуылға кірісті. Бас бапкердің жігіттерге айтқан тапсырмасының арқа­сында бірнеше қауіпті соққыны жасадық. Бірінші таймның өзінде біздің құрама қақпаға дәл соққы көрсеткішімен қарсыластан ба­сым түсті. Таймның орта тұсында Арнольд Кнауб допқа таласу үстінде қарсыласты «шынтақпен бір ұрдың» деп төрешінің сары қағазын алды. Одан кейін 1 минут көлемінде Дәурен Тұрсағұлов та сары қағаздың құрбаны болды. Биылғы футзал ойындарының бір ерекшелігі – Var жүйесінің өте сәтті қолдануы болып отыр. Бұл төрешілердің жұмысын біраз жеңілдетіп, күдік пен күмәнді сейілтіп жатқаны сөзсіз. Бірінші таймның соңғы секундтарында Дугластың ғаламат соққысын қақ­паның бағаны құтқарып қалды. Осылайша, екі құрама бірінші таймды 0:0 есебімен аяқтады.

Екінші тайм біз көздегендей болмады. Аргентиналықтардың бас бапкері Матиас Лукуикстің ойыны күрт өзгерді. Оның шә­кірттері ойнау стилін бос кеңіс­тікке төсеп, еркін ойнауға көшті. Біздің жігіттер де қапы қалар емес. Әр соққыға тосқауыл қойып, қар­сыластың осал тұсын табуды көз­деп бақты. Кескілескен шайқаста бір құраманың гол соғуы айқын дүние еді. Не біз соғамыз, не Ар­ген­тина соғады. Таймның 22-ми­нутында Роса атты ойыншы ортадан алдап өтіп, қақпамыздың оң жақ бұрышына көп күткен голын соқты. Алда 18 минут бар. Кака шәкірттеріне есепті теңес­тіруге де, оны еселеуге де уақыт жеткілікті. Алайда 27-минутта біз күтпеген жағдай болды. Шыңғыс Есенамановты қарсылас қыспаққа алып, Игитаға пас берген сәтте доп қақпа бағанына тиіп, Клау­диноның дәл аяғына түсті. Есеп 2:0. Ешкімді кінәлауға хақы­мыз жоқ. Жігіттеріміз ойынды ары қарай ширата түсті. Испания қақпасын торуылдап кеткеннен кейін қақпашысы да саса бастады. Бірақ шабуылдаймыз деп қор­ғанысты да бақылап отыру керек. Сондай бір шабуылдардың кезінде аргентиналықтар қарсы шабуылға шығып тепкен добы Арнольдтің қолына тиеді. Төрешілер алға­шында фолды көрмей, ойынды жалғастырған еді. Кейіннен пе­нальти белгіледі. Мүмкіндік мүлт кетпеді. Осылайша, таблодағы есеп 3:0-ге өзгерді. Кака енді басқа әдіске көшті. Қақпашыны алып тастап, оның орнына бесінші ойыншыны қосты. Қарсыласты толықтай қысымға алып, мойын бұруға мұрша бермедік. Осындай сәттерде өте абай болу керек. Өйткені доп қарсыластың аяғына түссе, бірден қақпаға көздейтін әдеті бар. Ол бірден голға ұласуы мүмкін. Айтқанымыз сол еді, сәтсіз пастың кесірінен алаңның ортасынан тебілген доп дәл қақ­паға кірді. Кака ашуға булық­ты. Алаңға бесінші ойыншы рө­лінде Игита шықты. Ойын біздің ен­шімізде болғанмен, есеп әлі өз­гермей тұр. Кенет Тұрсағұлов өзіне келген пасты бірден соққыға ұластырып, Николас Сармен­тоның қақпасына гол соқты. Лық толы стадион бір сілкініп, жаңа бір үміт сыйлағандай болды. Қуанышымыз көпке созылмады. Қатарынан 2 гол өткізіп, жігіт­теріміздің салы суға түсті. Келесі кезеңге жолдаманы Аргентина алды. 

Матч аяқталғаннан кейін құ­рама­мыздың бас бапкері Рикардо Кака жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты. «Бүгін өз дең­гейімізден әлдеқайда төмен ой­надық. Ал Аргентина өте сауатты әрі жақсы өнер көрсетті. Барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Бұл – құрама тарихын­дағы ең нашар ойындардың бірі. Команданың көшбасшысы ре­тінде мұны мойындаймын. Жан­күйерлеріміздің бүгінгі қолдауына лайық болмадық. Ары қарай жұмыс істеуді жалғастырамыз. Мұнымен өмір тоқтап қалмайды», – деді бас бапкер.

Қазақстан футзал ассоциация­сының вице-президенті Нұрсұл­тан Құрман өз Instagram парақ­шасында: 

«Ұят емес. Иә, бұл ойыннан қазақ жанкүйері біраз дүние күтті. Бұл кейбір ойыншылардың ар­ман­даған ойындағы меже қойған әлем чемпионаты болды. Ең ал­дымен 6:1-ге тоқталайық. Бұл – футзал. Футзалда 6:1-ді «ойсырай жеңілді» деп айта алмайсың, өйткені сен 2 доп айырмасымен жеңіліп жатсаң, бесінші ойын­шыны қосуыңа тура келеді. Ал ол жерде ешкім сақтандырылмаған, бірнеше гол жіберуің мүмкін. Сондықтан жігіттер барын салды. Бірінші таймды керемет ойнап берді, екінші таймда психология шешіп кетті. Тағы айта кетсем, біздің жолымыз Аргентинаға қарағанда ауырлау болды. Испа­ниямен бір шаршадық, одан кейін Португалиямен бүкіл эмоция­мызды беріп тастадық. Ал Арген­тинаның тобы да, жолы да кіші­гірім жеңілдеу болды.

Кака мырзаға алғысымыз шек­сіз. Ойыншыларға алғыстан басқа ештеңе айтпаймыз. Кере­меттей жорық болды. Жорық осы­мен тоқтады. Бірақ алда әлі Еу­ропа біріншілігі бар. Біздің жас­тар өсіп келе жатыр, тәжірибе алып жатыр десек те болады. 

Тағы бір айтатын дүние: құр­метті ата-аналар, өздеріңіз көр­гендей, бізде қолжетімді спорт түрі – футзал. Балаларыңызды фут­залға беріңіздер. Барынша қолдау білдіріңіздер. Бізде бұл спорттың бұқаралық сипаты бар. Енді осыны кәсіби деңгейде арттыру керек. Ол сіз бен біздің, ата-ана мен баланың арқасы деп ойлаймыз. Ары қарай дайын материал болған кезде Какаға да оңай болары сөзсіз», – деп жазды.

Бұл додада өте әсерлі ойын­дарға куә болдық. Әр ойыншы алаңға шыққаннан бастап маңдай терін төкті. Мұнымен берілмейміз, мойымаймыз. Ұлттық құраманың жейдесінде 100-матчын өткізген Игита да алдағы Еуропа бірінші­лігінде ұлттық құрама сапында ойнайтынын хабарлады. Жігіт­терімізден жаңа серпіліс күтеміз.

Әсет ҚАЛИ